Алматы облысының еркін және әйелдер күресінен чемпионаты басталды. Боз кілемде Алматы облысының аудандарынан, сондай-ақ Алатау және Қонаев қалаларынан келген 15 пен 20 жас аралығындағы 600-ден аса спортшы бақ сынасады.
«Алматы облысының еркін және әйелдер күресінен чемпионатының ашылуымен барлық қатысушылар мен қонақтарды құттықтаймын. Бүгінгі күннің шынайы қаһармандары – біздің спортшыларымыз бен оларды қиын күреске дайындаған бапкерлер. Облыстық деңгейдегі жарыстар жастардың жарыс тәжірибесін жинақтауына көмектеседі, спорттық мансабын дамыту жолында үлкен пайдасын тигізеді. Бұл чемпионатта ертеңгі күннің ең дарынды балуандары анықталатынына сенімдімін, олар Қазақстанның еркін және әйелдер күресінің дамуына үлес қосады. Барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін. Біздің туымыз әлемдік аренада биікке желбірей берсін», – дейді Алматы облысы дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Рахман Шахарбек.
U15 санатындағы жасөспірімдер арасындағы күрес 16 салмақ дәрежесінде өтіп жатыр (8 салмақ дәрежесінде ұлдар, 8 салмақ дәрежесінде қыздар). U17 санатында ұлдар мен қыздар 9 салмақ дәрежесінде бақ сынайды. U20 санатында ұлдар да, қыздар да 10 салмақ дәрежесінде күреседі. Ұлдар еркін күресте, ал қыздар әйелдер күресінде күш сынасуда. Барлығы 64 медаль жиынтығы сарапқа салынады.
«Жарыстың мақсаты – Алматы облысында еркін және әйелдер күресін дамыту мен насихаттау, 15 пен 20 жас аралығындағы ұлдар мен қыздар арасындағы әр салмақта ең мықты балуандарды анықтау. Еркін және әйелдер күресі – бұл қарсыласынан басым болу үшін шеберлік пен стратегияны тиімді қолданатын спорт түрі. Қатысушылар санының көптігі – спорт түрінің біздің облысымызда қарқынды дамып келе жатқанының көрінісі», – деп атап өтті жарыстың бас төрешісі Қуаныш Ботабаев.
Әр спортшының өзіндік мінезі, күрес тәсілі бар. Бұл жарыста жеңімпаз атағы ғана емес, болашақта өз қабілеттерін іске асыру мүмкіндігі де сыналады. 20 жасқа дейінгі қыздар арасында 55 кг салмақ дәрежесінде жүлдеге үміткерлердің бірі – Аружан Қалдарбек. Қарасай аудандық спорт мектебінің тәрбиеленушісі. Өткен жылы әйелдер күресінен Қазақстан Республикасының ресми біріншілігінде күміс жүлдегер атанған. Бүгінде ол өз шеберлігі мен күрес тактикасын жетілдіруді, ірі жарыстарда Қазақстанның туын биікке көтеруді армандайды.
«Мен күреске бес жыл бұрын келдім. Бұл спорт түрі маған қатты ұнады. Жақсы нәтижелерге жету үшін еңбектендім. Алдымен облыс чемпионы болдым. Ал өткен жылы Қазақстанның жүлдегері болу бұйырды. Бұл чемпионатта біздің мақсатымыз – тәжірибе жинап, басқа аудандардың балуандарымен танысу. Әрине, болашақта Олимпиада ойындарына қатысқым келеді. Соған ұмтылудамын», – дейді әйелдер күресінен Қазақстан Республикасының спорт шебері Аружан Қалдарбек.
Қатысушыларды әлі үш жарыс күні күтіп тұр. Облыстық деңгейдегі іріктеуден сәтті өткен спортшылар Алматы облысының құрамасы сапында еркін және әйелдер күресінен Қазақстанның ресми чемпионаттарында өз өңірінің намысын қорғайтын болады. Ал, республикалық чемпионат келесі жылдың ақпан және наурыз айларында ұйымдастырылады.