Халық қалаулылары жыл сайынғы дәстүр бойынша ел аралап, ауылдағы ағайынмен кездесіп, қордаланып қалған мәселелер турасында ой-пікірлерін біліп, құрылыс нысандарының жай-күйімен танысып, түйінді проблемалардың түйінін тарқату үшін еліміздің түкпір-түкпірінде іссапармен жүр. Ұйғыр ауданына да Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Максим Рожин, Жанарбек Әшімжанов және Ардақ Назаровтар арнайы келді. Бұл жолы аудан аумағындағы бірқатар өзекті мәселелерді көзбен көріп, құрылыс нысандарын аралады. Аудандағы атқарылып жатқан жұмыс барысымен Ұйғыр ауданының әкімі Бота Елеусізова таныстырды.
Ең әуелі халық қалаулылары Ұйғыр ауданы Шарын ауылындағы М.Хамраев атындағы орта мектепке бас сұқты. 1989 жылы іргетасы қаланып, 1991 жылы қолданысқа берілген М.Хамраев атындағы орта мектебінің бірнеше жылдан бері бір жақ блогының іргетасы омырылып, апатты жағдайда тұрған. 2019 жылдан бері арнайы техникалық қорытынды нәтижесінде В корпусы жабылған болатын. Міне, сол мектепке өткен жылы қаржы бөлініп, жөндеу жұмыстары қолға алынған.
Мәжіліс депутаттары мектептің жөндеу жұмысы барысымен танысып, олардың орындалу сапасына мониторинг жүргізді. Қазіргі уақытта жөндеу жұмыстары қарқынды жүріп жатқанын көрді. Күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп отырған «Turan Tabys – 2008» ЖШС басшыларымен де кездесіп, құрылыс барысында қандай да бір кедергілердің жоқтығына көз жеткізді. Мердігердің сапалы әрі жұмысты уақытында тапсыруына жауапты екенін, сондықтан мемлекеттің қаражатына мұқият қарауды ескертті. Білім бөлімінің басшысы Мөлдір Құрманалиева мәжіліс депутаттарына мектептің жай-күйін көрсетіп, ұсыныстарын жеткізіп, жұмыстың мерзіміне дейін толық аяқталуын бақылауда ұстайтындарын айтты.
Дәл осы Шарын ауылында тұрғындардың көптен бергі өзекті мәселесі мәдениет үйінің тозығы жетуі еді. Ауыл азаматтарының өтініштері ескеріліп, өткен жылы Шарындағы мәдениет үйінің күрделі жөндеу жұмыстарына қазынадан қаражат қарастырылған болатын. Бүгінде жұмыстар қарқынды жүруде. 70 пайыз жұмыс атқарылған. Бірақ сапа мен мердігерлердің жауапкершілігі тағы да басты орында екенін ұмытпай, құрылыс нысанына бас сұққан халық қалаулылары мердігер компания мамандарымен сөйлесіп, жұмысшылармен де тілдесті. Жауапты бөлім басшыларының ой-пікірлерін тыңдады. Жұмыстың үнемі назарда болатынына көз жеткізді.
Ұйғыр ауданының орталығы Шонжы ауылы жылдан жылға ұлғаю үстінде. Бұл қуанарлық жайт. Десе де кезінде ауыл сыртында болған ауданды жарықпен қамтып отырған Алатау Жарық компаниясының құрылымдық бөлімшесі саналатын Ұйғыр аудандық электр торабының ғимараты қазір ауылдың ортасында қалып барады. Сондықтан аудан тұрғындарының көптеп бері қаузап жүрген мәселесінің бірі 40 МВА екі күштік трансформаторы бар жаңа КС-110/35/10кВ салу еді. Бұл да табандаған орнынан қозғалғандай болды. Осы мәселенің мән-жайымен танысқан мәжіліс депутаттары қазіргі электр торабының ғимаратында болып, жұмыс барысымен танысты. Мұнан соң Шонжы ауылынан 5 шақырым қашықтыққа орналасатын жаңа құрылыс алаңында болды. Мәжіліс депутаттары алдағы уақытта жаңа құрылыс алаңының жоспарланған жұмысын тексеріп, оның құрылыс материалдары мен техникалық көрсеткіштеріне назар аудару керектігін де айтты. Бұл мәселеде өздері де сырт қалмай, бақылауда ұстайтындарын жеткізді.
Ауданға келіп, бірнеше әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысқан мәжілісмендер мемлекеттің халықтың игілігі үшін бөлген әр қаражатына жауапкершілікпен қарап, жұмыстардың толық, сапалы деңгейде орындалуы басты мақсат екенін айта келе, оған аудан басшысынан бастап, әр азамат жауапты екендігін де сөз етті. Ал өздері тарапынан қандай да қиындықтар болса, қолдау көрсетіндеріне сендірді.
Анар Дүйсенбайқызы,
Ұйғыр ауданы