Тарихтың тереңінен бастау алып, бүгінде ғасыр толған ауылдар бар. Солардың бірі – Еңбекшіқазақ ауданындағы Ават ауылы. Аталған елдімекеннің 100 жылдығы облыстағы «Ауылым – алтын бесігім!» атты Мәдениет күндерімен тұспа-тұс келіп, аудан халқы мен қонақтары қос мерекенің куәсі болды.
Күздің жаймашуақ жанға жайлы күні жергілікті жұрттың қонақжайлығынан хабар беріп тұрғандай. Ауылдың мерейтойын өткізуге атқамінерлерден бастап, ауданның мәдениет қызметкерлері, қолөнершілері, шаруалар мен кәсіпкерлері, басқа да сала қызметкерлері түгел атсалысып, өз үлестерін қосқан. Халықтың ұйымшылдығы Ават ауылының орталығын үлкен сахнаға айналдырыпты.
Көптеген этнос өкілі мекендеген аудандағы «Картал», «Улыбка», «Ирада» халықтық би ансамбльдерінің «Ұлттар достығы» атты қойылымы той шымылдығын ашты. Жиналған көпшілікті айтулы күнмен құттықтаған облыстық мәслихат төрағасы Қуат Байғожаев: «Ауыл халқының еңбекқорлығы мен бірлігінің арқасында еліміз өсіп-өркендейді. Еңбекке құрмет әрдайым жоғары бола бермек», – дей келе, облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің Ават ауылының халқына деген ізгі тілегін жеткізіп, арнайы құттықтауын округ әкімі Момынжан Исламовқа табыстады.
«Ауылым – алтын бесігім!» атты қала, аудандардағы Мәдениет күнімен қатар келген ауылдың ғасыр тойымен құттықтаған облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Данияр Әлиев: «Ел мәдениетін, өнерін, салт-дәстүрі мен қолөнерін паш етіп, ауданның әр салада жеткен жетістіктерін көптің назарына ұсынып отырған бүгінгі мереке халық жадында ұзақ сақталатыны анық. Алтын адамның елінде жүрегі де, қолы да алтын азаматтар тұратынын игі істеріңізбен көрсетіп келесіздер», – деп халыққа ақжарма тілегін арнады.
Мәдениет үйінің маңына аудандағы шаруа қожалықтары өз өнімдерін көрмеге қойып, ауыл шаруашылығындағы жаңалықтарын паш етсе, кәсіпкерлер де кәсібінің қыр-сырымен бөлісіп, халық назарын аударды. Аудан экономикасының оң көрсеткіштерімен қатар, спорттағы жетістіктер де тыс қалмады. Аудан спортшылары өнерін көрсетті. Спорттық ойындарда қарапайым халық та бағын байқап көрді. Бірі садақ атып, мергендігін, енді бірі күресте күшін сынады.
Ғасыр қойнауынан жеткен салт-дәстүр, мәдениет те дәріптелді. «Алтын адам» әжелер ансамблі ән шырқаса, халықтық ұлт-аспаптар оркестрі қазақтың күйін әуелетті. Бар жасауымен үлкен киіз үй тігіліп, қонақтар қазақ ұлтының мол мәдениетімен сусындады. Ұста-шеберлердің қолөнер бұйымдары да көптің көзін жаулады. Зер қадірін білген зергерлердің әшекейлері, ұсталардың қолынан шыққан, ою-өрнегі үйлескен ұлттық бұйымдар, ат әбзелдері, музыкалық аспаптар мен ағаш пен теріден жасалған ыдыс-аяқтарға да қызығушылық жоғары екені байқалды. Аудандағы этно-мәдени бірлестіктер де шатыр тігіп, көрмеге өз мәдениетін таныстырар асылдарын қойды. Әнін айтып, биін билеп, ұлттық астарынан халыққа дәм татқызды. Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай театрландырылған қойылым да көпшілік назарына ұсынылды. Мерекеде арқа-жарқа болған халық бір-біріне ізгі тілектерін айтып, ақсақалдар жастарға ақ батасын берді.
Аудан әкімі Талғат Байеділов халықты мерекемен құттықтай отырып, ауыл тарихына тоқталып өтті. Бірлігі жарасқан Ават ауылы тарихтың жүз жылын артқа тастап, бүгінде мамыражай тіршілік кешіп отыр. Ауыл халқы негізінен бау-бақша, ауыл шаруашылығымен айналысады. Құлжа тас жолының бойында орналасуы да тұрғындардың жол бойында саудамен айналысуына, арлы-берлі ағылған жолаушыларға тамақтану орындарын ашып, кәсібін дөңгелетуге мол мүмкіндік беріп отыр.
«Ауылымызда жеті мыңға жуық халық тұрады. Тұрғындардың уайымсыз тіршілік етуіне барлық жағдай жасалған. Елдімекеннің ғасыр тойы осындай жаймашуақ кезеңмен қатар келгеніне қуанамын», – дейді Ават ауылдық округінің әкімі Момынжан Исламов.
«Ауыл – елдің жүрегі, елдің тірегі» демекші, жаймашуақ күндер көбейіп, көркейген ауылдар саны арта берсін. Жүз жылдық тарихта Аваттан түлеп ұшқан талай азамат еліміздің дамуына әр салада қажырлы еңбек етіп, өз үлесін қосқаны рас. Бұл үрдіс алдағы уақытта да өз жалғасын таба бермек.
Құралай Мұратқызы
Еңбекшіқазақ ауданы




