Декларация туралы сөз қозғағанда, бұрынғы саяси жағдайды әсте еске түсірмей кете алмаймыз. Біз ол кезде Кеңес одағының құрамында болдық. Қайта құру басталды. Тәуелсіз ел болу бұрыннан арманымыз еді, соны ашық айта бастадық. Одақтан шығудың заңды жолдарын қарастырдық. Соның бір шешімі Егемендік туралы декларация қабылдау болатын. Бұл – біздің тәуелсіздікке бастаған алғашқы қадамымыз. Ол кезде мен Орталық партия комитетінің үгіт-идеология бөлімінің басшысы қызметін атқардым. Жоғары кеңес құрамында 360 депутат болды. Олардың барлығы коммунистік партияның мүшелері, әр өңірдің өкілдері еді. Депутаттардың біразы кәсіпорындардың басшылары болғандықтан одақтың құлауына мүдделі емес-тұғын. Өйткені, олар басқаратын кәсіпорындар Мәскеуге қарайтын.
Егемен ел атану үшін бізде басқару институттары, өзіміздің Конституциямыз болуы керек. Осы орайда 1990 жылы сәуір айында Президент институты құрылды. Егемендік туралы декларация дайындау үшін құрамында саясаткерлер, заңгерлер, ғалымдар, мәдениет қайраткерлері бар арнайы комиссия жұмыс істеді. Құжат бірнеше ай бойы дайындалды. Комиссияны сол кездегі беделді ғалым, академик Салық Зиманов ағамыз басқарды. 1990 жылы 25 қазанда 8 сағатқа созылған талқылаудан соң декларация қабылданды. Сол депутаттардың ішінде ұлттық құрамы жағынан қазақтар саны аз, 40 пайызға жетер-жетпес қана болды. Басқа ұлт өкілдері егемендікті қолдай қойған жоқ. Соның бәрі ескеріліп, үлкен дайындық жасалды. Олай етпей, дауысқа салып жіберген жағдайда декларацияның қабылданбай қалу қаупі зор болды. Комиссияның төрағасы Салық Зиманов өте біліктілікпен, білімділікпен депутаттардың сұрақтарына жауап беріп, маңызды құжатты қорғап шықты. Декларация 17 баптан тұрды. Соның әрқайсысын түсіндіру, қорғау, әрине, оңай болған жоқ. Онда біздің дербес ел болудағы арман-мақсатымыз, ұстанымымыз, Конституциядан бастап мемлекеттің өзінің тұғырнамалары болатыны белгіленді. Декларацияның қабылдануы үлкен саяси оқиға болды. Бұл халқымыздың егемен ел болсақ деген үмітін үкілей түсті.
Декларация қабылданса да, одақтың құрамында қала бердік. Тек бір жылдан кейін ғана қайтадан жаңа комиссия құрылып, оған білікті заңгерлер тартылды. Комиссияға академик Сұлтан Сартаев ағамыз жетекшілік жасады. 1991 жылы 16 желтоқсанда Конституциялық заң қабылдадық. Бір жыл бұрын декларацияда егеменді ел болуға деген ұмтылысымызды айтқан болсақ, Конституциялық заң арқылы біз тәуелсіз мемлекет екенімізді жарияладық. Онда өзінің жері, шекарасы бар, басқа мемлекеттермен тең дәрежеде қарым-қатынас жасай алатын мемлекет екеніміз көрсетілді. Сол күні түнде Түркия мемлекетінің Президенті Тұрғыт Озалдан құттықтау хат келді. Бұл «Біз сіздерді мемлекет болуларыңызбен құттықтаймыз. Территориялық тұтастықтарыңызды мойындаймыз, қолдаймыз. Сіздермен тең дәрежеде дипломатиялық қарым-қатынас жасауға әзірміз» деген мағынадағы алғашқы телеграмма еді. Одан соң күн сайын алдымен көрші мемлекеттерден, кейіннен алыс елдерден құттықтаулар келіп жатты. Екі аптадан соң ең жақын, ең алып көршілеріміз – солтүстігімізде Ресей, шығысымызда Қытай мемлекеті мойындап, келіссөздер жасауға өкілдерін жіберді. Бір жылдың ішінде 100-ден аса мемлекет бізбен дипломатиялық қарым-қатынас жасауға ықыласты екенін білдірді.1992 жылдың басында Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болып, дүниежүзілік қоғамдастықтың белсенді қатысушысына айналдық. Тәуелсіз ел екенімізді жай ғана жариялап қоймай, мемлекетіміздің тұғырын күшейту бағытында экономикалық реформалар жүргізіп, жаңа саяси қоғамдық жағдайды қалыптастырдық. Осылайша мемлекетіміздің жаңа тарихы басталды. Әрине, жаңа мемлекетті құру оңай болмады. Ол кезде қаржылық қиындықтар орын алды. 1993 жылы Ұлттық валютамыз енгізілді. Теңгемізді жариялау арқылы қаржылық тәуелсіздікке қол жеткіздік. Бұрын қаржылық мәселелердің бәрі Мәскеу арқылы шешілетін. Сол сияқты қысқа мерзім ішінде өзіміздің Қарулы Күштерімізді құрдық. Жол, транспорт, теміржол, әуежол, кеден, шекара мәселелерін жолға қойдық.
Бүгінде бір-бірімен тығыз байланысты екі мереке – декларация қабылданған Республика күні мен Конституциялық заң белгіленген Тәуелсіздік күнінің еліміз үшін маңызы зор. Өйткені, екі саяси маңызды шешім ел егемендігіне негіз қалады, тұғыр болды. Бұл күндерді біз тарихи кезең ретінде есте сақтап, оның мән-маңызын арттыра беруіміз керек. Кезінде «мейрам көбейіп кетті» деген желеумен Тәуелсіздік күнін ғана қалдырып, декларация қабылданған күнді мереке қатарынан шығарған кездер болды. Екеуі де біздің төл мерекеміз. Бұлар ағайынды бауырлар сынды бірін-бірі жалғастырып, бір-бірінің орнын толтырып тұр. Барша қазақ елін, облыс жұртшылығын Республика күні мерекесімен құттықтаймын! Еліміздің мерейі үстем, егемендігіміз баянды болсын! Көк Туымыз көк аспанмен астасып, желбірей берсін!
Қуаныш Сұлтанов,
мемлекет және қоғам қайраткері,
І, ІІ дәрежелі «Барыс», «Парасат», «Отан» ордендерінің иегері




