Кәсіпкерлікті дамыту – мемлекет саясатының басты бағыты. Бұл істе «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының атқарар қызметі мен қосар үлесі қомақты. Осы орайда Қарасай аудандық филиалының атқарып жатқан жұмысы туралы ұжымның директоры Дәурен Кенжекеев әңгімелеп берген еді.
– Дәурен Марсұлы, біздің білуімізше, осыған дейін сіз «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының Іле аудандық филиалын басқарған едіңіз. Ол жақтан мол тәжірибе жинап келген боларсыз?
– Иә, шынында да, мұның алдында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының Іле ауданындық филиалына жетекшілік еттім. Сол уақыт аралығында біз кіші кәсіпкерден бастап ірі өндірістік кәсіпорындарға дейінгі бизнес қауымдастықтармен жүйелі жұмыс істедік. Әкімшілік кедергілерді төмендету, мемлекеттік бағдарламаларға қолжетімділікті арттыру және аудан деңгейінде кәсіпкерлердің нақты мәселелерін шешумен белсенді айналыстық. Негізгі жетістіктеріміздің бірі – бөлшек салық мөлшерін 4 пайыздан 2 пайызға төмендетуге қол жеткізуіміз болды. Міне, осы тәжірибені толықтай Қарасай филиалына да енгіздім. Негізгі жұмысымызды ашықтық, жедел кері байланыс және кәсіпкерлермен тығыз ынтымақтастыққа бағыттаудамыз. Менің ойымша, серіктестік құру тәсілі – бұл жергілікті бизнестің нақты даму кілті.
– Филиал құрылымы және атқаратын жұмысы туралы айта кетсеңіз.
– Қарасай аудандық филиалының мамандары кәсіпкерлермен өзекті бағыттар бойынша жұмыс істейді. Филиал құрылымында бизнес құқықтарын қорғау, кәсіпкерлік дағдыларды оқыту мен дамыту, сондай-ақ мемлекеттік қолдау бағдарламаларын жүзеге асыру бойынша бөлімдер бар. Сондай-ақ біз кәсіпкерлерге барынша жылдам және ыңғайлы түрде кеңес беру және қолдау үшін қызметімізді цифрландыру мен автоматтандыру бағытында белсенді жұмыс істеп жатырмыз.
– «Атамекен» ҰКП қандай мемлекеттік бағдарламаларға қатысады? Бұл тұрғыда аудандық филиалда қандай жұмыстар жүргізіледі?
– «Атамекен» – кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың негізгі операторларының бірі. Мысалы, «Бастау Бизнес», микрокредиттеу бағдарламалары, гранттық қолдау, кәсіпкерлікті бастау мен дамытуды оқыту және сүйемелдеу сияқты жобалар бар. Бұл құралдар Қарасай ауданында белсенді түрде қолданылып жатыр. Біз оқыту жүргізіп, бизнес-жоспарлар жасауға көмектесіп, өтінімдерді өңдеп, әрі қарай дамыту бойынша кеңес береміз. Біздің мақсатымыз – қолдау көрсету ғана емес, кәсіпкерге тұрақты түрде аяққа тұруға көмектесу.
– Қандай құрылымдармен етене жұмыс істейсіздер?
– Біз аудандық әкімдікпен, салық және қаржы органдарымен, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер палатасымен және депутаттар корпусымен өзара байланыс орнаттық. Өйткені тек серіктестік арқылы ғана бизнестің жүйелік мәселелерін тиімді шешуге болады. Сонымен қатар біз екінші деңгейлі банктермен белсенді түрде ынтымақтастық орнатудамыз, осылайша кәсіпкерлерге нақты қаржыландыру мүмкіндігін ұсынамыз. Бірлескен кездесулер, диалогтар мен көшпелі қабылдауларды жиі өткіземіз.
– Аудан кәсіпкерлеріне қандай қолдау көрсетіледі?
– Жан-жақты қолдау жасалады. Оған кеңес беру, оқыту, құқықтық қорғау, несиелер мен гранттарды рәсімдеуде көмек көрсету, субсидиялау бағдарламаларына қатысу кіреді. Жас кәсіпкерлерге, жастарға және әйелдерге ерекше назар аударылады. Біз кез келген ниет білдірушіге өзінің бизнес-идеясын іске асыруға және нақты нәтижеге жетуіне қолдау көрсетеміз.
– Биылғы 10 қазанда Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені жылдық 18 пайызға көтеру туралы шешім қабылдады. Бұл инфляцияны төмендетуге көмектесе ме? Мұндай қадам кәсіпкерлерге, халыққа және екінші деңгейлі банктердің қызметіне қалай әсер етеді?
– Ұлттық банк қабылдаған шешім макроэкономикалық көрсеткіштерді тұрақтандыру мен инфляцияны тежеуге бағытталған. Әрине, жоғары базалық мөлшерлеме несиелер құнына әсер етеді, бұл бизнес үшін сезілетін болады. Алайда, мұның уақытша шара екенін түсіну маңызды. Инфляциялық қысымның төмендеуі болашақта мөлшерлемелерді азайтып, несиелердің қолжетімділігін арттыруға негіз болады. Қазір кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау құралдарын, мысалы, пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау, кепілдік бағдарламалары мен жеңілдетілген қаржыландыруды тиімді пайдалану өте маңызды.
– Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша ҚР Үкіметі әзірлеген дағдарысқа қарсы шаралар пакеті кәсіпкерлер мен қарапайым азаматтарға қалай әсер етеді деп ойлайсыз?
– Үкіметтің дағдарысқа қарсы пакеті, ең алдымен, экономиканы тұрақтандыру мен халықты ішкі және сыртқы сын-қатерлер жағдайында қолдау көрсетуге бағытталған. Мұндай шаралар отандық өндірісті қолдау, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағаларын бақылау, жұмыссыздықты жою және бизнесті қаржыландыруға қолжетімділікті арттыруды қамтиды.
Кәсіпкерлер үшін бұл әкімшілік және салықтық ауыртпалықты жеңілдетуге, мемлекеттік қызметтерді алу рәсімін жеделдетуге, жеңілдетілген несиелерге қол жеткізуге жол ашады. Бұл көптеген кәсіпорынға жұмыс орындарын сақтап қалуға, өндірісті кеңейтуге және нарықтық тәуекелдерге қарсы тұруға мүмкіндік береді. Ал қарапайым азаматтар үшін еңбек нарығында тұрақтылық пен әлеуметтік қолдау бағдарламаларына қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Дағдарысқа қарсы шараларды тиімді жүзеге асыруға мемлекет, бизнес және қоғам арасындағы тығыз ынтымақтастық негіз бола алады. Бұл процесте «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы кері байланыс алаңы ретінде маңызды рөл атқарады.
– 2026 жылы жаңа Салық кодексі күшіне енеді. Ондағы жеңілдетілген салық режимі, шектеу тізімі, бөлшек салық мөлшерін төмендету және басқа да өзекті мәселелерге қатысты сіздің пікіріңіз қандай?
– Жаңа Салық кодексінің күшіне енуі – бизнес қауымдастығы үшін маңызды жаңалық. Оның негізгі мақсаты – жүйені әділ, ашық және болжамды ету. Бұл тұста жеңілдетілген режимдерге ерекше назар аударылады. Кәсіпкерлер палатасы ретінде біз шағын бизнестің жеңілдіктері мен қарапайым шарттарын сақтауды ұсынып келеміз. Мысалы, бөлшек салық мөлшерін 4 пайыздан 2 пайызға төмендету мәселесі әлі де өзекті және біз бұл түйінді өңір деңгейінде қолдау бойынша жұмыс жүргізудеміз. Шектеу тізімі туралы айтқанда, оның нақты және негізделген болуы өте маңызды. Бұл кәсіпкерлерге жұмыс істеу шартын алдын ала білуге мүмкіндік береді.
– Қарасай ауданының кәсіпкерлеріне алдағы өзгерістерге байланысты қандай кеңес беріп, ұсыныс айта аласыз?
– Ең бастысы – ақпараттан құлағдар болу және өзгерістерге уақытында бейімделу. Біз кәсіпкерлерге жаңа Салық кодексінің негізгі ережелерімен алдын ала танысып, «Атамекен» ұсынатын оқытудан өтуге кеңес береміз. Сонымен қатар барлық мемлекеттік қолдау шарасын, әсіресе қаржыландыру мен салық жеңілдіктерін белсенді түрде пайдалану қажеттігін еске саламыз. Кәсіпкерлер кеңесіне, диалог алаңына қатысу арқылы үлкен бастамаларға негіз қалаудың да маңызды екенін айта кеткім келеді.
Қуат ҚАЙРАНБАЕВ
Қарасай ауданы




