Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы ресми түрде жарияланып, 15 наурызда елімізде республикалық референдум өтеді. Бұл – әр азаматтың ел болашағына тікелей ықпал ететін тарихи сәті. Өйткені мемлекеттің құқық жүйесінің іргетасы, негізгі құжаты – жаңа Конституция қабылдау – еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды кезеңдердің бірі, әрі саяси жүйені жаңғырту, мемлекеттік басқару институттарын жетілдіру, сондай-ақ азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейту бағытындағы ауқымды реформа.
Уақыт көшінен қалмай, заман талабына сай дер кезінде әрекет ету – ел дамуының жаңа кезеңіндегі тарихи әрі стратегиялық маңызды шешім. Бұл бастама қоғамның саяси-құқықтық санасын жаңғыртуға, ұлттық идеологияны жаңа заманның жаңа үдерісіне қарай қайта пайымдауға бағытталған маңызды қадам екені анық.
«Конституция кіріспесі – ұлттық идеологияның құқықтық көрінісі. Преамбула «Біз, біртұтас Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекеттілікті нығайта отырып, Ұлы Даланың мыңжылдық тарихының сабақтастығын сақтап…» деп басталды. Ұлан-ғайыр Ұлы Далада айбыны асқақ мемлекеттердің заңды мұрагері, мыңжылдық тарихы бар Қазақ елі екені нақты жазылды. Тарихи-мәдени мұраны сақтау, төл мәдениетті қолдау, қашаннан қоғамның тірегі болған отбасы институтын нығайту мәселелері көтерілген. Ендігіде елімізде неке мен отбасы құндылықтары конституциялық деңгейде күшейтілмек. Қазіргі уақытта қоғамда неке және отбасы құндылықтары, отбасындағы зорлық-зомбылық, алимент төлемеу, алып қашу сынды тақырыптар өзекті болып тұрғанда бұл мәселенің назарға алынғаны қуантады. Аталған құжат тек мемлекеттің құқықтық негіздерін айқындап қана қоймай, қазақстандық патриотизмді нығайтуға, ұлттық бірегейлікті сақтауға және мемлекетшілдік сананы қалыптастыруға берік идеологиялық тірек бола алады», – дейді Еңбекшіқазақ аудандық аналар кеңесінің төрағасы Роза Исатаева.
Иә, Конституция – тек құқықтық құжат, жай ғана заңдар жиынтығы емес, ұлттың рухани тұғыры, мемлекеттіліктің берік іргетасы. Ол – халықтың күнделікті тұрмысы, қоғам дамуымен, саяси-экономикалық өзгерістермен тікелей байланыста халықтың еркін білдіретін, елдің болашағын айқындайтын, мемлекет пен қоғамның негізгі бағытын белгілейтін басты құндылықтар жиынтығы.
«Ата Заң – тәуелсіздіктің тірегі, бірліктің негізі, әділдік пен теңдіктің кепілі. Онда азаматтардың құқықтары мен бостандықтары қорғалып, билік пен халық арасындағы өзара жауапкершілік айқындалады. Жаңа Конституцияның жобасында ұсынылып отырған өзгерістердің әділдік, ашықтық қағидаттарын одан әрі нығайтуға, сондай-ақ азаматтардың шешім қабылдау үдерісіне қатысуын кеңейтуге бағытталғанын атап өткім келеді. Конституция мемлекет пен қоғам арасындағы өзара келісім іспетті. Мұндағы әр бап күнделікті қоғам өмірінде үлкен маңызға ие, әрі тиісінше өз міндетін атқаруы керек. Ал ол үшін халық Ата Заңымыздың әр бап, әр тармағымен жеке таныс болуы маңызды. Осы орайда бүгінде өңірлерде «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы құрылып, жергілікті тұрғындармен, әр саланың қызметкерлерімен кездесулер өткізіп, халыққа ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жан-жақты жүргізіп жатыр», – дейді «AMANAT» партиясы Еңбекшіқазақ аудандық филииалының төрағасы Бағдат Рахимов.
«Конституцияда адам капиталы, білім, ғылым, инновацияны дамыту – мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты ретінде айқындалды. Бұл қадам мемлекетіміздің зияткерлік әлеуетін арттыруға, инновациялық даму жолына түсуіне және жаһандық бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге мүмкіндік береді. Себебі кез келген мемлекеттің табысты дамуы – оның адами капиталына, білімді, білікті, әрі адал азаматтарына тікелей байланысты», – дейді Есік қаласындағы Райымбек батыр атындағы орта мектеп директоры Салтанат Рысбекқызы.
Жаңа Конституция жобасын қолдау нақты бір саяси шешімді қолдауды емес, құқықтық мемлекетке ұмтылу идеясын қолдауды білдіреді. Бұл құжат елдің әр азаматының құқығы мен бостандығын қамтамасыз етіп, қоғамдағы қатынастарды реттейді, елдің ішкі-сыртқы саяси-экономикалық бағытын айқындайды. Мемлекеттік билік тармақтарының өзара тепе-теңдігін қамтамасыз етіп, заң үстемдігін нығайтуға негіз болады. Жаңа Конституция жобасы қоғамдағы әділдік қағидатын күшейтіп, азаматтардың шешім қабылдау үдерістеріне қатысу мүмкіндігін кеңейтуді көздейді. Сондықтан Жаңа Конституция жобасын қолдау – елдің болашағына, әділетті қоғам құруға және заң үстемдігіне негізделген дамуға қолдау білдіру деген сөз.
Құралай МҰРАТҚЫЗЫ
Еңбекшіқазақ ауданы




