Қоғам өміріндегі маңызды шешімдер халықтың тікелей қатысуымен қабылдануы – демократиялық дамудың айқын көрінісі. Осы тұрғыдан алғанда референдум – тек саяси науқан ғана емес, ел болашағына деген ортақ жауапкершілікті айқындайтын тағдырлы кезең.
Референдум арқылы әр азамат өз пікірін ашық білдіріп, мемлекеттік маңызы бар мәселелерге үн қоса алады. Бұл – халық пен билік арасындағы сенімді нығайтатын, қоғамдық келісімді бекемдейтін маңызды тетік. Өйткені, елдік мүдде ешқашан сырттан таңылмайды, ол ең алдымен халықтың еркін таңдауынан туындайды.
Референдум аясында көтерілген мәселе қоғамда әртүрлі пікір тудырғаны рас. Дегенмен, пікір алуандығы – дамудың белгісі. Осы орайда, түрлі сала өкілдерімен тілдескенді жөн көрдік.
Алғашқы сауалды аудандық мәслихат депутаты Ерғали Тәліповке жолдадық.
– Ерғали Сатыбалдыұлы, айтыңызшы, Конституциялық реформа елімізге не береді?
– Конституциялық реформа – ел дамуына бағытталған маңызды қадам. Соңғы жылдары елімізде жүргізіліп жатқан қонституциялық реформа қоғам өміріндегі үлкен өзгерістердің бастауы. Бұл жаңғырудың басты мақсаты мемлекет пен халық арасындағы байланысты күшейтіп, әділ әрі тиімді басқару жүйесін қалыптастыру. Реформа аясында билік тармақтарының жауапкершілігі нақтыланып, Парламенттің рөлі арта түсті. Бұл маңызды шешімдердің ашық талқыланып, халық мүддесіне сай қабылдануына мүмкіндік береді.
– Азаматтардың пікірі қаншалықты ескерілді?
– Азаматтардың пікірін ескеру, қоғамдық бақылауды дамыту мәселесіне де ерекше назар аударылып отыр. Конституциялық өзгерістер заң үстемдігін нығайтып, әр адамның құқығы мен бостандығын қорғауды күшейтуге бағытталған. Бұл – қоғамдағы сенімді арттырып, елдің тұрақты дамуына жол ашатын маңызды фактор. Қорыта айтқанда, Конституциялық реформа – болашаққа жасалған нық қадам. Ол мемлекетіміздің жаңарып, заман талабына сай дамуына негіз болады, Жаңа Қазақстанды қалыптастыруға қызмет етеді.
– Жаңа Конституцияның артықшылығы неде? – деген сауалымызға Шырғанақ ауылдық аналар кеңесінің төрағасы Роза Батырханова былай деп жауап берді:
– Конституция – әрбір қазақстандықтың төлқұжаты, темірқазығы. Конституцияның жаңа нұсқасы 11 бөлім 96 баптан тұрады. Бұл – еліміздің тұрмыс-жағдайын жақсартуға, өңірлердің инфрақұрылымын дамытуға, балаларымыздың еш шектеусіз білім алуына, шекарамызды айқындап, қорғаныс күшімізді күшейтуге бағытталған маңызды құжат. 15 наурызда өтетін жалпыхалықтық референдум еліміздің әр азаматының үлесі мен қолдауын көрсететін маңызды кезең. Біздің елде адам капиталы – ең үлкен құндылық, ұлы күш. Ендеше, референдумнан шет қалмай жаңа Конституцияны қолдап, дауыс беруге шақырамын.
– Ауыл халқы үшін референдумның маңызы қаншалықты?
Ернұр Сабырбеков, Қарқара ауылдық округінің әкімі:
– 15 наурыз – ел болашағын айқындайтын маңызды күн. Бүгінде ауылымыздың әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсарып, халықтың тұрмыс деңгейі артып келеді. Инфрақұрылым дамып, әлеуметтік нысандар жаңарып, ел игілігіне қызмет етуде. Бұл – бірлік пен еңбектің, жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі. Осындай оң өзгерістер мемлекет пен халықтың ортақ мақсат жолындағы үйлесімді іс-қимылының жемісі. Алда өтетін 15 наурыздағы референдум – ел дамуының келесі кезеңін айқындайтын тарихи мүмкіндік. Бұл – әр азаматтың өз таңдауын жасап, ел болашағына үлес қосатын жауапты сәт. Ауылымыздың бүгінгі жетістіктері халықтың белсенділігі мен ынтымағының арқасында мүмкін болғанын ескерсек, алдағы референдумға да жоғары жауапкершілікпен қатысу – баршамыздың ортақ міндетіміз. Ауылымыз алдағы уақытта да көркейіп, өркендей беретініне сенім мол. Өйткені, ел тағдырына бейжай қарамайтын саналы азаматтар барда даму да, жаңару да жалғаса береді.
- Жаңа Конституция жобасында адам құқықтарын қорғау қаншалықты күшейтілген?
– Жаңа Конституция жобасында адам құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің негізгі басымдығы ретінде жариялануының өзі адам құқықтарын қорғау тетіктерінің күшейтілгенін көрсетеді. Адам құқықтары мен бостандықтары, тәртіп пен заңдылық қағидаттары сақталған қоғамда өркендеп, дамиды. Цифрлық қоғамда деректер қорғалып, тұлғаның әлеуметтік құқықтарының күшейтілуі де Ата Заңмен бекітілмек. Халыққа ұсынылған осы Конституция ел тәуелсіздігін баянды етеді деп сенеміз.
– Жаңа Конституцияның мазмұны көңіліңізден шыға ма?
– Конституция мәтіні толықтай көңілден шығады. Сауатты дайындалғаны, онда адам өмірі мен бостандықтары, білім, медициналық көмек алу тетіктері толықтай қарастырылғаны көрініп тұр. Жаңа Конституцияны қолдап, республикалық референдумда дауыс беру – ортақ міндет. Ол таңдау саналы түрде жасалуы қажет. Әр азамат жобаның артықшылығы мен кемшілігін таразылап, маңызды шешімді өз еркімен қабылдауы тиіс. Себебі, бүгінгі шешім болашағымызға әсер ететіні анық. Пікір алуандығы қоғамның кемелдігін білдіреді, – деген аудандық аналар кеңесінің төрағасы Бақытгүл Демежанқызы саналы таңдау ғана ел болашағын нық қадамға бастайтынын жеткізді.
Тілдесу барысында пікір білдірушілер ұсынылып отырған жаңа Конституция жобасы адам құқықтарын қорғауда халықаралық талапқа толықтай сай келетінін алға тартты.
Ең бастысы, әрбір азамат бұл үдерістен шет қалмай, саналы түрде таңдау жасайтыны айқын. Бұл – азаматтық жауапкершіліктің, саяси мәдениеттің қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.
Халықтың белсенділігі мен жауапкершілігі – кез келген реформаның табысты жүзеге асуының кепілі. Ел болашағы – ортақ іс. Ал, ортақ іске үн қосу – әр азаматтың парызы. Референдум осы ұлы жауапкершілікті тағы бір мәрте еске салмақ.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы




