Отырыс барысында Аида Балаева ұсынылған жаңа Конституция жобасының басты өзегі азаматтардың мүддесін қорғау және елдің ұзақмерзімді тұрақты дамуы екенін атап өтті. Құжатта мемлекеттің бағыты, қоғамның қандай құндылықтарға сүйеніп дамитыны және билік пен халық арасындағы қатынастың жаңа деңгейі айқын көрініс тапқан.
«Ең алдымен, жаңа Конституцияның преамбуласына тоқталғым келеді. Онда адам құқықтары мен бостандықтары алғаш рет мемлекеттің ең жоғары басымдығы ретінде айқын белгіленіп отыр. Бұл – мемлекеттік саясаттың философиясын түбегейлі өзгертетін қағидат. Яғни мемлекет енді азамат үшін, азаматтың қадір-қасиеті үшін қызмет етуге тиіс деген ұстаным заңның өзегіне айналып отыр. Сонымен қатар бірлік пен ынтымақтастық, этносаралық және дінаралық келісім Қазақстан мемлекеттілігінің берік іргетасы ретінде бекітілген. Алматы облысы секілді көпэтносты, көпконфессиялы өңір үшін бұл нормалардың маңызы айрықша. Бұл қоғамдағы татулық пен өзара сыйластықтың кездейсоқ құбылысы емес, заңмен қорғалатын ортақ құндылық екенін білдіреді», деді ол.
Жобаны дайындау барысы мен негізгі институционалдық өзгерістер туралы толық ақпаратты Мәжіліс депутаты Сергей Пономарев баяндады. Оның айтуынша, жұмыс кезең-кезеңімен және ашық форматта жүргізілді, ал ұсынылған түзетулер жүйенің тиімділігі мен саяси жауапкершілікті арттыруға бағытталады.
«Уақыт өзгеріп жатыр, сондықтан жаңа Конституция да қажет болды. Жұмыс өткен жылдың қыркүйегінде басталып кетті. Бұл үдеріс «асығыс әрі жабық түрде өтті» деу шындыққа жанаспайды. Қарашадан бастап парламенттік комиссия жұмыс істеді, кейін конституциялық реформа жөніндегі комиссияның 12 отырысы өтті. Жалпы, 130 адам – белгілі заңгер-ғалымдар, депутаттар, фракция жетекшілері мен сарапшылар қатысты. Барлығы ашық түрде өтті», деді депутат.
Ата заңды жаңартудағы адам капиталы мен жастар саясатының маңызына Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай тоқталды. Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан сөз сөйлеп, жобаны мұқият зерделеу қажеттігін атап өтті. «Қазақстан қоғамдық даму институты» КеАҚ басқарма төрағасы Жұлдызай Ысқақова жаңа құжаттағы отбасы құндылықтары жөнінде әңгімеледі. «Қазақстан халқына» ҚҚ төрағасы Ләззат Шыңғысбаева құжаттың әлеуметтік бағытын сөз етті. Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры Болат Тілепов білім мен ғылымның рөліне ерекше назар аударды. Кездесу соңында қатысушылар республикалық референдумға белсенді қатысу елді жаңғырту мен интеллектуалдық әлеуетті нығайтудың маңызды қадамы екенін атап өтті.
Жалпыұлттық коалиция мүшелерінің Алматы облысына сапары «Шин-Лайн» ЖШС ұжымымен кездесуге ұласты. Кездесуде Аида Балаева қолданыстағы Конституцияның кейінгі 30 жылда еліміздің қалыптасуы мен серпінді дамуына берік негіз болғанын атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі кезеңде мемлекеттің құндылықтары мен басымдықтарын нақты айқындаудың маңызы ерекше. Вице-премьер жаңа Конституция преамбуласында негізгі құндылықтар бекітілгенін, соның ішінде білім, ғылым, мәдениет және инновациялар алғаш рет конституциялық деңгейде айқындалғанын жеткізді.
«Мемлекет білім сапасын арттыруға, ғылымды дамытуға және оны өндіріспен ұштастыруға айрықша көңіл бөліп келеді. Ғылыми прогресс нәтижесінде бүгін сіздер бөлек жағдайда еңбек етіп жатырсыздар. Өндіріс жаңартылып, өнім сапасы жетілдіріліп жатыр. Мұның бәрі – ғылым дамуының жемісі. Ал сапалы серпіліс жасау үшін бұл қағидаттарды Конституция деңгейінде бекіту қажет. Себебі Ата заң – кейінгі заңнамалық әрі бюджеттік шешімдердің негізі», деді А.Балаева.
Кездесу барысында Конституцияда мәдениет пен тарихи-мәдени мұраны қорғауға қатысты нормалардың алғаш рет нақты бекітілгені де айтылды.
Ұжым алдында «Қазақстан қоғамдық даму институты» КеАҚ басқарма төрағасы Ж.Ысқақова да сөз сөйлеп, жаңа Конституция жобасы жүйелі әрі терең талдау негізінде әзірленгенін атап өтті. Оның айтуынша, құжат заманауи қатерлерді ескере отырып, Ата заң архитектурасын жаңғыртуға және құндылықтарды нығайтуға бағытталған. Атап айтқанда, ғылым, инновациялар, білім мен мәдениет саласы басымдық ретінде белгіленген.
Кездесу соңында «Шин-Лайн» ЖШС қызметкерлері сұрақтар қойып, түсіндіру жұмысына қатысты ұсыныстарын білдірді. Жалпыұлттық коалиция өкілдері азаматтардың референдумға қатысуының маңызын атап өтті.
Бұдан соң А.Балаева бастаған жалпыұлттық коалиция мүшелері «Фирма-Бент» ЖШС зауытының еңбек ұжымымен кездесті. Зауыт қызметкерлері алдында сөз сөйлеген А.Балаева коалицияның барлық өңірде жүйелі түсіндіру жұмысын жүргізіп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, коалиция мүшелері кәсіпорындар мен еңбек ұжымдарына арнайы барып, жаңа Конституция жобасын азаматтармен тікелей талқылауды мақсат етіп отыр. Ұсынылып отырған Ата заңның жаңа редакциясы қоғамның әділеттілік пен айқын ережелерге деген сұранысын толық ескереді. Ал құжаттың түпкі логикасы азаматтардың мүддесін қорғауға бағытталған.
«Біз сіздерге жаңа Конституция жобасының мәні мен алдағы референдумның маңызын түсіндіру үшін келдік. Жаңа Конституцияны халықтық деп атауға толық негіз бар. Өйткені түзетулер қоғамның түрлі өкілінің – заңгерлердің, сарапшылардың, Сенат пен Мәжіліс депутаттарының қатысуымен әзірленді. Ең бастысы, азаматтарымыздан онлайн форматта және тікелей жолданған ұсыныстар негізінде қалыптасты. Сондай-ақ жобада еңбек құқығын қорғау, өндірістегі қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету жөніндегі нормалардың бекітілгенін ерекше атап өткім келеді. Себебі қолданыстағы да, жаңа Конституциядағы да ең басты құндылық – адам өмірі. Біз қауіпсіз өмір, қауіпсіз қоғам және қауіпсіз өндіріс туралы айтуымыз керек», деді ол.
Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан жаңа Конституция жобасын әзірлеу жұмысының ауқымы мен оның қоғамдық сипатына ерекше тоқталды.
«Бұл құжат өздігінен пайда болған жоқ. Оның әзірленуіне үздік ғалымдар, заңгерлер, экономистер мен сарапшылар, тәулік бойы нормаларды талдап, салыстырған жаңа буын кәсіби мамандар қатысты. Жоба қоғамдық талқылауға шығарылып, жарияланды, медиакеңістікте және әлеуметтік желілерде кеңінен сарапқа салынды. Сондықтан, меніңше, бұл – азаматтардың сенімін нығайтып, отбасы мен балалық шақтан бастап әділдік пен жүйенің ашықтығына дейінгі негізгі құқықтарды тиімді қорғауға қабілетті құжат», деді депутат.
Кездесу барысында еңбек ұжымының ұстанымын кәсіпорын технологі Галина Сухаребрева білдіріп, конституциялық нормалардың кадр даярлау жүйесімен және жұмысшы мамандықтарды қолдау шараларымен өзара тығыз байланысына назар аударды.
«Біз үшін адами әлеует – жай ұран емес. Қандай өндіріс болсын, білім мен инновациясыз оның дамуы мүмкін емес. Біз өзгерістерді қолдаймыз және адами әлеуетке арналған бөлімде жұмысшы мамандық иелері мен орта техникалық білім мәселесінің де көрініс табуы маңызды деп санаймыз. Мемлекет елге білікті мамандар даярлап, жастарға қолдау көрсетеді. Олар кәсіп меңгеріп, өз ісінің нағыз кәсіби шеберіне айналуда», деді ол.
Содан соң жалпыұлттық коалиция өкілдері отандық зауыттың жұмысымен және өндірісте заманауи технологиялардың енгізілу барысымен танысты. Кездесу соңында А.Балаева еңбек ұжымымен әңгімелесіп, қойылған сұрақтарға жауап берді. Сондай-ақ азаматтардың Ата заңның болашағына қатысты шешім қабылдауға тікелей қатысуының негізгі тетігі референдум екенін айтты.
Сонымен қатар коалиция мүшелері Сүлейман Демирел атындағы университет студенттерімен кездесті. Онда Үкімет басшысының орынбасары Аида Балаева жаңа Конституция жобасы жаһандық өзгерістерді ескеріп, идеялар, құзыреттер мен инновациялар шешуші рөл атқаратын білім экономикасын дамытуға жол ашатынын атап өтті. Оның айтуынша, студенттер мен жас зерттеушілер үшін заң жобасында шығармашылық еркіндікке кепілдік пен зияткерлік меншікті қорғау нормаларының бекітілуі айрықша маңызды.
«Конституция сөз бостандығы мен ғылыми, техникалық, көркем шығармашылық еркіндікке кепілдік береді. Ең бастысы – зияткерлік меншік заңмен қорғалады. Яғни идеялар, стартап өнімдері, авторлық жобалар, зерттеулер мен шығармашылық нәтижелері конституциялық деңгейде бекітіледі. Жастар үшін бұл – абстракция емес, еңбектеріңіздің қорғалатынына және құндылық ретінде танылатынына деген сенім», деді А.Балаева.
Вице-премьер білім берудің маңызына ерекше тоқталып, оны негізгі конституциялық кепілдік әрі мүмкіндіктер теңдігінің іргетасы деп атады. Ол білімге қолжетімділік әлеуметтік тұрақтылық пен адам капиталын дамытудың басты негізі болып қала беретінін айтты.
Бұған қоса кездесу барысында коалиция мүшелері азаматтардың цифрлық ортадағы құқықтарына назар аударды. Атап айтқанда, дербес деректерді қорғау және цифрлық сервистерге сенімді қалыптастыру мәселелері талқыланды. Конституция жобасында дербес деректерді заңсыз жинаудан, өңдеуден, сақтаудан және пайдаланудан цифрлық технологиялар арқылы қорғау нормалары бекітілетіні атап өтілді. Бұл жастардың цифрлық бастамаларының қауіпсіздігі мен дамуына тікелей әсер етеді.
Ал студенттер жаңа Конституция жобасының маңызы туралы пікір білдіріп, білім, ғылым және елдің зияткерлік әлеуетін дамытудың стратегиялық негізі ретінде қабылдайтындарын жеткізді.
Кездесу соңында А.Балаева студенттермен және университет оқытушыларымен әңгімелесіп, Ата заңның болашағына қатысты шешім қабылдауда азаматтардың референдумға тікелей қатысуы маңызды екенін жеткізді.
Ақпарат – egemen.kz




