Қонаев қаласында «Жаңа Конституция: орнықты дамудағы қоғамдық диалог пен жастардың рөлі» атты кездесуі өтті. Аталған іс-шарада жастар қауымымен ашық әрі конструктивті диалог орнату сөз етіліп, еліміздегі өзекті қоғамдық-саяси өзгерістер талқыланды. Аймақтағы белсенді жастар бас қосқан кездесуге ҚР Парламентінің Мәжілісінің депутаты, республикалық жалпыұлттық коалиция мүшесі Анас Баққожаев, «AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалының атқарушы хатшысы, облыстық жалпыұлттық коалиция төрағасының орынбасары Серік Нұрқадіров, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы, Ұлттық құрылтай мүшесі, облыстық жалпыұлттық коалиция мүшесі Қазыбек Дауталиев, облыстық мәслихат депутаты, облыстық жалпыұлттық коалиция мүшесі Сергей Горяной қатысып, өз ойларын ортаға салды.
Парламентінің Мәжілісінің депутаты Анас Ахатұлының сөзінше, елдің жаңа Конституция жобасы – мемлекетіміздің саяси-құқықтық жүйесін жаңғыртудағы батыл бастама. Еліміздің жастары бұл құжатты мемлекеттің болашағына жасалған ұзақмерзімді инвестиция деп қабылдауы тиіс. «Дайындалған құжаттың сапасына еш күмәнім жоқ. Жаңа Конституция жобасының ұтымды тұстары аз емес. Кіріспесінің өзі қандай – Ұлы дала перзентінің әлемге айтқан монологы секілді. Оқисың, сүйсінесің, рухтанасың. Сену – көз жұмып қабылдау емес. Сену жауапкершілікпен бірге жүруі тиіс. Сондықтан, құрметті оқырман, комиссия жұмысына күмәнмен емес, ақылмен қарайық. Кеше ғана өзіміз қолдаған депутаттарға бүгін тас атпайық. Олар да, мен де Отан үшін аянбаймыз. Егер ел мүддесі үшін қажет болса, мандатпен де, мансаппен де қоштасуға дайынбыз. Конституцияға дауыс беретін – сіздер. Сондықтан референдумға дейін мәтінмен мұқият танысып, әр сөзіне ой жүгіртіңіздер. Ол күн де өтер. Алда 10, 20, 50 жылдан кейін жаңа өзгерістер болуы мүмкін. Бұл – дамып жатқан елдің белгісі»,– деді Анас Баққожаев.
Басқосуда облыстық жалпыұлттық коалиция төрағасының орынбасары Серік Нұрқадіров ұсынылып отырған жаңа Конституция жобасы – эволюциялық сипаттағы саяси реформа екенін жеткізді. Оның пайымынша, жаңа Конституция қолданыстағы Ата заңның тарихи миссиясын жоққа шығармайды, керісінше соның негізінде мемлекеттік жүйені жаңа қоғамдық сұраныстарға бейімдеуді көздейді. Ал облыстық жалпыұлттық коалиция мүшесі Қазыбек Дауталиевтің пікірінше, жаңа Ата Заң еліміздің қалыптасқан мемлекеттік құрылымын, халықаралық беделін, адами капиталды, білім, ғылым және инновацияларды дамытудағы айқын басымдықтарын нақты көрсетіп, Қазақстанның болашаққа сенімді бағдармен қадам басып келе жатқанын аңғартады. Бүгінде жстар бұл реформалардың әділетті, ашық және жауапты мемлекет қалыптастыруға берік негіз қалауына үн қосу қажет. «Қазақстан үшін бұл кезең – саяси реформалардың қорытындысы ғана емес, жаңа мемлекеттік даму дәуірінің бастауы деп үміттенеміз. Алдағы кезеңде Конституция жобасы кең көлемде талқылаудан өтіп, түпкілікті шешімнің референдум арқылы қабылданатыны белгілі. Бұл – әрбір азаматтың ел болашағына тікелей қатысуына мүмкіндік беретін тарихи сәт», – деді Қазыбек Дауталиев.
Жүздесуде «Жастар Рухы» ЖҚ-ның Алматы облыстық филиалының төрағасы, облыстық жалпыұлттық коалиция мүшесі Әділет Айтқазы Әділет Нұрболатұлы бастаған жалынды жастар сөз сөйлеп, Конституцияның жаңа жобасымен толық танысқанын айтып, қолдау білдірді.




