Әрбір бала қауіпсіз ортада білім алып, өз ойын еркін жеткізіп, құрдастарымен сыйластықта өмір сүруге құқылы. Осы қарапайым қағидалардың өзі баланың құқықтық сауаттылығымен тығыз байланысты. Сондықтан мектептегі тәрбие жұмысының маңызды бағыттарының бірі – оқушыларға өз құқықтары мен міндеттерін түсіндіру.
Мектеп психологы ретінде оқушылармен әңгімелесу барысында олардың өз құқықтарын қаншалықты білетініне назар аударамын. Кейде бала өзіне жасалған әділетсіз қарым-қатынасты қалыпты жағдай деп қабылдауы мүмкін. Мысалы, үнемі мазақ ету, кемсіту, қорқыту немесе әлеуметтік желіде келемеждеу – жай ғана әзіл емес екенін бала түсінуі қажет.
Буллингтің алдын алуда ең маңыздысы – мәселені уақытында байқау. Баланың мінез-құлқындағы өзгерістер, тұйықталуы, мектепке баруға құлықсыз болуы немесе құрдастарымен араласудан қашуы назардан тыс қалмауы тиіс. Мұндай жағдайда баланы кінәламай, оның сөзін тыңдап, қажетті психологиялық және құқықтық көмек көрсету маңызды.
Заң мен тәртіпті сақтау тек жазадан қорқу деген сөз емес. Бұл – өз әрекетіңе жауап бере білу, басқа адамның ар-намысы мен құқығын құрметтеу. Әр оқушы өз құқығын білгенімен қатар, өзінің де белгілі бір міндеттері бар екенін түсінуі керек.
Балаға заңды түсіндіру кезінде құрғақ ережелермен шектелмей, күнделікті өмірдегі нақты жағдайлар арқылы мысал келтіру тиімді. Мектепте өткізілетін кездесулер, пікірталастар, тренингтер мен түсіндіру сабақтары оқушылардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Ата-ана мен мектептің бірлескен жұмысы да ерекше маңызды. Бала өз мәселесін ашық айта алатын, өзін қауіпсіз сезінетін орта қалыптасқанда ғана көптеген келеңсіз жағдайдың алдын алуға болады. Сондықтан әрбір ересек адамның міндеті – баланы тыңдау, түсіну және қажет кезде қолдау көрсету.
Заңды білу – тек өз құқығыңды қорғау емес, өзгенің құқығына құрметпен қараудан басталады. Ал құқықты құрметтейтін, жауапкершілікті сезінетін жас ұрпақ – қоғамдағы тұрақтылық пен қауіпсіздіктің берік негізі.
Ермұрат БОЛАТБЕКҰЛЫ,
Жәменке орта мектебінің педагог-психолог маманы
Қақпақ ауылы,
Райымбек ауданы
