Бүгінгі таңда облыс көлемінде 2024-2025 жылдардағы жылыту маусымына дайындық асқан мұқияттылықпен жүргізілуде. Аймақтың Балқаш, Еңбекшіқазақ, Іле, Қарасай, Талғар аудандары мен Қонаев, Алатау қалалары орталықтандырылған жылумен қамтылған. Жылу желілерінің жалпы ұзындығы 173 шақырымды құраса, олардың орташа тозуы 42 пайызды көрсетуде.
Алдағы жылыту маусымына өткен жылы 8,8 млрд теңге бөлінген болса, биыл бұл қаражат көлемі 8,3 млрд теңгені құрады. Оның ішінде бюджеттен жылумен жабдықтау нысандарын жөндеуге 1,7 млрд теңге, отын сатып алуға 4,7 млрд теңге бөлінді. Мекемелер есебінен 1,9 млрд теңгенің жұмысын жүргізу жоспарланған. 2024-2025 жылдардағы жылыту маусымына алдын ала қажеттілік 15 млн литр дизель отыны мен 4,4 мың тонна көмірді құрап отыр. Көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 300 мың литр дизель отынына және 200 тонна көмірге төмендеді. Отын сатып алуға қажетті қаражат толық көлемде бөлінді. Бүгінде отынның жеткізілген көлемі сұйық отын бойынша – 9,4 млн литр, қатты отын – 4,4 мың тонна.
Биыл 43 қазандықты жөндеу жоспарланған. Оның 40-ы ағымдағы жөндеуді, 3-еуі күрделі жөндеуді талап етті. Бүгінде қазандықтардың жөндеу жұмысы аяқталды. Сонымен қатар Іле ауданында 10 қазандықты ауыстыруға бюджеттен 800 млн тенге бөлінді. Қазіргі таңда жоспар 50 пайызға орындалған.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы энергетика және қуат үнемдеу бөлімінің басшысы Ержан Әділет: «Іле ауданы Боралдай ауылында 5 қазандық жөнделуде. Боралдай ауылында жалпы 7 қазандық бар. Соның 4-уіне жөндеу жүргізіліп, жаңа қазандықтар қойылса, кейбірінің қуаттылығы арттырылды. Осы қазандықтардың құрылысы Боралдай ауылының тұрғындарын тұрақты орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Облыс бюджетінен жалпы Іле ауданындағы 5 жоба мен Боралдай ауылындағы 4 жобаны жүзеге асыруға 800 млн теңге бөлінген болатын. Шілде айында қаржы бөлінгеннен бастап мердігер анықталып, жұмыс жүргізілуде. Бүгінде қазандықтар орнатылып, ғимараттардың қабырғалары көтірілді. Бұйырса, осы айдың соңына дейін төбелері жабылады. Содан кейін қазандықтарды іске қосып, тексеру жұмысы басталады», – деп мәлімдеді.
Жылыту желілері бойынша 3,5 шақырымды жөндеу жоспарланса, соның 2,9 шақырымы күрделі жөндеуді, 0,6 шақырымы ағымдағы жөндеуді талап еткен. Бүгінгі күні аталған бағыттағы жұмыстар аяқталды. Сондай-ақ, бюджет есебінен 190 шақырым электр желілері қайта жаңартылады, «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ-ның қаражаты есебінен 4 қосалқы станса, 75,3 шақырым электр желілеріне күрделі жөндеу және 110 қосалқы стансаға ағымдағы жөндеу жүргізіледі. Бүгінгі таңда орындалған жұмыс көлемі 193 шақырым электр желісі мен 104 қосалқы стансаны құрайды, кестеден арттақалушылық анықталған жоқ.
Облыс аумағында 1102 әлеуметтік нысан жұмыс істейді, дайындық көрсеткіші – 1097 нысан немесе 99 пайызды құрайды. Оның ішінде білім беру, денсаулық сақтау, спорт нысандары толығымен дайын, мәдениет мекемелерінің дайындығы 97 пайызды көрсетуде.
Көппәтерлі тұрғын үйлерді орталықтандырылған жылумен қамту бойынша да жұмыстар белсенді жүргізілуде. Облыс аумағында 1990 көппәтерлі тұрғын үй бар, оның 1890-ы орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етілген. Былтыр олардың қатары 1277 үй болса, биыл бұл көрсеткіш Еңбекшіқазақ ауданында жаңа 5 блокты-модульді қазандықтардың пайдалануға берілуіне байланысты өсті. Көрсеткішті арттыру үшін тағы 52 блокты-модульді қазандық орнату керек. Осыған орай Еңбекшіқазақ ауданында – 25, Талғар ауданында – 19, Іле ауданында 8 қазандықтың жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеу жүргізілуде. Аталған блокты-модульді қазандықтардың құрылысы 110 көппәтерлі тұрғын үйді орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Талғар ауданы бойынша бүгінде 4 жоба бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізуге келісімшарт жасалды. Тағы 4 жоба бойынша мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Қалған 11 жоба мемлекеттік сараптамадан өту барысында.
Дебиторлық берешек жағдайы бойынша оң динамика байқалады. Өткен жылмен салыстырғанда, берешек 1 697,6 млн теңгеге төмендеді. Бүгінгі таңда дебиторлық берешек 499,8 млн теңгені құрайды. Олардың ішінде жеке тұлғалар – 40,9 млн теңге, заңды тұлғалар – 458,9 млн теңге берешек. Негізгі берешекті жылу және электр қуатын тұтынушылар құрауда. Атап айтқанда, жылумен жабдықтау бойынша өтелуі тиіс қарыз 16,4 млн теңгеге және электр энергиясы бойынша 468,3 млн теңгеге жеткен. Әкімдік берешекті өтеу қажеттілігі бойынша халықпен түсіндіру жұмысын жүргізуде. Жылумен жабдықтау бойынша берешек алдағы жылыту маусымы басталғанға дейін толық өтеледі деп күтілуде.
Көмірге қажеттілік 714,3 мың тоннаны құрайды. Тұрғындарды қатты отынмен үздіксіз қамтамасыз ету үшін өңірлік операторлар көмір кен орындарымен келісімшарттар жасады. Бүгінгі таңда жинақтау орындарына 156,2 мың тонна көмір келіп түсті, орташа бағасы тоннасына 18500-23000 теңгені құрап отыр.
Бейбіт МЕКЕЕВ