Қонаевта Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің төрағалығымен Көлсай және Есік көлдерінің туристік тұжырымдамасын дайындау жайы талқыланды. Жиында сөйлеген “STRATA” сәулет-жобалау компаниясының өкілі Мадина Бисалиеваның сөзінше, Саты ауылы Көлсайға келетін туристер табан тірейтін алғашқы аумақ болғандықтан ауылды дамытатын жаңа жоспар қажет. Компания осы бағытта Саты ауылында визит-орталық, коворкинг және қолөнершілерге арналған арнайы аймақ құру керек дейді. Туристер саны жылдан жылға артып келе жатқандықтан, ауылда әуелі қонақүйлер көптеп салынуы керек және олар түрлі стильде болғаны жөн. Одан кейін жүрек жалғап алатын ыңайлы тамақтану орындары, ат байлайтын, итпен серуендейтін алаңқайлар және велосипед жолдарын салу қарастырылған.Туристер уақытын пайдалы өткізу үшін ашық аспан астындағы кинотеатр мен спорт алаңдары да артық етпейді.
Облыс әкімінің алдында талқыға салынған келесі мәселе, «Nomad Lands» көшпенділер қалашығын салу жобасының тұжырымдамасын әзірлеу барысы болды. Аталған қалашықты Қонаев қаласының маңында салу жоспарланған. «Онда көлік құралдарына арналған тұрақ, садақ алаңы, ипподром, этноспортқа лайықталған аймақ жасауға болады», – деді жоба жетекшісі Нұрсұлтан Қасенов. Мұнда болашақта қалашық құрылған жағдайда көшпенділер ойыны ойнатылатын болады.
Жиында салынатын инфрақұрылымдардың экожүйенің тұтастығын бұзбау жайы да қаралды. Мысалы, Көлсайға көліктердің кіруін шектеу, туристер ағынын ескеру қажеттігі айтылды.