Облыстық экология департаментінің хабарлауынша, департамент қарауына Еңбекшіқазақ ауданының Шелек полиция бөлімінен экологиялық талаптардың бұзылғаны туралы құжат түскен. Осыдан кейін департамент өкілдері жергілікті атқарушы органдардың және полиция бөлімінің қызметкерлерімен бірлесіп, Шелек ауылының батыс бөлігінде орналасқан рұқсат етілмеген қоқыс орнына және «Балис 2007» ЖШС-нің аумағына шығып, зерттеу жұмыстарын жүргізген. Оның барысында қатты-тұрмыстық, медициналық қалдықтардың заңсыз үйінділері және белгісіз қара сұйықтықтың төгілгені анықталған.
Департамент Шелек ауылының жергілікті атқарушы органына және «Балис 2007» ЖШС өкілдеріне қатты тұрмыстық, медициналық қалдықтардың заңсыз үйінділері мен белгісіз қара сұйықтықты жоюға бағытталған шаралар қабылдау туралы тапсырма берген.
Департамент аталған құжат негізінде «Балис 2007» ЖШС-не Экологиялық кодекстің талаптарын бұзды деп танып, хаттамалар толтырып, жиыны 517 500 теңгеге қысқартылған түрде айыппұл салды. Сондай-ақ, Экологиялық кодекстің «Ластағыш заттардың жер бетіне немесе жердің құрамына немесе топыраққа тікелей немесе жанама түсуі» бабы бойынша талаптарды бұзғандығы үшін де айыппұл салынды.
Табиғатты қорғау талаптарына салғырт қарағандардың ішінде әкім де бар. Енбекшіқазақ ауданы Шелек ауылдық округінің әкімі С.Абдихалиевке Экологиялық кодекстің 320-бабы (қалдықтарды жинақтау және орналастыру) талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырылып, 172 500 теңгеге қысқартылған түрде айыппұл салынды.