Облыс аумағында 361 мемлекеттік органда штатта 4156 қызметкер мемлекеттік қызмет атқарады. Мемлекеттік аппараттың кәсіби деңгейін арттыруда 2022 жылы атқарылған жұмыстар жетерлік. Жоғары оқу орындарында 621 мемлекеттік қызметкер оқуын аяқтап, оның 518-і біліктілігін арттыруға, 103-і қайта даярлауға жіберілген. Биыл 673 әкімшілік атқарушыларды оқыту жоспарланған.
Былтыр мемлекеттік қызметкерлердің тәжірибесін толыстырып, біліктілігін арттыратын оқу орталығы Алматы қаласында болған. Ал биыл Қонаевтағы көпсалалы колледж ғимаратында алғашқы сабақтар өткізілуде. Мемлекеттік қызметкерлер өндірістік тәжірибе арқылы шыңдалып, еркін пікір алмасуға мүмкіндік алады. Былтыр 69 қызметкер білімін арттырса, функционалдық бағыттарға сәйкес квазимемлекеттік және жеке секторлар бойынша 33 қызметкер тәжірибесін көтерді.
Айта кетерлігі тағылымдама институтын жетілдіру мақсатында тағылымдамадан өту қағидаларына агенттіктің бұйрығымен өзгерту енгізілген. Бұл өзгерту бюрократиядан арылтуға және жеке нормаларды нақтылап, қажетті тіркемелер санын азайтып, есеп беру жүйесін жеңілдетуге бағытталмақ. Тағылымдамадан өту бағасын біліктілігін арттырушы қызмет атқаратын органдағы басшысы енгізеді. Сондай-ақ, тағылымдамадан өту мерзімдері мен шектеулер белгіленген. Мемлекеттік қызметке алғаш қабылданған қызметкерге практикалық көмек көрсету үшін тәлімгер бекітіледі. Тәлімгерлер қатарына кемінде екі жыл тәжірбиесі бар, кәсіби қасиеттерге ие, нәтижесі жоғары, ұжымда беделді қызметкерлер кіре алады. Өткен жылы бірінші рет әкімшілік лауазым иеленген мамандарға 249 тәлімгер тағайындалған. Сондай ақ, мемлекеттік қызметке кіру үшін 1843 үміткер конкурсқа қатысып, 1039-ы әкімшілік лауазым иеленді.
Биыл қызметке қабылдау жүйесіне өзгеріс енді. Жоғары оқу орны және білім беру бағдарламаларын белгілеген мәннен төмен емес бағамен бітірген үміткер бір жыл ішінде конкурс өткізілместен “Б” корпусының мемлекеттік қызметтеріне кіре алады. Жиын барысында Ләззат Мұқатайқызы 7 адамнан тұратын Әдеп жөніндегі кеңестің құрамын 11 адамға дейін кеңейту жоспарын жеткізді. Ол өз сөзінде:
– Былтыр Әдеп жөніндегі кеңестің 8 отырысы өтіп, 99 мәселе шешімін тапты. Оның ішінде 47 тәртіптік іс терең қаралды. Нәтижесінде, 3 тәртіптік істі мемлекеттік қызмет беделіне нұқсан келтіретін теріс қылық көрсетті деп бағалап, 34 тұлғаға тәртіптік жаза қолдану ұсынылды, – деп атап өтті.
Әдеп нормаларын бұзу фактілерінің алдын алу, әдептілік деңгейін арттыру мақсатында Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері БАҚ арқылы семинарлар, дәрістер, баяндамалар, түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуде.
Құралбек Сәбитов