Ақпанның 17-сінде өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық туризм басқармасының басшысы Айбар Теменов ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесті.
Қазақстандағы туристік саланың даму деңгейі бойынша Алматы облысының көшбасшылар қатарында екендігін тілге тиек еткен Айбар Талғатұлы туризмді дамыту бойынша жүзеге асырылып жатқан ілкімді істерге тоқталды. Сондай-ақ, осы салада «көлеңкелі» экономиканың едәуір үлесі бар екенін де жасырмады.
– Қонаев қаласы облыс орталығы мәртебесін алғаннан кейін Қапшағай су қоймасының жағалауында даму әлеуеті едәуір артты. Бұл сапалы ақпарат беретін, туристік ағындарды, туристік навигацияны, кәдесый дүкендерін басқаратын кеңес берушісі бар ақпараттық нүктелер желісі болатын заманауи визит-орталықты талап етеді. Туристік ағынның жыл сайын ұлғаюына байланысты Көлсай көлдері мен Қайыңды көлінде жаз кезінде кеңес беру, туристер мен қонақтарды қызықтыратын мәселелер бойынша ақпараттандыру және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін туристік полицияның жұмысын ұйымдастыру қажет,- деді Айбар Теменов.
Арнайы туристік іс-шараларға қатысу және облыс аумағында бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыру арқылы шетелде және Қазақстан ішінде туристік өнімнің кең маркетингі туристік әлеуетін табысты дамытудың кепілі екенін атап өтті. Сонымен бірге облыста соңғы жылдары 200-ге жуық туризм нысандары пайдалануға беріліп, туристік ағын үш есеге жуық өскендігін жеткізді.
– Облыс бойынша соңғы жылдары 200-ге жуық туризм нысандары пайдалануға берілді. Туристік ағын үш есеге жуық өсті және жылына шамамен 1,2 миллион адамды құрады. Әзірленген туристік маршруттардың саны да айтарлықтай өсті. Лицензиялық негізде 100-ден астам туристік фирма жұмыс істейді. Танымдық, экологиялық, орнитологиялық, санаторлық-сауықтыру, этнографиялық және басқа да туризм түрлерін қамтитын 120-дан астам туристік маршруттар әзірленді.
Аймақтың географиялық орналасуының ерекшеліктері туризмнің түрлі тәжірибелерін қалайтындардың мүдделерін қанағаттандыра алады. Туризм басқармасы іс-шаралар жоспарын жоғары деңгейде іске асыру үшін қолданыстағы заңнамалық талаптарға сәйкес әрі қарай жүзеге асыратын болады,-деді А. Теменов сөзінің соңында.
Айжарық Көптілеуов