Қазіргі таңда тәуелсіздік алған мемлекетімізде зорлық-зомбылыққа жол жоқ. Оның етек алуы отбасынан басталады. Отбасындағы салауаттылық – өркениетті қоғамның талабы, өйткені ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан дәстүрлер мен мұраттар көбінесе отбасында дамып, қалыптасады.
Балалар – еліміздің болашағы. Тек балалар үйінің тәрбиеленушілері ғана емес, қарапайым отбасы балалары да зорлық көруде. Барша адамның жауына айналған алкоголь ішімдіктері көптеген адамдарға зардабын шектіруде. Ішімдікке масайған ата-ана, балаларын қараусыз қалдырып, оларға қол жұмсап, тағдырдың тәлкегіне салады.
«Жақсыдан жаман туады, бір аяқ асқа алғысыз. Жаманнан жақсы туады, адам айтса нанғысыз» дейді халқымыз. Отбасындағы ата-ананың мінез құлқы – баланың көз алдындағы үлгі-өнеге алатын, оған қарап өсетін айнасы іспетті. Нашақорлық, темекіге, ішімдікке үйірлік бұзықтық жолға түсіп зорлық-зомбылық жасауға итермелейді, еңбек етуге, қоғамға, денсаулыққа, ұрпаққа, отбасына зиянын тигізеді. Зорлық-зомбылық тәрбиесіздіктен де туындайды. Осы орайда Ақсеңгір ауылының орта мектебінде балалардың құқықтарын күшейту, кәмелетке толмағандар арасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша және кәмелеттік жасқа толмағандар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, нашақорлық, есірткі, темекі, спирттік ішімдіктерді тұтынудың алдын алу бойынша мектепішілік іс-шаралар, «Балаларға қатысты зорлық-зомбылық және қатыгездік көрсетудің алдын алу жөніндегі 2022-2023 жылдарға арналған ведомствоаралық бірлескен іс қимыл жоспары» негізінде мектепішілік іс-шаралар жоспары құрылып, бекіттірілді. Мектепте кәмелетке толмағандардың құқықтарын бұзу және зорлық мәселелері бойынша «Сенім телефондары» мен «Сенім жәшіктері» орнатылған. Әлеуметтік педагог Г.Кадыркулова мен педагог-психолог Б.Ораз сынып жетекшілермен бірігіп, оқу жылы басында оқушылардың әлеуметтік жағдайларын анықтайды. Аз қамтылған, өгей ата-анасымен тұратындар мен көпбалалы оқушылар тізімі анықталып, құжаттар жинақталады. Зорлық-зомбылыққа байланысты сауалнама, коррекциялық жұмыстар жүргізу нәтижесінде «Қатерлі топ», «Қиын» оқушылардың тізімін анықтайды. Сонымен қатар педагог-ұйымдастырушы Б.Сарайұлы оқушылардың бос уақытын ұйымдастыруда мектептегі үйірмелер мен секцияларға қатысуын қадағалап, жүргізілуін назарға алады. Кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы әрекет етуге бағытталған ата-аналар арасында жиналыстар өткізіледі. Ата – ана комитеті Н.Малдыбаева ата-аналар арасында «Әке мен шешенің тәрбиелік маңызы» атты тақырыпта баяндама оқыды. Сонымен қатар «Ата-ана болу керемет!» ата-аналарға арналған жадынама тарату жұмыстары жүргізілді. «Сырласу» қыздар клуб жетекшілері мен «Ерсұлтан» ұлдар клуб жетекшілері жасөспірімдерге жыныстық және репродуктивтік мәселелер бойынша консультативтік кеңес беріп, кездесулер ұйымдастырады. Салауатты өмір салтын насихатайтын түрлі іс-шаралар мен кездесулер ұйымдастырылып отырылады.
«Тәрбиесіздік – ол адамзаттың қас жауы, тәрбиесіз берілген білім келешекте адам өміріне апат әкеледі» деген ұлы бабамыз Әбу Насыр әл-Фараби. Балалар құқығын қорғау – егемен еліміздің асыл құндылықтарының бірі. Сол үшін өскелең ұрпақтың дұрыс тәрбие алып, қоғамдағы құқықтарының сақталуы жолында аянбай еңбек етуі керек. Балаларға қамқорлық жасау, баланың абыройы мен құқықтарын құрметтеу – бұл тек мемлекеттің емес, сонымен қатар әрбір адамның міндеті.
Алматы облысы, Жамбыл ауданы
Бөбек Алпамысқызы, «Ақсеңгір ауылының орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі
директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары