Алматы облысында сирек кездесетін қымбат қару және оқ-дәрілер жасырылған орын анықталды деп хабарлайды облыстық полиция департаменті.
Қару-жарақ пен оқ-дәрілер тығылған орын 17 ақпан күні Алматы облысы полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру іс-шаралары кезінде Жамбыл ауданы Қарғалы ауылынан табылған.
“Тексеру барысында Remington 308 калибрлі иір ойықты мылтық карабині, екі оқжатары бар DSR 338 калибрлі жоғары дәлдіктегі мерген карабині табылып, тәркіленді. Сонымен қатар, Макаров тапаншасының 10 оғы табылды” делінген департамент хабарламасында. Полиция дерегінше, аталған қару-жарақтар қаңтар оқиғасы кезінде “Қорған” қару дүкенінен ұрланған қарулар тізіміне кіреді. Алдын ала бағалау бойынша, бір ғана жоғары дәлдіктегі карабин шамамен 10 млн теңге тұрады.
Бұл факт бойынша Қылмыстық кодекстің 287-бабының 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс тіркелді.