Тағдырдың жазуынан ешкім аса алмайды. Жалаңаш ауылының Динара есімді қызы Қостанай жаққа неміс азаматына үйленеді. Кейін Динара Ивандай жарымен Жалаңаш ауылына көшеді.
Қазір Динара ауылдағы Ж.Ермегияев атындағы орта мектептің мұғалімі. Ал, Иван мал шаруашылығымен айналысуда. Келешекте ферма ашсам деген ниетте. Динара мен Иванның 2009 жылы қаңтардың тұп-тура 1 жұлдызында дүниеге келген Дыцель Николай Иванұлы атты алтындай ұлдары бар. Жалаңаш ауылындағы Ж. Ермегияев атындағы орта мектептің 9 «Б» сыныбында оқиды. Жалаңаш ауылының тұрғындары, сыныптастары, ұстаздары бәрібәрі «Никоша» деп атап кеткен. 14 жасар Никоша ұзын бойлы, еңселі, қарулы бала. Мектепте бокспен шұғылданған. Нағашы атасы Нұркен осы Жалаңаш ауылында тұрады. Он саусағы өнерге толы бесаспап азамат. Әжесі Роза Ж. Ермегияев атындағы орта мектептің үлгілі ұстазы.
– Бірде көлікпен келе жатып қасқырдың арланын кезіктірдік. Мұндай жүйрік болар ма, бізді көріп, заулап берді. Бір оқпен жер жастандырдық. Сол жерде оны сойып, қасымызға келіп қалған адамдар іш құрылысындағы керектілерін, емдік қасиеті барын алып жатыр. Бір қария маған: «Үйіңде өсіп келе жатқан бала бар ма? Қасқырдың жүрегін жегіз. Мықты жігіт болып өседі», – деді. Содан үйге әкеліп, үш рет қайнатып, қуырып, балаларыма беріп едім. Бірлі-жарымы жемеді. Ал, 4 жасар Никошам талғамай жеп алды. Кішкентай кезінде қасқырдың жүрегін жегенін елдің бәрі біледі. 5 жасында тай сатып алып бердім. Соны мініп жүрді. Қазір жарамды аты бар. Шүкір, жақсы жігіт болып өседі деген сенімдеміз, – дейді нағашы атасы Нұркен.
Сол Никоша ұлтымыздың тілін, әдет-ғұрпын жақсы көріп өсіп келеді. Қазақша таза сөйлейді. Мұқағалидың бірнеше өлеңін жатқа біледі. Әсіресе, ақынның «Үш бақытым» атты өлеңін тебірене оқиды. Осы баланың ұлтымыздың көкпар секілді ойынына деген шексіз ықыласын айтсаңызшы?! Аттың құлағында ойнайды. Жалпы, ауыл тұрғындары Никошаны жақсы көреді. Нағашы атасы Никошаның көкпарға деген пейілін байқап, қолдан сирақтары бар көкпарға тартатын ауыр бұйым жасап беріпті. Қазір Никоша үлкен азаматтармен бірге тізе қосып, көкпар тартып, салым салып жүрген жайы бар. Асылы, тілімізді құрметтеген, салт-дәстүрімізді бойына сіңіріп өскен жан жаман болмайды. Ендеше, Никошадай баладан күтер үмітіміз мол.
Қанат Біржансал
Кеген ауданы