Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевты қабылдап, қаланың әлеуметтік-экономикалық ахуалы туралы есебін тыңдады деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Ерболат Досаев президентке қаланың 2040 жылға дейінгі жаңа бас жоспарын әзірлеу жайын баяндады. Оны дайындау барысында мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 қарашада Алматы жұртшылығымен кездесуінде айтқан тапсырмалары ескерілген.
Президент қаланың сейсмикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша ұсынылған шаралар мен биылғы екінші жартыжылдықта сейсмоаудит жүргізу жоспарын мақұлдады. Бұл қаладағы нысандардың құжаттарын жаңартуға мүмкіндік береді.
Кездесуде әкім Досаев мемлекет басшысына Алматы қаласының әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы есеп берді.
Ақпан айының басында Түркия мен Сирияда жойқын жер сілкінісінен жүздеген ғимарат қирап, мыңдаған адам қаза тапқан соң Қазақстанның сейсмикалық қауіпті аймағы саналатын Алматы қаласында ғимараттар мен көп қабатты тұрғын үйлердің сейсмикалық жай-күйіне қатысты алаңдаушылық көбейген.