Қазақстан премьер-министрі Әлихан Смайылов Жетісу облысына жұмыс сапарымен барып, өңірдің транспорт-логистикалық және агроөнеркәсіп әлеуетінің дамуымен танысты. Бұл туралы премьер-министрдің баспасөз қызметі хабарлады.
Сапар барысында премьер-министр Талдықорған-Қалбатау-Өскемен, Үшарал-Достық, Сарыөзек-Көктал, Лепсі-Балқаш жолдарын реконструкциялау жайымен танысты. Смайылов іске асырылып жатқан шаралардың және халықаралық экономикалық ахуалдың әсерінен Қазақстан Азия мен Еуропа арасында маңызды құрлық жолы өтетін дәлізге және әлемдік маңызы бар транспорт-транзиттік торапқа айналып келе жатқанын айтты.
«Жетісу облысының транзиттік әлеуетін арттыруға ресурстар жеткілікті. Облыс аумағында «Достық» және «Нұр жолы» халықаралық өткізу бекеттері, «Достық» және «Алтынкөл» шекаралас теміржол станциялары орналасқан, халықаралық транзиттік маршруттар өтеді. Аймақтың транспорт-логистикалық саладағы бар мүмкіндіктерін барынша іске қосу керек», – деді Смайылов.