23-24 ақпан күндері Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) мүшелері Константин Петров пен Сәбила Мұстафина 19 наурызда өтетін парламент мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауына дайындық және өткізу мәселелері бойынша Алматы қаласы, Алматы және Жетісу облыстарында көшпелі семинар-кеңестер өткізді.
Орталық сайлау комиссиясының хабарлауынша, көшпелі семинар-кеңестерге жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, облыс прокуратураларының қызметкерлері, аумақтық сайлау комиссияларының мүшелері, кандидаттардың сайлауалды штабтарының өкілдері, халықаралық байқаушылар мен БАҚ өкілдері қатысты.
Орталық сайлау комиссиясының мүшелері қатысушыларға сайлау заңнамасының барлық жаңалықтарын және сайлау алдындағы үгітті қаржыландыру мәселелерін түсіндірді, сондай-ақ 29 бірмандаттық округ бойынша ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидаттарды тіркеу бойынша қорытындыларды жеткізді.
Алматы облысы әкімі аппаратының басшысы Төлеген Сәрсембаев облыс тұрғындары өздерінің сайлау учаскесі туралы ақпаратты және өздерін сайлаушылар тізімінен «Сайлаушыларды іздеу» онлайн-сервисінде, телеграмм-ботта, сондай-ақ 10 ауданда және Қонаев қаласында бар Call-орталықтар арқылы тексере алатынын баяндады.
Бүгінгі таңда кандидаттардың сайлаушылармен кездесулерін өткізу үшін 197 үй-жай және көрнекі үгіт-насихат жүргізу үшін 709 орын анықталған.
Сайлау учаскелерінде мүмкіндігі шектеулі 1353 азаматқа ерекше жағдай жасалып отыр. Атап айтқанда, ең алдымен облыс орталығында және барлық аудандарда дауыс беру күні «Инватакси» қызметінің 18 автокөлігі тартылады. 601 учаскенің 595-і пандуспен, 390-ы кіру берісте тактильді көрсеткіштермен жабдықталған.
Бұдан басқа, дауыс беру кезеңінде мүгедектігі бар адамдар үшін барлық учаскелерде бұрыштар ұйымдастырылады және кабиналар жабдықталады. Есту қабілеті бұзылған сайлаушыларға ыммен түсіндіретін мамандар көмектеседі.
ОСК мүшелері аумақтық сайлау комиссияларына нақты кейстер негізінде іскерлік ойын түрінде тренингтер өткізді.
Тренингтер барысында сайлау комиссияларының мүшелері дауыс берудің барлық барысын қамтитын учаскелерде дауыс беру процесін көрсетті. Олар дауыс беру күні учаскелік сайлау комиссияларының дауыс берушілерді тіркеуден бастап, бюллетеньдер беру және барлық жұмыс аяқталғанға дейін қалай жұмыс істейтінін көрсетті.
Семинар-кеңес соңында Орталық сайлау комиссиясының мүшелері аумақтық сайлау комиссияларының мүшелерін қызықтыратын барлық сұрақтарға жауап берді.