Қонаев қаласында жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың туғанына 177 жыл толуына орай «Ғасыр ғұмыр жасаған ғажап ақын» атты салтанатты шара өтті.
Шарада алдымен орталық алаңдағы Ж.Жабаев ескерткішіне гүл шоқтары қойылды. Одан кейін жиналған қауым қалалық Мәдениет үйінің фойесінде орналасқан Жамбыл ауданындағы Жамбыл Жабаевтың әдеби-мемориалдық мұражайынан арнайы әкелінген жәдігерлерді тамашалады.
Мұражай директоры Салтанат Жамбылова ақынның қолданған және өмірі мен шығармашылығына байланысты әрбір жәдігерді таныстырып, тарихынан сыр шертті. Көрмеде жыр алыбының шығармалары, ұстап-тұтқан жеке заттары, сыйлыққа берілген кәдесыйлары, орден-медальдары, өзінің және шәкірттерінің домбырасы көпшілік назарына ұсынылды. Салтанатты шара шымылдығы Жамбыл аудандық Мәдениет үйі жанынан құрылған «Сүйінбай» халық театрының қызметкерлері әзірлеген «Ұлы даланың жыр жолбарысы» атты театрландырылған қойылыммен түрілді. Жамбылды ұлықтаған жиында алғашқы сөз кезегі облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевке берілді.
– Атадан балаға мирас ретінде жалғасқан сөз өнерінің айшықты бір саласын қаз-қалпында жеткізуші тұлғаның бірегейі – Жамбыл Жабаев. Ол – Алатаудың төрінде, жыр құндағында, əн мен күйдің алтын бесігінде тербетіліп өскен. Атақты Сүйінбайдан бата алып, 35 жыл ақынның қасында жүрді, ұлы ұстазын пір тұтты. Балалық пен даналықтың арасында өмірдің ақиқат шындығын, елінің асыл арманын, ізгі мұратын жырлады. Өзінің жауһар жырларымен туған халқының қошеметіне бөленді. Есімі əлемге аңыз болып тарады. Соңғы 2 жыл ішінде ақынның мұраларын насихаттайтын «Жамбыл əлемі» атты 30 томдық кітап жарық көрді, атақты ғалымдардың еңбектерімен тағы 10 томдық жинақ оқырман қауымға жол тартты. Анкара қаласында «Жамбыл Жабаев» атты кітаптың тұсауы кесілді. От ауызды, орақ тілді ақынның мұралары болашақта терең зерттеліп, кейінгі ұрпаққа асыл қазына болып қалары сөзсіз, – деді облыс басшысы.
Марат Елеусізұлы сөзінің соңында Жамбыл Жабаевтың мол мұрасын тек мерейтойда ғана емес, әр жыл сайын жүйелі түрде жас ұрпақтың санасына сіңіруіміз қажет екенін айтты. Келесі кезекте ақын, драматург, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрлан Оразалин облыстың Қонаев есімін еншілеген жаңа орталығындағы Жамбыл рухына арналған осынау шараны жырдың ғана емес, ұлттың мәртебесін асқақтату деп бағалайтынын атап өтті. Қаламгер өз сөзінде қызыл жолбарысымен кие қонған Ж.Жабаевтың қазақ халқының тұншығып бара жатқан жыраулық әлемін, ақындық дүниесін қайта түлетіп, ерекше биікке көтергенін айтты. Жиында белгілі жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жамбылтанушы, Алматы облысының Құрметті азаматы Нағашыбек Қапалбекұлы сөз алып, көзі тірісінде «ХХ ғасырдың Гомері» атанған жыр дүлдүлінің өмір жолына шолу жасап, жеткен жетістіктерін келелі әңгімесіне арқау етті. Қоғам қайраткерінің поэзия алыбы туралы кіршіксіз көңілмен жүйелеп сөйлеген сөзінен оның өмірі мен қызметі және рухани байлығы соғұрлым айқындала түскендей әсер қалдырды. Н. Қапалбекұлы ақынның телегей теңіз жырлары тек 90 жасқа келгеннен кейін ғана жазылып алына бастағанын, одан бұрынғы өлеңдері қағазға түспегенін жеткізді. Өзі осыдан екі жыл бұрын ақынның 40 том мұрасын құрастырып, кітап етіп шығарғанын тілге тиек етті. Өз кезегінде сөз алған Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, жазушы, әдебиеттанушы Нұрдәулет Ақыш Жамбылдың айтыс ақыны болғанын, соның ішінде, қыздармен айтысын талдап берді. Салтанатты шара соңы «Сүйінбай сазы» халықтық фольклорлы-этнографиялық ансамблінің концерттік бағдарламасына жалғасты.
Салтанатты шара соңында көпшілік қалалық Мәдениет үйі алдында тұрған, Ж.Жабаев мінген көлікті тамашалап, естелік суретке түсті. Жамбыл Жабаевтың әдебимемориалдық мұражайының директоры С. Жамбылованың айтуынша, бұл көлік ақынға 1938 жылы мемлекет тарапынан сыйға берілген. Сол жылдары Қазақстанда мұндай көліктің небәрі алтауы ғана болған екен.
Қонаев қаласы,
Айжарық Көптілеуов