Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Қарасай ауданының жұртшылығымен жүздесті. Шамалған ауылындағы Мәдениет үйінде өткен шараға аудан тұрғындарымен қатар, облыстық және аудандық басқармалар мен мекемелердің басшылары, құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты.
Жиында алғашқы болып мінберге шыққан Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естенов өңірдің өткен жылы қол жеткен табыстары мен алдағы атқарылар жұмыстары жөнінде кеңінен тоқталып өтті. Бұл жерде өндіріс саласы өркендеп келе жатқан ауданның айта қаларлықтай табыстары бар екені рас. Атап айтқанда, өнеркәсіп өнімінің көлемі 537,1 млрд теңге болып, 2021 жылмен салыстырғанда 135,4 млрд теңгеге артқан. Бұл облыс өнеркәсібінің 33,4 пайызын құрайды.
Ауылшаруашылығына арналған жерлер шектеулі болғанымен, сала өнімдерінің көлемі 88,5 млрд теңгеге жеткен. Ауданда бүгіндері ауыл шарушылығы мақсатындағы жер көлемі 126,3 мың гектар десек, оның 70,3 мың гектары жайылымға арналған. Осыған байланысты өндірістік жылыжайларды, тауарлы сүт фермалары мен мал бордақылау алаңдарының санын арттыру мәселесі өзекті болып отыр.
Қарасай ауданында шағын және орта бизнес қарқынды дамып келе жатқаны анық. Мұнда бүгінде осындай кәсіппен айналысатын 21 079 нысан тіркелген. Шағын кәсіпорындардың саны – 2 885, жеке кәсіпкерлер қатары – 16 415, ал ауылшаруашылығы саласында – 1779 нысан жұмыс істейді. Олардан бюджетке түсетін төлемдер 27 млрд 412 млн теңгені құрап отыр.
Сонымен қатар Жасұлан Тоққожаұлы өз баяндамасында аудандағы тұрғын үй құрылысы, бөлшек тауар айналымы, бюджетке түсетін салықтар мен міндетті төлемдерді айта келіп, білім беру саласында шешімін күткен мәселелерге де тоқтала кетті. Атап айтқанда, ауданда 12 мектеп үш ауысымда жұмыс істейді. Қазіргі таңда құрылысы жүріп жатқан мектептер пайдалануға беріліп, «Жайлы мектеп» бағдарламасы бойынша салынатын жаңа форматтағы 12 мектеп аяқталғаннан кейін бұл мәселе толықтай шешіледі деп күтіліп отыр. Сол сияқты, денсаулық сақтау, бұқаралық спорт пен мәдениет салалары бойынша шешімін күткен мәселелер баршылық. Алдағы уақытта олар да кезегімен жүзге асырылмақ.
Келесі кезекте сөз алған облыс басшысы Марат Сұлтанғазиев алдымен өңірде атқарылған жұмыстар жайлы баяндады. Соның ішінде мемлекет басшысының ауылды дамыту бағдарламасына сәйкес облыста ауқымды шаралар атқарылатын болады. Бұл орайда бос жатқан және заңсыз берілген жерлерді қайтарып, халық игілігіне жаратудың маңызы зор.
Сонымен қатар өңірде өндіріс саласын одан әрі дамыту күн тәртібінен түспеуі керек. Бұл жерде темірбетон өнімдерін өндіретін еліміз бойынша баламасы жоқ «Алтын таға» сияқты кәсіпорындардың қатарын арттыру маңызды. Агроөнеркәсіп кешенінің облыстағы үлесі 12 пайыз болғанымен, саланы өндірістік бағытта дамыту басты назарға алынуы тиіс. Сондай-ақ ауылды қолдауға мемлекет тарапынан берілетін көмектің нақты адамдардың қолына тиюін қадағалау маңызды. Осыған байланысты облыс әкімінің орынбасарлары мен сала басшыларына нақты тапсырмалар берілді.
Марат Елеусізұлы өз баяндамасында өткен жылдан бері халықпен кездесулер барысында айтылған сын-ескертпелер мен ұсыныстар жайына тоқталып, олардың орындалу барысын баяндады. Солардың қатарында тұрғын үй, жер мәселесі, жол, ауызсу мен көгілдір отын мәселелері бар. Бұл жерде саяжайға арналған аймақтарда салынып кеткен ауылдар, ол жерлерге жол мен жарық жүргізу, газ құбырын тарту, мектеп пен балабақша салу өзекті жайттардың бірі болып қалып отыр. Алдағы уақытта осы саяжайларды жақын ауылдарға қосу, болмаса «ауыл» мәртебесін беру қарастырылып жатыр екен.
Осы және күнделікті тірлікке қатысты өзге де мәселелерді жан-жақты айтып өткен өңір басшысы жиынға келген жұртшылыққа сөз кезегін берді. Оларға жеке-жеке тоқталмай, жалпы көтерген мәселелерін түйіндеп айтар болсақ, халық ең алдымен үш айдан бері шешімін таппай келе жатқан «Сигма Газ» компаниясына қатысты үзілді-кесілді талап қойды. Құзырлы мекеме басшылары тексеру жүргізіліп жатқанын, мекемеге айыппұл салынғанын айтқанына қарамастан, ашынған ел оның нарықтан мүлдем кетуін талап етті. Сол сияқты, тұрғын үй салуға арналған жер учаскелерін беру, көшелерге асфальт төсеу, мектепте үш ауысыммен оқыту жүйесін жою, мүгедектікті анықтайтын комисияның жұмысын реттеу, үй-жайларға газ тарту бағасын төмендету мәселелерін қойды. Арасында, еліміздің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Талдықорғанда құлатылған ескерткішін Шамалғанға әкеліп қоюға ұсыныс та жасалды.
Облыс әкімі Марат Елеусізұлы мен аудан басшысы Жасұлан Тоққожұлы жұртшылықтың сөзін мұқият тыңдап, айтылған әр мәселенің шешімін табуын қадағалауға уәде берді. Жиын соңында облыс басшысы тұрғындарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады.
Қарасай ауданы,
Қуат Қайранбаев