Көктемнің алғашқы күнімен көңіл көкжиегін кеңейтіп, ыстық ықылас пен мейірім әкелетін Алғыс мейрамы да енді. Еліміз бойынша қанатын жайған «Рақмет саған Qazaqstan!» мерекелік іс-шарасы өңірімізде айрықша аталып өтті. Қонаев қаласындағы Мәдениет үйінің маңайына жиналған жұртшылықтың қарасы қалың. Барлығының жүзі жадыраңқы, көңілі шат-шадыман. Қиын-қыстау күндерде, адамдық қалпын елеп, өзге ұлт өкілдерінің қолтығынан демеген қазақстандықтарға ризашылығы шексіз түрлі этнос өкілдері шаттық мейрамның мерейін арттырды.
Мереке болып белгіленгеніне 8 жыл толған жылылығы мол, сыйластығы зор күннің бүгінгі бедері де бөлек. Ұлттық нақышта киінген орыс, татар, ұйғыр, шешен-ингуш, кәріс, күрд, грек халқының өкілдері арнайы алаңға жиылып, шатты күннің мәнінен сый ұғып, татулық туын көкке көтерді. Түрлі этностың таланты мен біліктілігінен безендірілген бұйымдар арнайы дайындалған көрме алаңын кереметке толтырды. Қазақ ауылы ұлттық ою-өрнегімен, қолөнер бұйымдарымен ерекшеленсе, орыс, татар, кәріс этномәдени орталықтары түрлі тағамдарын танытып, шешен-ингуш, грек, күрд өкілдері сән-салтанатымен дараланды. Езуінен ерекше ықылас білінген кейбірі ризашылық аурасын сездіріп ән арнап, би билеп ортаны сәнге бөледі.
Мәдениет үйінің фойесінде ұйымдастырылған «Біз алғысқа бөленген елде тұрамыз!» атты сурет көрмесінен нағыз шеберлік пен Отанға деген асқақ сезім аңғарылады. Әр туындының мәні мен мағынасына үңілсең қилы замандағы зарлы күнді қылқалам арқылы көрсетіп, ризашылықтың биік белгісін сезіндіреді. Сондай-ақ облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметін көрсететін арнайы ақпараттар қойылып, «Ұлы даланың ұлағаты» тарихи-этнографиялық көрмесі көздің жауын алады. Әр ұлттың өткенінен өзгеше сыр шертетін жәдігерлер мен танымды дүниелер елге деген асқақ қадірді танытады. Айтылар алғыстың асқақ екенін залдағы бос орынның болмауынан бірден аңғаруға болады. Үлкен экраннан басына күн туып Қазақстан топырағына табан тіреген түрлі ұлт өкілін өгейсінбей, бауырына басқан кеңпейіл қазақ жайлы деректі фильм көрсетілді. Сахнаға көтерілген облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев жиылған көпшілікті айтулы мерекемен құттықтап, Алғыс күнінің мазмұныны ашып, тағылымын танытты. Ол өз сөзінде:
– Егемен елімізде тату тіршілік пен жарасымды сыйластық жолында ниетіміздің тоғысқаны үшін бір-бірімізге алғыс айтамыз. Көпұлтты Қазақстан халқы үшін бұл мерекенің мәні – терең, маңызы – ерекше. Тарихи жадыны жаңғырту, ұрпақтар сабақтастығын сақтау, бірлігімізді бекемдеу басты мақсатымыз. Қамқорлық пен өзара көмек – елімізде достықтың бірегей атмосферасын қалыптастырды. Бүгінде азаматтарымыз егемен елімізді дамытуға, қастерлі қазақ жеріндегі бейбітшілікті, татулық пен келісімді нығайтуға өлшеусіз үлес қосуда, –деп атап өтіп, мереке аясында кешенді жоспар жасалып, онкүндік ішінде 100-ге жуық түрлі шараның өтетіндігін тілге тиек етті.
Марат Елеусізұлы түрлі салада адал қызмет етіп, азаматтық және кәсіби ерлік жасап, этносаралық қатынастарды дамытуға үлес қосқан бірқатар азаматтарға Алғыс хат табыстап, өңір өркендеуіндегі қажырлы еңбегі үшін марапаттады. Марапатталушылар атынан сөз алған облыстық «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени орталығының төрағасы, облыстық ҚХА Кәсіпкерлер қауымдастығының төрағасы Адам Бойсаев Алғыс айту мерекесінің аясы кеңейгенін тілге тиек етіп, елімізді мекендеген барлық ұлтты отаншылдық сезіміне ұйытып, отандастарымыздың бойында қазақ халқына деген сый-құрмет сезімінің күн санап қарқын алып келе жатқанын жеткізді. Сондай-ақ, ол өз сөзінде Қонаев қаласына «Қазақ халқына мың алғыс» деген атаумен ескерткіш қойылса деген ұсынысын айтып өтті.
Еліміз бойынша түрлі этнос өкілдері біздің өңірімізде тығыз орналасқан. Бүгінгі таңда облысымызда халқымыздың дәстүр-ғұрпын танып, бар бақытын тауып, ұрпақ тәрбиелеп, ұл-қызын бағып отырған 105 этнос өкілі бар. Олар ел өркениетіне үлес қосып, жақсылық жалауын түсірмей, өмірлік мәні мен салиқалы сәнін татулығымен мүсіндей білген. Құрмет пен сенімнің шыңына шығып, қазақ халқын туғанындай ұғып, бірлік пен татулықта жүріп келеді. Тағдыр тоғыстырған түрлі этнос өкілдеріне де өңір жұртшылығы оң көзқарас танытып, тіршілігі біте қайнасуда. Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен өтіп жатқан небір шапағатты шаралар басқа ұлт өкілдерінің елімізге деген махаббатын арттырып, ұрпақтар сабақтастығын ұлықтап келеді. Мерекелік концерт қазақ биімен бастау алып, күмбірлеген күйге ұласып жанға жылылық сыйлар жиынның көркін ашты. Түрлі ұлт тілінде ән әуелетіп, мың бұрала билеген өнерпаздар мереке шырайын мәнді ете түсті.
Құралбек Сәбитов