Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Бәйдібек би ауылдық округінде дүниеге келген 20 жастағы Гүлім Жүнісова осы өңірдің тұрғыны болса да мектепте мүлде оқымаған. Осы жасына дейін талай есікті қақса да не туу туралы куәлігін, не төлқұжатын рәсімдей алмаған. Тұрмыс тауқыметін көрген өрімдей қыздың кәмелетке толмай жатып тұрмысқа шығуына тура келген.
– Мені анам бір жарым жасымда біреудің малын бағып күнелтіп жүрген қарт әжеме тастап кеткен екен. Сұрастыра келе әкемнің де қайтыс болғанын білдім. Жергілікті перзентхана кезінде анама туу туралы куәлікті берместен жібере салған. Соның кесірінен мен мектепке бару мүмкіндігінен айырылдым, балаларыма да құжат ала алмай отырмын, – дейді Гүлім Жүнісова. «Жанұя» отбасын қолдау орталығына жыламсырап келген жас ана ежіктеп оқуды 20 жасында өзі үйренгенін, алайда балалары да өзі сияқты қараңғы, білімсіз болып қалмаса екен деп алаңдайтынын айтады.
Гүлімнің сөзінше, оның жолдасының да, ата-енесінің де қолында бірде-бір құжат жоқ. Бүкіл бір әулет 20 жылдан бері ешбір құжатсыз өмір сүріп келген. Жергілікті әкімшілік пен көші-қон полициясының табалдырығын тоздырғанмен, нәтиже шықпапты. «Құжат жасап беремін» деген пысықтар талай рет ақшаны алып ізін суытқан.
– Ең болмаса төлқұжатымды, жолдасымның азаматтығын алып, ел қатарлы неке куәлігін рәсімдеткім келеді. Балаларымды балабақшаға беру арманыма айналды, – дейді жас келіншек. Қазіргі таңда «Жанұя» орталығы тиісті мекемелермен байланыс орнатып, Гүлімнің құжаттарын рәсімдеуге кіріскен.
– Ата-енемнің және жұбайымның Қазақстан азаматтығын алу үшін 20 жылдан бері бармаған жері қалмады. Таяуда ашылған «Жанұя» отбасын қолдау орталығына келіп, бұл мәселенің шешімін тапқандай болдық, – дейді Гүлім.
Еліміздегі құжатсыздық мәселесі талай адамның тағдырын тәлкек етуде. Кез келген құзырлы орын өз міндетін бұлжытпай орындаса, тағдыры қиын отбасылар азаяр ма еді?
Н.Матай
Еңбекшіқазақ ауданы