Жаңалық ауылында мектеп ғимаратының заңсыз сатылып кеткені Алматы облысы әкімінің Қарасай ауданы тұрғындарымен кездесуінде белгілі болды.
Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевпен кездесуде Жаңалық ауылының тұрғыны Гүлнар Кубашеваның айтуынша, 2018 жылы коммуналдық мемлекеттік мекеме басшылығы мемлекет алдындағы борышын өтеу үшін Ломоносов атындағы орта мектептің ғимаратын жеке тұлғаға сатып жіберген. Ал қазіргі таңда ауылда балабақша тапшылығы үлкен мәселеге айналған. Тұрғындар балаларын балабақшаға апару үшін бірнеше шақырым жол жүруі қажет, қала берді, кезектегі балаларға басқа бақшаларда орын табылмайтын көрінеді.
-Өткен жылғы кездесуде де осы мәселе көтерілді. Бірақ, жабулы қазан жабулы күйінде қалды. Бүгін тағы аталған проблеманы көтеруге келіп отырмын. Өйткені, баласын бақшаға апара алмайтын жұрттың әлеуметтік жағдайы тым нашарлап кетті. Үйге кіріс жоқ, әйелдер төрт қабырғада жіпсіз байланып қалды. Былтыр шешілмеген түйінді биыл тарқатып беруіңізді сұраймын, – деді тұрғын кездесуде.
Жұртшылықтың жанайқайына облыс прокуроры Берік Адамов жауап берді.
-Расында ғимарат заңсыз сатылып кеткен. Бүгінде прокуратура бұл іспен айналысып жатыр. Бір-екі айдың көлемінде мәселені шешіп, нысанды мемлекет меншігіне қайтаруға тырысамыз, – деді прокурор.
Alatau News