Кеген ауданының қайта құрылғанына биыл – 5 жыл. Өңірде жақсылық мол. Әсіресе, құрылыс саласы бойынша жүргізілген жұмыстар көңіл өсірерлік.
Өткен жылы аталған сала бойынша 6171 миллион теңгенің құрылыс жұмыстары атқарылып, нақты көлем индексі 115,2 пайызға орындалды. Аудандағы жақсы дүние, Қарқара ауылынан 30 адамға арналған дәрігерлік амбулатория салынып, пайдалануға берілді. Академик Ақай Нүсіпбеков атындағы ауылда дәл осындай дәрігерлік амбулаторияның ғимараты салынды. Игілікке айналар күні алыс емес.
Өңірдегі Кеген, Саты ауылдарынан ауылдық әкімдіктің ғимараттары салынып, пайдалануға берілді. Бұрнағы жылы Кеген ауылынан 15 үй, былтыр 36 үй тұрғызылып, көпбалалы отбасылар, қамқорлықты қажет ететін жандар үйлі болды. Былтырдан бері 20 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ, аудан аумағындағы Бөлексаз, Қарқара, Жалаңаш ауылдарының орталығынан Мәдениет үйлерінің ғимараттары салынып жатыр.
Биылдан бастап аудан орталығынан жалға берілетін 30 тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары үшін 1 миллиард 35 миллион теңге қарастырылып отыр. Кеген ауылынан жастарға қызмет көрсету орталығын салу үшін де қаржы бөлінді. Сонымен қатар, алдағы уақытта Жылысай, Тасашы, Бөлексаз ауылдық әкімшіліктерінің кеңсе ғимаратын салуға, қажетті құжаттарын жасатуға 20 миллион теңге бөлініп отыр. Мұның бәрі – жақсылықтың нышаны.
Қанат Біржансал
Кеген ауданы