Балалар шығармашылығын дамытуда «ART SPORT» мемлекеттік бағдарламасының тигізіп отырған пайдасы орасан. Осылай деуімізге Талғар қаласында орналасқан «ART PRODUCTION» атауын еншілеген өнер мектебінің жетістігі дәлел болса керек. Осыдан бес жыл бұрын алақандай ауылда негізі қаланған өнер мектебі бүгінде қанатын кеңге жайып, республикамыздың әр аймағынан, атап айтқанда Алматы, Астана, Екібастұз қалалары мен Алматы облысының Еңбекшіқазақ, Талғар аудандарынан талантты шәкірттер тәрбиелеу ісін бастап кеткен. Бүгінгі күні еліміз бойынша 138 маманды еңбекпен қамтып отырған өнер мектептерінде 4 мыңға тарта бала өнерге бейімделіп, өрісін кеңейтіп отыр.
– «Бұлақ көрсең – көзін аш» деген ғой. Балалар өнерге өте бейім, тек ата-анамен бірлесіп, дұрыс бағыт-бағдар беруіміз керек. Біздің өнер мектебімізде 12 үйірме мен 3 спорт секциясы жұмыс істейді. Соңғы уақытта кішкентай балалар хореографияға көбірек қызығып жүр. Бұған қоса вокал, домбыра, сурет салу үйірмелеріне де көптеп келіп жатыр. Халық қолөнеріне, соның ішінде ағаш ою, түрлі бұйымдар жасау, көрпе жасап, кесте тігуге ынтаның артуы қуантады. Өзімнің мамандығым – балетмейстер. Сондықтан алғашқы бастамамды «Ару» атты бишілер ансамблін құрудан бастағанмын. Осы ұжымда 100-ге жуық бишілер қанатын қатайтып, алды өнердің әр қиырында қызмет етуде. Тәжірибеміз толыса келе осындай үлкен іске тәуекел еттік. Қазіргі күні республика көлемінде он шақты өнер мектебін аштық, – дейді «ART PRODUCTION» өнер мектебі желісінің бас директоры Гүлжан Тусибиянова.
Оның жетеуі Талғар ауданында тұрақты жұмыс істеп жатқандығын айрықша атағымыз келеді. Үшеуі Талғар қаласында, басқалары Жаңалық, Белбұлақ, Кеңдала, Нұра ауылдарында орналасқан. Ауыл балаларының өнерге деген ынтасын арттырып, талабын ұштауды басты міндет еткен бұл мектепте жас өнерпаздар шығармашылықтарын тегін дамытады. Оған ата-аналар да дән риза.
Мемлекеттің қолдауына ие өнер мектебінде есімі елімізге мәлім суретші, «Еңбек ардагері» Марат Китабов, Ұлттық дизайн академиясының академигі, зергер Серікхан Мәдіғалиев, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, сахна шебері Әділхан Қабылов сынды ұстаздар жас буынды сурет салу, ағаш шебері, театр тануға баулуда. Он саусағынан өнер тамған балалар қолөнер бұйымдарымен Болгария, Грузия, Қырғызстан, Түркия елдеріне барып, халықаралық байқаулардың жеңімпаздары атанғанын мақтан етуге болады. Олардың келешегі зор үміт күттіреді.
– Балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне, өнерде де, спортта да әлемдік аренаға көтеріліп, көк туымызды көкте желбіретер азамат боп қалыптасуына тамшыдай болса да үлес қосып, бағыт-бағдар беру – басты мақсатымыз. Осы арқылы жас өскіннің қимыл-қозғалысын арттырып, талантын ашып, шығармашылығын дамытуына ықпал етіп отырмыз, – дейді Гүлжан Нұрбекқызы.
Осы күні шәкірт тәрбиелеуде ғимараттарды жалға алып жүрген кәсіп иесі Талғар қаласы мен Белбұлақ ауылынан жер алып, сән-салтанаты үйлескен замауи өнер және сауықтыру мектептерінің іргетасын қалағанын қуана жеткізді. Алдағы жазда құрылыс жұмыстары толық аяқталса өнерпаз балалар жаңа ғимаратта жаттығады.
Талғар ауданы,
Ұлбосын Исабек