Бүгінде заман дамыған, адамзат жақсылыққа жарыған. Кез келген мәселенің көлеңкесі кесіліп, күнгейі көтерілген уақыт. Ақпарат кеңістігі кеңейіп, саналы ұрпақ көбейген кезең. Болашақтың кілтін қолына алған қазіргі жастар әр қадамын қорықпай басуға бағыт мол. Алғашқы әріптен бойыңа білім дарытатын мекемелер де бөлек белсенділікте. Келешекте сүрінбеу, өмірден түңілмеу үшін бала бойына ата-анадан соң тәрбие дәнін салып, тектілік мәнін ұғындыратын мекен – мектеп. Осы орайда әңгіме жібін таланттар туған өлкемен сабақтасақ. Райымбек ауданы, Шалкөде ауылында дарындар дараланып, саңлақтар сараланып, шеберлігі мығым мыңдаған шәкірт шыңдалды. Бүгін де белесі биік білім ордасы сапалы оқу ғимараттары сапында. Жасындай жарқылдаған дарынды, жоғары қабілетті ұрпақ өскен өңір мектебіне биыл – бір ғасыр. Атой салып той жасап, аспанға қалпақ ататын қуаныштың келгені 100 жылдық қажыр-қайраттың еңбегі. Ендігі жерде өткенді көз алдыға келтіріп, ескі күнді еске алып, бүгінгі жеткен жақсылық жайын тарқатсақ.
ҚОЛТЫҚСАЙДАҒЫ КИІЗ ҮЙ
Көкірегі ояу қазақ зиялылары шепке шығып, бала-шаға білімін көтеруді көздеген сонау бабалар ерлігі еш ұмытылмақ емес. Жоғары лауазымдағы қазақ басшыларының да көксегені кейінгі ұрпақтың көз ашықтығы болды. 1922 жыл қараңғылық пен сауатсыздыққа жаппай шабуыл басталған сәт. 1920 жылдан 5 жылдық жоспар дайындалып, ел сауаттылығын арттыру үшін жүйелі жұмыстар жүргізілген. Жергілікті мекендерде халық-ағарту бөлімдері құрылған. Жұмысшы және шаруа депутаттары жанынан губерниялық, уездік, облыстық білім беру қызметтері атқарылды. Осы орайда Жаркент уездік оқу бөлімінде де бірталай іргелі іс қолға алынды. Аймақ ағартуына жауапты тұңғыш меңгеруші Сұраншы Сауранбаев салиқалы ұрпақ сабақтастыруда әр қадамын аңдап басты. Басты міндет – жұртшылықты жаппай сауаттандырып, жаңа білім ғимараттарын құру. Тіпті, Жаркент уезінде жәудір көздерді жылатпау жолында жігерлі жұмыстар күш ала бастады. Балалар үйін ашып, жетімдердің жерде қалмауына, оқу оқып, өмірін өзгешелікпен жалғауына қызметкерлер жанын салды. Әрине, ойға алған әрекеттің бәрі бірдей орайын таппады. Жүйкеге ши жүгіртіп, білім жолын жақтамағандар, қанатқақты құрылымды құптамағандар қатары кеңейді. Тіпті, әріден әйгілі 1914-1918 жылы басталған аш-жалаңаштық, панасыздық дерті дендеген денелерден дым шыққысы келмеді. Сонда да сауаттылықтың сапына қосылуды қалаған білім бөлімінің қызмет жайы жақсы жаңалықтарға жол бастай берді. Жетісу губерниялық оқу бөлімінің 1923 жылғы №1330 бұйрығымен Біркетпен болысынан Қожбанбет бастауыш мектебін ашу жарлығы Шалкөде өңірінің өрге ұмтылғандары үшін өрелі хабар болды. Әріп танып, санау үйренуді сарыла күткендер аталмыш жайт жетісімен жырғап қалды. Екі сыныптық сауаттылық арттыру нысаны Түзкөл аймағындағы Қолтықсайдан қоныс тапты. Балаларын білім нәрімен сусындатқысы келгендер киіз үй ішіне ағыла бастады. Сұраншы Сауранбаевтың жарлығымен мектеп директоры болып Мәлікаждар Құлмұханбетов тағайындалды. Аспантау аясында 1900 жылы өмірге келген Мәлікаждар ата сол кездегі барлық зиялылар секілді алғашында мұсылманша оқып, хат таныған. 1910-1911 жылдары Нарынқол қыстағындағы орыс-бұратана мектебінде білім алып, 1912-1913 жылдары Жаркентте сауаттылығын арттырған екен. 1922 жылы Қарқарадағы 6 айлық мұғалімдік курсты бітіре салысымен Талдықорған облысы Үйгентас қыстағындағы 4 айлық курста оқып, «Бастауыш класс мұғалімі» деген куәлік алған. Білімі жоғары, біліктілігі асқақ атамызға аймақтың ағарту ісін арттырады деген мол сенім артылып, үлкен жауапкершілік жүктелген.
80 ҚОЙҒА ҚҰРЫЛҒАН
Киіз үйдің киесімен кемел білімді бойына сіңірген балалар қатары күннен күнге көбейіп, оқушылар өрісі кеңейіп жатты. Туа салысымен бойына түрлі талант бітетін тау балаларының жайын жоғары жақ та еш ұмыт қалдырмаған. Үш жыл бойы киіз қабырғада шәкірт көңіліне жарық шашып жүрген жергілікті ұстаз үшін ақжарма жаңалықтың да жетер күні туды. Аудандық білім бөлімі 1925 жылы Шолақ өңірінде мектеп ашу туралы ұйғарым шығарып, Қолтықсайдағы қызмет жаңа мекемеде жалғасатын болды. Көңіл шаттандырар хабар жанға майдай жаққанымен, сауаттылықтың жаңа таңы атқанымен, оқу үйретер ғимараттың жоқтығы көңілге қаяу салды. Артынша білім алар нысанды аймақ тұрғындарының өзі тауып, қабырғасын өздері көтеріп алу жайы қарастырылады. Атқарылар шаруаның жай-жапсарын бағамдау үшін ағарту жолында үш жыл жұмыс жасаған директор тағайындалған. Бұйрықтың басым бағыттары мектеп салу, оқу бөлмелерін ашу, балаларды көптеп әріп тануға тарту болып, Мәлікаждар Құлмұханбетов мәнді жұмыс жолында аянбай тер төкті. Біліктілігі басым ұстаз тығырықтан шығар жол тауып, бар күштің бірлікте екенін танып, ұрпақ үшін сара жол салып, мәселенің күрмеуін шешті. Ол ауыл азаматтарына жиналыс ашып, биік болашақ білімде екенін қадап айтып, балалардың санасын арттыруға зер салуды ұсынды. Әрине, ұрпағының қараңғы болғанын кім қалайды, бар қауқарын жиған жұртшылық айтылған жайттан жасқанбай, келісімге келді. Тау халқының татулығы осындайда көрініп, түтін басына бір төлден жиып, мәселені жөнге салды. Сөйтіп 80 бас қойға Текес ауылындағы Солдатенко деген көпестің ағаш үйін сатып алды. Құрылуы мен бұзылуы оңай ағаш материалды барша жұрт жабыла жығып, алғашқы білім ордасының құрыларын ұғып, тер төкті. Өгізге арба жеккен ауыл жұртшылығы көпес үйінің көмескіленген жабдықтарын Елтай ауылына түгелімен тасып алды. Сөйтіп аймақтағы алғашқы мектептің құрылысы басталып, табанды еңбектің таза тері төгілді. Сауаттылыққа құштарлық болса керек, оқу ғимаратының қабырғасы лезде көтеріліп, сол жылы-ақ есігін айқара ашты. 4 сыныптық бастауыш мектеп жұмысын жүргізу үшін білікті ұстаздар қызметке қабылданып, ағарту ісіне аңсары ауғандар іске кірісті. Жоғары білімі бар, тумысынан талантты дара ұстаздар қатарына Айдархан Қалдыбаев, Әбдісүлеймен Хасенов, Бердібек Момбекбаев, Сақабек Жабаев, Сауданбек Сыбанбеков сынды сауатты саңлақтар кірді. Бала болашағына ден қойған дара дарындылар осылай мектеп тарихының алғашқы парақтарына енді. Бұл кісілер жайлы айтылар тарихи жайттар толымды. Олар аласапыран сәттерде де алған бағытынан айнымай, өңір өрендерінің өрелі болуына бар өмірін арнап өтті.
ҮЗДІК ОҚУ ҒИМАРАТЫ
Кейіннен білім ғимараты Елтай Ерназаров атымен аталып, оқуға құштар ұл-қыздың шынайы дарынын, қабілет-қарымын шыңдады. 1932 жылдан бастап Тасөткелдегі білім мекемесі аталып, талай шәкірттің тағдырын білім нәрімен тоғыстырды. Кейіннен 1950 жылдары ұжымшарлар іріленген уақытта мектеп мәні де артып, өзгеріске түсті. Елтайдағы білімі еңселі мектеп Киров ауылына ауысып, айрықша оқу-әдістемелік бағытын бекемдеді. Білім табалдырығын аттаған шәкірттер 7 сыныптық оқуға қабылданып, аймақ ағайынының қуанышы еселене түсті. Араға 5 жыл салып Шалкөде өңіріндегі жоғары білім беретін жалғыз білім ғимараты Киров орта мектебі аталып, сынып қатары көбейіп, керегесі кеңейді. Көршілес ауыл балалары да орта білім аттестатын алу үшін 7 сыныптық білім нәрі 9 сыныпқа ұласты. Жыл өткен сайын сауаттылық деңгейі артып, ауыл ажарлана түсті. Осы жылдары мектеп құрып, оқу үдерісін енгізген Мәлікаждар атаның ұлы Жүнісхан Құлмұханбетов бала кезінен әкесі кірпішін қалаған білім мекемелерінде зейінін ашып, кейіннен жоғары оқу орнын бітіріп, мұғалімдік қызметке орналасты. Ерекше білімімен көзге іліккен ұстаз екі жылдан кейін мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметіне кірісті. Қабілетін байқап, іскерлігіне ілтипат танытқан облыс басшылары 1973 жылы Жүнісхан Құлмұханбетовты Киров орта мектебіне директор ретінде тағайындады. Ол туған ауыл абыройын арттырып, талантын тұғырға көтерумен қатар, әке жолын жаңылыспай жалғау жауапкершілігін де терең сезінді. Нәтижесінде мектеп деңгейін биік межеден көрсетіп, тіпті КСРО-ның ең үздің оқу орындарының санатына енгізді. Аудан, облыс, республика көлеміндегі түрлі оқу мекемелері үлгі алатындай тірек мектебіне айналып, Бүкілодақтық социалистік жарыс жеңімпазы атанды. Аудан көлемінде алғашқы болып жеке оқыту жүйесіне ауысып, кабинеттік әдістемеге көшті. Келешектің техника, ғылым арқылы кемелденетінін сезген мектеп директоры математика класын ашып, тереңдетіп оқыту үрдісін көтерді. Осы орайда Б.Тұраров, Т.Алғазиев, Ә.Нөкеев, Ұ.Айдарова сынды білікті ұстаздар ерекше еңбек сіңірген. Жаратылыстану бағытына терең ден қойған оқушылардың да 90-95 пайызы жоғары оқу орындарына түсіп, білімін дамыта білген. Кейіннен мектеп басшысы химия сыныбын да жолға қойып, өрелі жарыстардың төрінен көрініп отырды. Тіпті, өңір тынысын аңғартатын «Өлкетану» мұражайы құрылып, тарихтың тысқары қалмауын бүгінге дейін жалғап келеді.
ШЫҢЫ БИІК
Тәуелсіз ел атанған алғашқы күннен бастап өңір өркендеуі өрелі даму даңғылына бастады. Білім мен ғылым әлемдік өркениет талаптарына сай дамып, сапасы арта түсті. Киров орта мектебі 1993 жылдан бастап Шалкөде орта мектебі аталып, сауаттылық сатысы жоғарылады. Жыл санап үздік шәкірттер қатары көбейіп, оқуға ден қойған дарындылар үшін мүмкіндік молайды. Мектеп ғимараты да сәнін арттырып, тек үздік білім алу алға қойылды. Тумысынан талантты серік еткен ауыл өрендері қабілетін жанитын жаңа шығармашылық орынға айналды. Жүнісхан ата салып берген сара жолды бағдар ретінде ұстанған кейінгі мектеп басшылары білім ғимаратының абыройын асқақтата берді. Жыл өткен сайын алтын медальмен мектеп бітіріп, ұлттық сынақтан сүрінбегендер соның дәлелі болса керек. Жаратылыстану бағытын дендеп оқытқан мекемеден ақын-жазушылар да шығып, Алаштың әдебиет айдынына қосылды. Шығармашылығы шыңға шыққан шәкірттердің өнерін өрлеткен мектеп ғимараты түрлі үйірмелерді тоғыстырып, жүздеген таланттарды танытты. Кез келген жарыстан жүлдемен оралған оқушылар қай бағытта болсын еркін самғай алатындай алғырлықты үйренді. Уақыт өте келе білім мекемесі де жаңғырып, жаңарып, үкімет қолдауымен түбегейлі жөндеу жұмыстарымен жарқырай түсті. Міне, 2 сыныптық білім бөлмесінен басталған оқу үрдісі 2 қабатты зәулім ғимаратта жалғасын тауып, шәкірттер жұлдызын жақты. Аймақ тұрғындарының білім үйренсек деген ұмтылысы, асқақ арманы шындыққа айналып, білім шыңына шыққанына 100 жыл толды. Айрықша атап өтер ғасырлық тойға да қамдану қағидасы бастау алып, шаттықты шаралар тізбегі толысты. Алматы қаласына арнайы жиналған 100 жылдық мектеп басшылары, түлектері кеңес құрып, ауыл ақсақалдарынан бата алып, өңір өркендеуіне бар күшін салмақ. Білім нәрін бойға берген, ақыл, тәрбие, ой да берген оқу ордасына әр шәкірттің алғысы шексіз. Рахмет сезімін ауылды жаңа рәуіште дамыту арқылы жеткізгісі келген көп түлектің мақсаты бір, мүддесі ортақ.
Райымбек ауданы,
Құралбек Сәбитов