Алматы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының хабарлауынша, облыс сайлау учаскелерінде мүгедектігі бар азаматтар үшін дауыс беруге қажет жағдайлар жасалды. Атап айтсақ, облыс аумағындағы 601 сайлау учаскесінің барлығы ғимараттардың бірінші қабатында орналасқан, яғни қарт және мүгедек сайлаушылар қиналмай кіре алады. 601 учаскенің 595-інде пандус пен тұтқалар, 474-інде тактильді көрсеткіштер орнатылған.
Сонымен қатар, көру қабілеті нашар азаматтарға жеке көмекшілер тағайындалған, оларға арналған бөлек бюллетень беріледі.
Бұдан бөлек, құлағы нашар еститін азаматтарға Балқаш, Жамбыл, Іле, Қарасай, Кеген аудандарында және Қонаев қаласында барлығы 20 маман бейнебайланыс арқылы сурдоаударма қызметін көрсетеді.
Басқарма 601 сайлау учаскесінің 595-інде мүгедектерге арналған бұрыштар ұйымдастырылып, кабиналар жабдықталғанын айтады. Сондай-ақ, дауыс беру күні барлық аудандар мен қалаларда 60 елді мекеннен мүгедектігі бар сайлаушыларды арнайы 18 такси сайлау учаскелеріне тасымалдайды.
Ресми дерек бойынша, облыста мүгедектігі бар 42056 адам тіркелген, оның 6356-сы 18 жасқа толмаған.
Елімізде парламент мәжілісі мен мәслихат депутаттарын сайлау 19 наурызда өтеді.