Елімізде 19 наурызда өтетін Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар сайлауына дайындық бүгінгі таңда бүкіл ел аумағында қызу жүруде. Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі референдумнан кейін қабылданған дауыс берудің жаңа ережелері қалай жүзеге асатынын біз алғаш рет осы сайлау барысында көретін боламыз.
Бұл орайдағы негізгі өзгеріс сайлау жүйесіне қатысты. Нақтырақ айтқанда, ол бұған дейін пропорционалды болған еді, қазір аралас, яғни пропорционалды-мажоритарлы модельге көшті. Бұл ешқандай партияға мүше емес адамдардың да Мәжіліс пен мәслихаттарға депутат болып сайлана алуына мүмкіндік береді. Нәтижесінде Мәжіліске өтетін 98 депутаттың 29-ы – бірмандаттық округтерден сайланады. Бірмандаттық округтер сол аймақтағы халық санына қатысты құрылған, яғни тұрғындар қаншалықты көп болса, округтер және олардан Мәжіліске сайланатын депутаттар да соншалықты көп болады. Қазіргі таңда округтердің жалпы саны – 29. Оның екеуі – Алматы облысында. Демек Мәжіліске біздің өңірден бірмандаттық округ бойынша сайланатын депутаттар да екеу болмақ, ал нақты тіркелген үміткерлер – 25.
Осылайша, халық қалаулыларының 70%-ы пропорционалды, ал 30%-ы мажоритарлық жүйе бойынша өтеді. Облыстық деңгейдегі мәслихаттар мен республикалық маңызы бар қалаларда депутаттар 50 де 50 пропорциясында сайланады. Аудандық және қалалық мәслихаттардағы сайлау толығымен мажоритарлық үлгіде. Сайлау жүйесінің пропорционалды-мажоритарлы моделі қандай да бір мәселелер бойынша саяси пікірлердің әралуандығына жол ашады және әр аймақтың өзекті проблемаларын үлкен мінберден қозғауға жағдай туғызады деп күтілуде.
Бұл сайлаудағы маңызды жаңалықтың бірі – партиялар үшін кедергі төмендетілді. Бұрын Мәжіліске өту үшін партиялардың сайлаушылардан жинайтын дауысы 7 пайыздан кем болмауға тиіс болса, енді 5 пайыз дауыс жеткілікті. Осы жағдай, сондай-ақ жаңа партияларды тіркеу тәртібінің жеңілдетілуі нәтижесінде бұл сайлауға 7 партия түсіп отыр, оның екеуі – жақында ғана тіркелген.
Сайлау учаскесінде әр сайлаушыға 5 бюллетень (республикалық маңызы бар қалаларда – 4 бюллетень) беріледі : оның екеуі – Мәжіліске партиялық тізім бойынша және бір мандаттық округтерден ұсынылатын депутаттарға, екеуі – облыстық мәслихат депутаттарына және біреуі – аудандық (немесе қалалық) мәслихат депутаттарына дауыс беру үшін. Әр бюллетеньде «Барлығына қарсымын» деген баған болады.
Алматы облысында да маңызды саяси науқанға дайындық жұмыстары кәсіби тұрғыда, үлкен ұйымшылдықпен жүргізіліп жатыр. Сайлаудың жаңа нормаларына орай, бүгінде қоғамда үлкен қызығушылық әрі белсенділік байқалады. Кандидаттардың барлығы – партиялар да, жекелеген кандидаттар да, 18 ақпаннан бастап үгіт-насихат жұмыстарына қызу кіріскен. Сайлаушыға тұрақты тіркелуіне қарай дауыс беру күні және өзінің сайлау учаскесі жөнінде хабарлама жіберілді. Өзге өңірлерге кететін сайлаушыларға есептен шығару куәліктері берілді. Шақыру қағаздарын тарату жұмыстары аяқталды. Қазір бюллетеньдерді баспаханалардан бастырып шығару жұмыстары жүргізіліп жатыр.
– Қазақстан Республикасының әрбір азаматы, жасы 20-ға толған болса – мәслихатқа, 25-ке толса – Мәжіліске өзін кандидат ретінде ұсына алады. Кандидаттыққа ұсынылған лауазымды адамдар депутаттыққа өткен жағдайда олардың қызметтерінде қалуы депутаттық мiндеттердi орындауы мен атқарған қызметі қаншалықты сыйымды болуына байланысты. Мысалы, аудандық, қалалық мәслихаттарда тек мәслихаттың төрағасы ғана өзінің оған дейінгі қызметінен босап жұмыс атқарады.
Облыс, республикалық маңызы бар қала, Астана мәслихатының тұрақты комиссиясының төрағасы тұрақты негізде жұмыс істейтін лауазымды адам болуы мүмкін. Тұрақты комиссиялардың тұрақты негізде жұмыс істейтін төрағаларының санын облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, Астананың мәслихаты айқындайды және ол екіден аспауы тиіс.
Облыстық мәслихатта тұрақты екі комиссия мен мәслихаттың төрағасы, яғни 3 адам ғана бұған дейінгі қызметінен босатылған түрде қызмет етуі мүмкін. Ал қалған депутаттардың барлығы ақысыз, яғни қоғамдық негізде жұмыс істейді. Сайлаушылардың көбі оларды жалақы алады деп ойлайды, бірақ олай емес. Депутаттардың басым бөлігі, төрағадан басқасының барлығы қоғамдық негізде жұмыс істейді, сондықтан өздерінің қызметтерінде қалады, аудандардан сайланғандар болса, сол жақтағы қызметтерін атқара береді, – дейді Алматы облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрайымы Мейрамгүл Айтова.
Облыстық мәслихатқа 38 депутат өтуі тиіс болса, оның 19-ы – партиялық тізім бойынша сайланады. Оған 6 партия өз тізімін ұсынып отыр. Мейрамгүл Қазбекқызының айтуынша, партиялық тізім бойынша ұсынылған кандидаттар арасында бір ғана «Аманат» партиясының 36 мүшесі бар. Олардың барлығы бірдей депутат мандатын алмайды. Мандаттар сайлаудың нәтижесіне қарай бөлінеді және оны кім иеленетінін партияның өзі шешеді.
Әр кандидаттың өзінің сенім білдірген өкілі тіркеліп, құжатын алса, сайлау күні байқаушы ретінде келеді. Сенім білдірген өкілдерден өзге, саяси партиялардың, қоғамдық ұйымдардың аккредитациядан өткен байқаушылары болады. БАҚ өкілдері де байқаушы ретінде сайлау учаскелеріне бара алады.
Бұл сайлау байқаушылар қатарының көптігімен де ерекшеленбек.
– Мысалы, Мәжілістің №11-округі бойынша 9 кандидат бар, бір сайлау учаскесіне 9 кандидаттың 9 сенім білдірген өкілі келуі мүмкін, Мәжіліске партиялық тізім берген 7 партия бар, (облыстық мәслихатқа – 6). Сол 7 партияның өкілі келсе, 17 адам. Оның ар жағында облыстық мәслихаттың кандидаттары бар, яғни 3-4 адамнан тағы келеді. Аудандық мәслихатта орташа есеппен 3 адамнан болғанда, демек солардың барлығы бірдей барған жағдайда бір сайлау учаскесінде 20-дан аса байқаушы болуы ықтимал, – дейді Мейрамгүл Айтова.
Халық арасында сайлаудың әділ өтуіне байланысты алаңдаушылық бары рас. Дегенмен маңызды саяси науқанға жауапты тарап заң бұзушылыққа ешқандай жол берілмейтініне, егер қандай да бір құқық бұзушылық болып жатса, сайлау комиссиялары болсын, байқаушы болсын, әкімшілік-қылмыстық жауапкершілікке тартылатынына сендіріп отыр. Ал қандай дәрежедегі құқық бұзушылық әкімшілік жауапкершілікке, қайсысы қылмыстық жауапкершілікке жатады, оны сайлау комиссиясының мүшелері анықтайды. Олардың барлығы онлайн оқытудан, тестілеуден өткен. Егер құқық бұзушылық сайлаушылар тарапынан болса, мысалы, сайлау учаскесіне келіп дау-дамай шығарса, бюллетеньді немесе сыртта тұрған үгіт-насихат материалдарын жыртса, оның барлығы жауапсыз қалмайды.
Жалпы, сайлаудың таза, әділ өтуі тек сайлау комиссиясына ғана байланысты емес, осы процеске қатысушылардың барлығына қатысты. Сондықтан облыс тұрғындары бұл жауапкершілікті сезінеді, сайлауға келу көрсеткіші жоғары болады деген сенім зор.
Роза РАҚЫМҚЫЗЫ