Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың айтуынша, есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарында есірткіге тәуелділікті ерте кезеңнен анықтау шаралары қарастырылған.
«Өкінішке орай, бүгінгі таңда оқушылар арасында есірткіні қолдану фактілері анықталып жатыр, сондықтан болашақта скрининг жүйесін енгізу жоспарланып отыр. Бұл қоғамның есірткіге тәуелділік деңгейін шынайы бағалауға, сондай-ақ есірткіге тәуелділерді ерте кезеңде, әсіресе жасөспірімдер арасында анықтауға мүмкіндік береді», – деді Марат Ахметжанов.
Скринингті оқу орындарына түсу, жұмысқа, мемлекеттік қызметке орналасу, Қарулы күштер қатарына қабылдау кезінде медициналық тексеру шеңберінде жүргізу ұсынылып отыр.
«Бүгінгі күні синтетикалық препараттар кең таралған және қолжетімді. Сараптама нәтижесі егер есірткі тұтынушыларды ерте кезеңде анықтаса, онда 95%-ын қалыпты өмірге қайтаруға болатынын көрсетеді. Мектептерде де таралатын есірткінің көптеген түрлері бар, оны жасыра алмаймыз», – деді ішкі істер министрі.
Ахметжановтың сөзінше, скринингті денсаулық сақтау министрлігі ұсынған.