Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев өңіріміздің дамуына елеулі үлес қосқан ардагерлермен кездесіп, Қонаев қаласының бас жоспарын талқылады.
– Наурыз мейрамының қарсаңында үлкендерге ізет көрсетіп, ілтипат білдіру – парызымыз. Осы ретте өздеріңізбен жүздесіп, жоспарларымызбен бөлісіп, кеңестеріңізді тыңдауды жөн көрдік. Бұл сіздерге деген құрметіміздің бір белгісі деп біліңіздер. Еліміз үшін сіңірген еңбектеріңіз бен жүріп өткен жолдарыңыз біз үшін үлкен өнеге. Келелі мәселелерді шешуде кеңестеріңізді тыңдап, қолдауларыңызды сезіну өте маңызды. Сіздердің қажыр-қайрат, маңдай тер, тынымсыз атқарған еңбектеріңіздің арқасында өлкеміз қарқынды дамып, Алматы облысы көптеген көрсеткіш бойынша алдыңғы қатарда келеді, – деді облыс әкімі.
Бұдан соң ардагерлерді Қонаев қаласының бас жоспарымен “Урбостиль” компаниясының директоры Любовь Нысанбаева таныстырды.
– Қазіргі таңда бас жоспар мемлекеттік сараптамадан өтуде. Сараптамадан өткен соң бекітіледі. Мұның алдында 2010 жылы қаланың бас жоспары бекітілген болатын. Бірақ, ол белгілі себептермен өз деңгейінде жүзеге аспай қалды. Ендігі кезекте облыс орталығы мәртебесін алған Қонаев қаласының дамуына барлық мүмкіндік бар. Қаланың бас жоспарында «Жаңа Іле» аймағын дамыту көзделген. Әлеуметтік-мәдени нысандар, тұрғын үй, демалыс орталықтарын салу қарастырылған. Халыққа ең қажетті деген мектеп, балабақша, аурухана салу ісі де өз деңгейінде жүзеге аспақ. Балаларға арналған орталықтар, жоғары оқу орындарының корпустары, студенттерге арналған жатақханалар салынады. Автобекет, теміржол, автомобиль жолдары, көпір, аспалы жол жасалады. Үлкен әуежай бой көтереді. Алматы әуежайы тау бөктеріне жақын орналасқандықтан ұшып-қонуда кедергілер келтіреді. Сондықтан Қонаевтағы әуежай ең тиімді және ауқымды әуежай болмақ, – деді Любовь Нысанбаева.
Компания директорының сөзінше, қаланың өнеркәсіпті аймақ атануға да мүмкіндігі зор.
– Бұл орайда болашағы зор қалаға шетел инвесторлары да көптеп қызушылық танытып отыр. Қапшағай көлінің жағалауы туризм бағытында ары қарай дамымақ. Туристерді де, қала тұрғындарын да тамсандыратындай демалыс аймағы құрылады, саябақ салынады. Театр, кітапхана, музей, галерея, жастар орталықтары да бой көтереді. Осылайша Қонаев қаласы алдағы жылдарда көркейіп, дами түседі, – деді компания басшысы.
Өз кезегінде сөз алған еңбек ардагерлері Амандық Баталов, Ызғарбек Бектұрсынов, Стахан Белғожаев, Виктор Долженков, Николай Логутов, Ерболат Тұрымбетов бас жоспарға қатысты ойларын бөлісіп, ақыл-кеңестерін айтты. Өңіріміздің бүгінгі даму бағытына оң бағасын берді.
Алма ЕСЕНБАЙ
Қонаев қаласы