Облыстық соттың әкімшілік істер бойынша сот алқасының төрағасы Ж.Тазабековтың төрағалығымен, облыстық сот судьяларының, аудандық және оған теңестірілген соттардың төрағалары мен қатардағы судьяларының қатысуымен жиын өтті.
Күн тәртібінде сайлау құқығына қатысты дауларды қарау кезінде туындайтын мәселелер талқыланды. Алқа төрағасы сайлау кезінде сот жұмысын ұйымдастырудың негізгі мәселелерін алға тартып, түсініктеме берді. Арыз-шағымдардың соттылығы мен мерзімдеріне назар аударылды.
Әкімшілік процестік кодекстің (ӘПК) 162-бабына сәйкес азамат, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органының, сайлау комиссиясының, кәсіпорынның, ұйымның, олардың лауазымды адамдарының шешімімен, әрекет (әрекетсіздігімен) сайлау немесе сайлану, сайлауға, референдумға қатысу құқығы бұзылады деп есептейтін азамат, қоғамдық бірлестік, сайлау комиссиясының мүшесі, кандидаттар мен сасяи партиялардың сенім білдірген адамдары, саяси партиялардың кеңесші дауыс құқығы бар өкілдері, саяси партиялардың өзге де қоғамдық бірлестіктердің, коммерциялық емес ұйымдардың байқаушылары осы Кодекстің 16-тарауында және ҚР басқа да заңдарында белгіленген соттылығы бойынша сотқа жүгінуге құқығы бар.
Жанат Алдабергенұлы шағымдарды қарау кезінде ӘПК-нің 25 тарауын басшылыққа алу қажет екенін ескертті.
«ҚР сайлау туралы» Конституциялық Заңның 20 бабының 9-тармағына сәйкес, сайлау комиссиясының шешімдеріне және іс әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шешім қабылданған немесе іс-әрекет (әрекетсіздік) жасалған күннен бастап 10 күннің ішінде жоғары тұрған сайлау комиссиясына және сотқа шағым жасалуы мүмкін.
Көрсетілген мерзімдер өткеннен кейін сайлау комиссиясының шешіміне және іс-әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) берілген өтініш қаралмайды.
ӘПК-нің 163-бабының 1 тармағына сәйкес, «ҚР сайлау туралы» және «Республикалық Референдум туралы» ҚР конституциялық заңдарында өзгеше көзделмесе, сайлауды, республикалық референдумды дайындау және өткізу кезеңінде, сондай – ақ дауыс беру күнінен бастап бір ай ішінде келіп түскен талап қою – бес күн мерзімде, ал дауыс беру күніне дейін бес күнге жетпейтін мерзімде, дауыс беру күні және сайлаудың, республикалық референдумның қорытындылары жарияланғанға дейін келіп түскен талап қою дереу қаралуы тиіс.
Сайлаушылардың тізімдерін түзету қажеттігі туралы сайлау комиссиясының шешіміне шағым жасау туралы талап қою шағым түскен күні қаралуы тиіс.
ӘПК-тің 164 бабының 2 тармағына сәйкес, бірінші сатыдағы соттың шешіміне, егер «ҚР сайлау туралы» және «Республикалық референдум туралы» ҚР Конституциялық заңдарында өзгеше көзделмесе, шешімінің көшірмесі табыс етілген күннен бастап үш күн ішінде апелляциялық шағым берілуі, прокурор апелляциялық өтінішхат келтіруі мүмкін.
Егер «ҚР сайлау туралы» және «Республикалық референдум туралы» ҚР Конституциялық заңдарында өзгеше көзделмесе, апелляциялық шағым, прокурордың наразылығы – сотқа келіп түскен күннен бастап үш күн мерзімде, ал дауыс беру күні және сайлаудың, республикалық референдумның қорытындылары жарияланғанға дейін келіп түскендері дереу қаралады.
Жиын соңында алқа төрағасы қатысушыларға жоғарыда аталған шағымдарды қарауда обьективті, жан-жақты және Ата Заңымызға бағына отырып шешім қабылдауды тапсырды.
Алматы облыстық сотының баспасөз орталығы