Әз Наурыз мерекесі қарсаңында облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев академик Шалтай Смағұлов атындағы облыстық мамандандырылған физика-математика лицей-интернатына барды. Дарынды балалар білім алатын оқу орнының ұстаздары мен шәкірттерін Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады.
60 жылдық тарихы бар білім ордасы қазақ балаларын шыңдаған сындарлы шежірелерге толы. Ең алғаш облыстағы малшылардың балалары үшін мектеп-интернат болып ашылған. Ауыл мен қаланы байланыстырған алтын көпірге айналған. Мұнда тәрбиеленген жастар білікті азаматтар атанып, елі мен жеріне еңбегін сіңірген. 1993 жылы қазақ-түрік лицейі мәртебесін алған. 1998 жылы дарынды балаларға арналған мектеп-интернаты болған. Ал 2013 жылдан облыстық мамандандырылған физика-математика лицей-интернаты деп аталады.
Лицей-интернаттың директоры Айжан Әбуова аймақ басшысына білім мекемесінің материалдық-техникалық базасы туралы ақпарат берді. Қол жеткізген жетістіктерді саралап, алдағы жоспарларға тоқталды.
– Қазір мұндағы оқушы саны 369-ға жетті. Соңғы үш жылдың қорытындысына қарасақ, 96 пайыздық оқу үлгерімін тұрақты көрсетіп келеміз. Бұл – ұстаздар мен шәкірттердің ерен еңбегінің көрсеткіші. Осы мезгіл ішінде 17 Алтын белгі еншімізге тиді. 12 Үздік аттестатқа ие болдық. Физиктер мен математиктер үшін бұл оңай меже емес. Облыстық пән жарысында 145 бала жеңімпаз атанды. 31 оқушы республикалық, 8 оқушы халықаралық олимпиадаларда жеңісті қолдан бермеді. Мектебімізде 50 мұғалім, 14 тәрбиеші жұмыс істейді. Олардың арасында 3 педагогика ғылымының кандидаты, 4 PhD доктор және 23 магистрант бар, – деді Айжан Елеуқызы.
Облыс әкімі дарынды балалардың ғылыми жұмыстарына да ден қойды. Лицей-интернатта робототехника пәні бойынша оқушылар озып тұр. Биыл 4 бала халықаралық олимпиадада топ жарған. Талантты жастар – Аякөз Қанатнұр және Ақмарал Төкен өздерінің ғылыми жобаларымен таныстырды. Олар ойлап тапқан автоматтандырылған құбыр жүйесі Екібастұзда болған оқиға секілді үлкен апаттардың алдын алуға көмектеседі. Ал Ақмаралдың «Газ пушкасы» әуе кеңістігін шабуылдан қорғауға арналған. Қасен Санжар мен Ұлболсын Бақбергенқызының роботтары да көпшілікті ерекшеліктерімен қызықтырды.
Сонымен қатар білім шаңырағында облыста тұңғыш рет «Педагогикалық сынып» пилоттық жобасы өз жұмысын бастаған. Сол арқылы болашақ ұстаздарды мектеп қабырғасында дайындауға мүмкіндік туады. Бұл – балаларды ерте жастан мұғалімдік кәсіпке бейімдеу мақсатында ұйымдастырылған. 10-11 сынып оқушылары арасында пәндік сабақ болып енгізілген.
Марат Елеусізұлы жас дарындармен дөңгелек үстел басында жүздесіп, оларды Наурыз мерекесімен құттықтады. Облыс әкімі өз сөзінде мектептегі жаңашыл бастамаларға ризашылығын білдірді. Алдағы уақытта практикалық байланыстарды тереңдету үшін оқушыларды аймақтағы өндіріс орындарымен тығыз байланыс жасауға жол ашылатынын айтты. Жасөспірімдердің ұмтылыстары үлкен үміт күттіреді. Әкім үздік оқушыларға арнайы стипендия тағайындау қажеттігін де тілге тиек етті.
– Халқымызда «Қуанса, бала қуансын» деген аталы сөз бар. Наурыз – ұлтымыздың ұлағатын паш ететін мереке. Сіздер елімізді өркендететін, биік белестерге жеткізетін, өз замандастарынан бір қадам алда жүретін қоғамымыздың үміт артып отырған алтын қорысыздар. Біз сіздердің қол жеткізген жетістіктеріңізді әрқашан қуанышпен қабылдап, мақтан тұтамыз, қолдау көрсетеміз. Жас кездегі күш-жігердің жөні бөлек. Көп ізденіп, көп оқып, білімдеріңізді тереңдетуге күш салыңыздар. Бұған сіздердің қабілеттеріңіз толық жетеді. Біз, аға ұрпақ, әрқайсыңызды тек биіктен көргіміз келеді, – деді Марат Сұлтанғазиев.
Кездесу соңында аймақ басшысы облыстың әдеби-мәдени, тарихи шежіресі туралы кітаптарды лицей-интернат ұжымына тарту етті.
Болат МӘЖИТ