Талғар агробизнес және менеджмент колледжінің ғимаратында орналасқан №825 сайлау учаскесін бетке алған сайлаушылар да саяси науқанға бей-жай қарамайтындар қатарынан. Өйткені, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына, халқының өмір сүруінің жақсаруына соны серпін берер бұл сайлаудың бұрынғы сайлаулардан өзгешелегі мен артықшылығы басым екенін жас сайлаушылар да сезінгендей.
– Кәмелеттік жасқа толғаннан бері Қазақстан азаматы ретінде қоғамдағы саяси науқандардан шет қалмай, атсалысуды өзімнің перзенттік парызым деп білемін. Болашақ – біздікі, яғни жастардікі болғандықтан саяси маңызды шараларға, әсіресе, сайлауға жауапкершілікпен қарап, дұрыс таңдау жасауға дағдылану керек. Сол себепті, өзімнің құрбыларымды, жастарды бүгінгі сайлауда белсенділік танытып, өз таңдауларын жасауға жұмылдырдым. Бүгін жексенбі деп жайбарақаттық танытпай, ерте тұрып сайлау учаскелерімізге барып, біркісідей дауыс беруге келістік, – дейді жас сайлаушы, аудандық Жастар ресурстық орталығының маманы Әсемай Тұрарова.
Бұған дейін екі рет сайлауда дауыс бердім деген Әсемай саяси додаға түсіп жатқан кандидаттарға үшінші рет үміт артып отырғанын айтады.
Ұлбосын ИСАБЕК
Талғар ауданы