Ұзынағаш ауылының тұрғыны Әсем Үркімбаева өзі тіркелген дауыс беру орнына таңғы сағат жетіде келіп, таңдауын жасады. Сөйтіп аудан орталығындағы Т.Рысқұлов атындағы орта мектебінің ғимаратында орналасқан №263 сайлау учаскесінде алғашқы келушіге тағайындалған сыйлыққа ие болды.
Алғашқы дауыс берушіге арналған сыйлықты аталған сайлау комиссиясының төрағасы Жанат Серікпаев тапсырды. «Ерте тұрған еркектің ырысы артық, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық» демекші, Әсем өзінің белсенділігінің арқасында дауыс беру орнынан үйіне осылайша олжалы оралды.
Т.Рысқұлов атындағы орта мектебінің ғимаратында орналасқан №263 сайлау учаскесінде 2438 сайлаушы тіркелген. Оның ішінде 12 адам денсаулық жағдайына байланысты үйден дауыс береді, оларға комиссия мүшелері арнайы жылжымалы жәшікті ала барады. Учаскелік сайлау комиссиясы белгіленген тәртіппен заңға сәйкес жұмыстарын жүргізіп жатыр. Тіркелгендердің біразы дауыс беріп те үлгерді. Тұрғындар үздіксіз келіп, комисся мүшелерінен өз бюллетендерін алып, жабық дауыс беру тәртібімен өз таңдауларын жасауда.
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы