Еңбекшіқазақ ауданындағы сайлаушылар да депутаттарға дауыс беретін күнді асыға күткен секілді. Саяси науқанда өз таңдауын жасау үшін Бәйдібек би ауылының тұрғындары Әл Фараби атындағы орта мектепте орналасқан №185 және №186 сайлау учаскелеріне қарай асықты. Оның үстіне бұл шара Наурыз мерекесі қарсаңына дөп келді. Көктемнің жылы лебі, әуелеген ән, күмбірлеген күй баршаға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап тұрды.
№ 185 сайлау учаскесіндегі комиссия төрайымы Гүлмира Нұрбаеваның айтуынша, аталған учаскеде дауыс беру үшін 2604 адам тіркелген. Комиссияның 9 мүшесі сайлаушыларға қызмет көрсетеді. Бақылаушыларға да барлық жағдай жасалған.
Алғашқы болып Жанат Ақбаева мен Нұрболат Тұңғатаров есімді ерлі-зайыптылар дауыс берді.
– Бұл сайлаудың жөні бөлек. Біз әділетті Қазақстанның орнығуына және күш алуына дауысымыз арқылы үлесімізді қосамыз. Биыл партиялардың да саны артты. Қандай бағдарлама жасақтағанын тыңдадық. Сөз бен істің нақты нәтижесі алдағы кезеңде қалай болады, мәселенің маңызы сонда. Олардың мүмкіндіктерін таразылай отырып шешім қабылдайсың. Ал бір мандаттық округтен Мәжіліске ұсынылғандар бұл жолы жарыс көрігін ерекше қыздырды. Облыс пен аудандық мәслихат үшін бәсекелесіп жатқан үміткерлер аз емес. Сондықтан бізге, сайлаушыларға, артылатын жауапкершілік зор. Оны дұрыс түсіну керек. Урнаға бюллетень салар алдында оған ұзақ қарап ойлануға тура келеді, – деді Нұрболат Тұңғатаров.
Айта кетейік, Алматы облысы бойынша 629, оның ішінде Еңбекшіқазақ ауданы бойынша 115 сайлау учаскесі жұмыс істеп жатыр.
Болат МӘЖИТ
Еңбекшіқазақ ауданы