Ақши ауылындағы №135 сайлау уаскесіне дауыс беруге келген ұста Дәркембай атындағы қолөнер музейінің директоры, белгілі қолөнерші Дәулет Шоқпаровпен тілдестік.
-Музей қызметкерлері, үй-ішіміз дауыс беруге толық қатыстық. Бұл сайлаудан күтетін үмітіміз зор. Әсіресе саяси қызметке жастардың келгені өте жақсы. Олардың ойы жүйрік, ниеті таза. Өркениет көшіне тез қосылады, тың технологияларды ойдағыдай меңгереді. Сондықтан «Мен жастарға сенемін» деген көзқарас ешқашан өзгермейді. Депутаттыққа кандидаттардың ішінде өзімнің інім де бар. Жарқын болашақ үшін тер төгеміз деген ұмтылыстарына қуанамын. Қарап отырсақ, небір білікті азаматтар бой көрсеткен секілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жаңа Қазақстан құру идеясын қолдаймыз. Бүгінгі сайлау осы ұлы мақсаттарға бізді жақындата түседі, – деді Дәулет Шоқпаров.
Музей ұлттық құндылықтарды насихаттайтын киелі орын болғандықтан Дәулет Дәркембайұлы алдағы уақытта мәдениет қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсартуға депутаттар көңіл бөлуі керегін айтады.
Болат МӘЖИТ
Еңбекшіқазақ ауданы