Бүгін елімізде Қазақстан Парламенті Мәжілісі және мәслихаттар депутаттарын кезектен тыс сайлау өтіп жатыр.
-Баяғыда шарушылықтар тұсында сайлау күні той болып жатушы еді. Сауда ұйымдастырылатын. Концерттік бағдарламалар жалғасып жататын. Түрлі-түрлі ұлттық ойындар да өткізілетін. Біздің ақ жаулық аналарымыз, ақ сақалды қарияларымыз ұят болмасын деп таңғы сағат алтыдан сайлау учаскелеріне келіп алатын. Сөйтіп, алғашқылардың қатарында дауыстарын беріп көңілді түрде, бір-бірімен қалжыңдасып қайтып бара жататын. Бұл әсіресе, жастарға өнеге еді. Бұл халықтың сайлауға үлкен мән беретінін көрсетіп жататын. Қазір әркім өзі қалаған уақытында келіп, дауыстарын береді. Тіпті саяси дүниені елеусіз қалдыратын жандар да табылмай тұрмайды. Қалай десек те, бұл сайлаудың жөні бөлек, – дейді аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы, Райымбек, Кеген аудандарының Құрметті азаматы Сабыр Досымбеков.
Ағамыз айтпақшы, Кеген ауданының орталығында бүгін ауылшаруашылығы өнімдерінен жәрмеңке ұйымдастырылыпты. Қалта көтеретін бағада қойдың еті, картоп, сүт, құрт, сары май, ірімшік секілді тағамдар сатылып жатыр. Жәрмеңкені Қарқара, Бөлексаз, Шырғанақ, Тасашы ауылдарынан келген фермерлер, малшылар қыздыра түскен. Біз бұл жерден аудандық ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Жасұлан Өмірзақовты, аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Қанат Бектеновты, Бөлексаз ауылдық округінің әкімі Серік Құныпияевты кездестірдік.
Қанат БІРЖАНСАЛ
Кеген ауданы