Шиен ауылындағы «Қарлығаш» балабақшасының ұжымы ұйымшылдық танытып, таңертең ертемен келіп дауыс берді. Жарты ғасырдан астам тарихы бар мектепке дейінгі тәрбие мекемесінің қызметкерлері еліміздегі маңызды саяси шараның мәнін жете түсінеді.
Балабақша меңгерушісі Наташа Әбілқызының бастауымен сайлауға бір кісідей қатысқан тәрбиешілер жасырын дауыс беру тәртібімен ел үмітін ақтайды деп есептеген кандидаттарын таңдады. Аталған балабақша сонау 1970 жылдан бері жұмыс істейді. Осы уақыт аралығында мекеме сан буын өкілін түлетіп, ауыз толтырып айтарлықтай талай жетістікке жеткен. Бүгінде мұнда еңбек ететін тәрбиешілер сол биікті сақтап, жас ұрпаққа сапалы тәрбие беру жолында нәтижелі жұмыс атқаруда. Мұнда бүгінде 3 топта 75 бала тәрбиеленіп жүр. Шалғай ауылдағы білім шаңырағы елді мекендегі қоғамдық жұмыстарға да белсенді қатысады.
– Бүгін, мінекей, Қазақстан Парламенті Мәжілісі мен жергілікті мәслихаттардың депутаттарын сайлауға біздің педагогикалық құрам ғана емес, жалпы осында еңбек ететін қызметкерлер ұйымшылдықпен түгел қатыстық. Себебі бұл саяси науқанның еліміздің болашағы үшін қаншалықты маңызды екенін жақсы білеміз. Сондықтан да «менің дауысым ештеңені шешпейді» деген немқұрайды көзқарастан аулақпыз. Халық қалаулыларын таңдауда әркім өзі сенім білдірген үміткерлерге дауысымызды бердік, – дейді Р.Атикенова, А.Ахметова, Э.Әкімбаева сияқты балабақша тәрбиешілері.
– Шиен селолық округі бойынша дауыс беруге құқылы 1573 сайлаушы бар. Тұрғындар дауыс беруге белсенді қатысуда, – дейді осындағы №310 сайлау учаскесінің төрағасы Естай Көпжасаров.
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы