«Metito» атымен әйгілі инженерлік және құрылыс, мамандандырылған химия және коммуналдық қызметтер көрсететін компания өкілдерін Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев қабылдады. Біріккен Араб Әмірліктерінде 1958 жылы құрылып, үш бизнес саласын қамтитын, су басқару ісінде көшбасшы атанған Metito-ның бүгінде мүмкіндігі мол. Аталмыш компания өкілдерінің өңірімізге ат басын бұрудағы мақсаты облыс орталығы Қонаев қаласында аймақ дамуын айқындайтын жобаларды жүзеге асыру. Нақты айтқанда, компания облыста кәріз-тазарту жүйесін жүргізуге мүдделі.
– Біздің серіктестік кәріз суын тазарту арқылы халықты ауыз сумен қамтамасыз ету үшін су желісін тартумен айналысады. Бұл компанияның 60 жылдық тәжірибесі бар. Әлемнің 50 мемлекетімен достық қарым-қатынастамыз. Қазіргі таңда Өзбекстанда «Наманган» жобасын қолға алып жатырмыз. Ол жақтағы құрылыс жұмыстары 2024 жылы басталады, – деді компания өкілі Адиба Амин.
Сумен жабдықтау, кәріз саласында қызметі қарымды компания ел аумағында 2021-2022 жылдары Қарағанды облысы, Ақтөбе облысы әкімдігімен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойған болатын. Өткен жылдың қыркүйегінде «Kazakh Invest» ҰК» акционерлік қоғамымен келісімге келіп, жүйелі жұмыстар атқаруда. Сондай-ақ Астанада «Metito Overseas Limited» өкілдігі қызмет атқарады. Metito Holding Алматы облысына бір ай бұрын келіп, өзара түсіністік таныту құжатына қол қойған еді. 60 жылдан астам тәжірбиесі бар компания таза энергияны өндіру арқылы тұрақты жұмыстарды қолдауға ұмтылатын коммуналдық қызметтер мен корпорациялар үшін энергия көздерін әзірлеу және басқаруда түрлі шешімдер ұсынады.
Адиба Аминнің айтуынша, серіктестік бизнестің 4 түрлі бағытында қызмет атқарады:
1. Жобалау және құрылыс жұмыстары;
2. Коммуналдық қызмет көрсету – сумен жабдықтау, су бұру бойынша концессияны әзірлеу, қаржыландыру және пайдалануға беру;
3. Су жүйесін пайдалануға беру және техникалық қызмет көрсету;
4. Суды химиялық жолмен тазарту.
Адиба Амин компания жалпы инвестицияның 20 пайызын өзі құятынын, қалғаны серіктес банктердің есебінен 20-25 жылға несиеге берілетінін айтты.
Сондай-ақ бизнес өкілі су жүйесін тартуға кеткен шығын тарифтердің өсуіне әкелмеуі керек екенін атап өтті. Яғни, кәріз-тазарту желілерінің тозу мәселесін шешуде жұртшылықтың қалтасы көтеретін тұсы да ескерілуі тиіс.
– Мемлекеттік-жеке меншік әріптестікте әлеуметтік салаға да баса назар аударылады. Жалпы мемлекет Алматы облысының дамуына көңіл бөліп отырғанынан хабардармыз. Сондықтан сіздермен кездесуді жөн көрдік, – деді маман.
Ал облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев қазіргі таңда Қонаев қаласының кәріз-тазарту жүйесін жаңартуға конкурс жарияланғанын айтты.
– Сіздер мемлекеттік сатып алуға да қатыса аласыздар. Облыс көлеміндегі мәселе болғанымен басымдық Қонаев қаласына беріліп отыр. Сонымен қатар Алматы облысы аумағында орналасқан кәріз-тазарту жүйесі болса да, Алматы қаласына қарасты аймағымыз да бар. Сол себепті Алматы қалалық әкімдігімен де келіссөздер жүргізу қажет, – деді облыс басшысы.
Бұдан бөлек, әкім G4 city жобасы жайлы да сөз етті.
– Алматы мен Қонаев қалаларының аралығында 4 аудан салынады. Жақында ғана арнайы экономикалық аймақ құрылды. Мұнда да су жүйесін жүргізу қажет. Ол жобаға да аралассаңыздар болады, бірақ аталған аудандарда әлі тұтынушылар жоқ екенін ескергендеріңіз жөн», – деді облыс әкімі.
Облыс әкімі Марат Елеусізұлы «Метито» кәсіпкерлікті дамыту бөлімінің басшысы Адиба Аминге екі тарап арасында ортақ келісімге келіп, түрлі жобаларды іске қосу барысында біршама істің тетігін талқылап алу керегін айтты. Кездесу соңында шетелдік компания өкілдері G4 city жобасымен танысып, қос тарап тағы да басқосулар өткізуге келісті.
Құралбек Сәбитов,
Ақерке Жұмағазықызы
Қонаев қаласы