Өзбекәлі ата Жәнібек қазаққа Алланың сыйы етіп берген ұлт тарихындағы үлкен олжалы – ұлы! Ол тарихшы-этнограф, қазақтың жоғалтқанын түгендеп, байырғы, мәдени асыл мұраларды қайта жаңғыртқан рухани бай, өресі биік тұлға. Өзбекәлі ата Жәнібек 1931 жылдың 28 тамызында қазіргі Түркістан облысы, Отырар ауданындағы Маяқұм ауылында дүниеге келді. Өмірге келгеннен кейін әкесі Жәнібек Құдиярұлы өмірден өтеді. Одан кейін де шешесі Қаныша Томашқызы көп ұзамай дүние салып, жамағайыны Құрман деген ақсақалдың қолында өсіп, мектеп бітіреді. Өзінің жалғыз ағасы Спандияр Финляндия соғысына қатысып, ерлік көрсеткен кісі. Кейін Екінші жүниежүзілік соғысқа қатысып, хабарсыз кеткен боздақ.
Өзбекәлі ата Жәнібек Алматыдағы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының тарих факультетін 1952 жылы ойдағыдай тамамдағаннан соң, еңбек жолын сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысы, Келес ауданында мектеп мұғалімі, оқу ісінің меңгерушісі болып бастайды. 1955–1962 жылдары Келес ауданының комсомол комитетінің хатшысы, бірінші хатшысы, одан кейін Оңтүстік Қазақстан облыстық комсомол комитетінің хатшысы, бірінші хатшысы қызметінде болады.
1962–1970 жылдары Қазақстан комсомолы орталық комитетінің бірінші хатшысы, 1970 жылдан бастап 1975 жылға дейін Торғай облыстық партия комитетінің хатшысы, 1975–1977 жылдар аралығында Қазақстан Компартиясы орталық комитетінің бөлім меңгерушісі, 1977–1984 жылдары Мәдениет министрінің орынбасары (ол кезде 1976-1987 жылдары Қазақ КСР Мәдениет министрі Жексембек Еркімбеков), 1984–1987 жылдары Алматы облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары, 1987–1988 жылдары Қазақ КСР Мәдениет министрі болды. Ал 1988–1991 жылдары аралығында зейнеткерлікке шыққанға дейін Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің хатшысы қызметін абыройлы атқарды.
КСРО-ның үш мәрте Еңбек Қызыл ту орденімен марапатталған Өзбекәлі ата Жәнібек қазақ елінің саяси өміріндегі айрықша жарқыраған жұлдызы іспетті.
Өзбекәлі Жәнібек халқымыздың көрнекті ғалымдары, мемлекет және қоғам қайраткерлері Қ. Сәтбаев, Ә. Марғұлан, Н. Оңдасынов, І. Омаров, Д. Қонаев, Х. Байғалиевтермен айрықша араласты. Ұлтымыздың ғұлама ғалымдарымен тығыз қарым-қатынаста рухтас болған ол бауырмашыл аға-інілік дәстүрдің жөн-жоралғысын жақсы сақтады. Ол руханияттың белді өкілдері Ә. Әлімжанов, О.Сүлейменов, М.Есенәлиев, Қ.Тұрсынқұлов, Ш.Қалдаяқов, Т.Молдағалиев, К.Смайылов, Е.Хасанғалиев, Ғ.Жұбанова, Д.Бопова, Ғ.Бибатыроваларға жан-жақты қолдау білдірді. Өзбекәлі Жәнібек ұлт мәдениеті үшін еш нәрседен тайсалмаған қайраткер. Ол тумысынан бекзаттық болмыс иесі. Өзбекәлі ата Жәнібектің еліміздің кең жазирасындағы 25 мыңдай тарихи мәдени (бұрын тіркелмеген) ескерткішті анықтап, мемлекет меншігіне тізімдеген орасан зор еңбегі, жалпы ұлт руханиятына қамқорлық жасаған қаһармандығының өзі бір төбе.
Әлемдік деңгейдегі әйгілі данышпан тұлғамыз энциклопедист-ғалым әл-Фараби туған топырақтағы Оқсыз қалашығында кіндік қаны тамған Өзбекәлі Жәнібектің басқаша ғұмыр кешуі де мүмкін емес еді. Ол кісінің сонымен қатар, жүздеген таланттың көзін ашқан, жолына бағыт-бағдар берген бекзадалығының жөні бір басқа. Ондай болу өзгенің қолынан келе бермейді.
Өз елінің жоғын түгендеген Өзбекәлі жөнінде Қазақстанның Еңбек Ері, әдебиетіміздің абызына айналған жазушы Әбіш Кекілбайұлының «Қазақ даласында оның қолы тимеген киелі тасы жоқ. Талайлардың маңдайында оның аялы алақанының табы жатыр», – дегені дәл айтылған ой. Торғай облысында идеология жөніндегі хатшы қызметін атқарып жүргенде өзінің тікелей ұйымдастыруының арқасында облыстық музыкалық драма театры құрылады. Өлкелік мұражай ашылады. Педагогика институты және елімізге белгілі «Шертер» фольклорлық ансамьблінің өмірге келуіне, сол кездегі Торғай облысының бірінші хатшысы, Социалистік Еңбек Ері Сақан Құсайыновпен бірге мұрындық болған да осы кісі.
Орталық комитетте шетелдермен байланыс бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарған тұста еліміздің сыртқы байланысының нығаюына ұйытқы болды. Бір ғана мысал, шетелден ресми келген делегаттар мен құрметті қонақтарды әсем қаламыз Алматыда орналасқан «Медеу» мұз айдынына барар жолдағы киіз үйге апарған. Қазақтың 24 қанатты киіз үйінің 12-сін арнайы өзі жасаттырып, сонда тіккізген. Қазақтың ата-бабадан келе жатқан киіз үйін, қымызын, киелі дастарханын өзгелерге дәріптеу бойында бар қазақи қасиеттіліктің бір көрінісі. Мәдениет министрінің орынбасары болып жүргенде ұлтқа қатысты ұлы істер жасады десек, артық айтқандық емес.
Ол қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының сөзімен айтқанда, толық адам болуды, терең білім мен сергек жүруді өмір бойы өзінің ұстанымы еткен ерекше еңбекқор азамат. Алматы облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарған уақытта Өзбекәлі Жәнібек Сүйінбай Аронұлы мен Жамбыл Жапаұлының кесенесін толықтай қайта жөндеуден өткізеді. Үмбетәлі Кәрібаевтың мұражайын ашады. «Алтынай», «Адырна» өнер ұжымдарын ұйымдастырады. Бүкіл шығыс халықтарының төл мерекесі, күн мен түннің теңелу тұсы, ұлт пен рухтың, салт пен ғұрыптың алтын көбесі 22 наурыз, халықаралық мерекеміздің қайта жандануына өзінің бар қарым-қабілетін сарп етеді. 70 жылдай тойланбай қалған халқымыздың ұлық мерекесі Наурыздың алғаш рет 1988 жылы Алматы облысында, Алматы қаласында кең ауқымда атап өтілуіне тікелей өзі себепші болады. Ол осылайша бүкіл республикаға Наурызды жаңғыртып, халық дәстүрін қайта түлетіп, еліне оралтты. Жастарды үлкенге ізетті, кішіге ілтипатты болуға баулу – осы Наурыз мерекесімен тығыз байланысты екенін егжей-тегжейлі айтқан кісі де Өзбекәлі атамыз.
Өз-ағаның еліміздегі мұражайларды ашу, қалыптастыру, қайта құрудағы еңбегі де орасан. Алматыдағы Ықылас Дүкенұлы атындағы музыкалық халық аспаптар мұражайының әр домбырасы, қобызы, жетігені, тағы басққа көптеген дүниежүзі халықтарының сан түрлі музыкалық аспаптарын біртіндеп ел ішінен жинастырып жасаған еңбегі кімге де болса үлгі. Осы мұражайдың қызметкерлерінен құрылған ансамбль ұйымдастырады. Ансамбльдің атын «Сазген» деп өзі қояды. «Сазген» ансамбльі еліміздің барлық аймағында және бірнеше шет елдерде ұлттық өнерімізді паш етті. Жалпы Өзбекәлі атамыз елдегі мұражайлардың негізін салушы, Қазақстан мұражай мамандарының бірегей ұстазы да еді. Алматыдағы халық аспаптар мұражайы Үкіметтің қаулысымен 1980 жылы ашылғаны белгілі. Осы ретте мұражайдың құрылуына қолдау жасаған үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, академик атамыз Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаев екенін атап айту парыз.
Қазақ халқының ежелден келе жатқан, ауыз әдебиеті өнерінің бірі – айтыс. Тарихқа шегініс жасасақ, сұрапыл соғыстың жалынды өрті қызып жатқан уақытта да сол кезде үкімет басшысы (1938–1952) , ұлт қайраткері, лингвист-ғалым Нұртас Оңдасыновтың басшылығы кезінде 1943 жылы, одан кейін 1951 жылға дейін тек республикалық іс-шараларда ғана өткен ақындар айтысының бәсі жоғары болған. Содан кейін бәсеңдей бастаған төл өнерімізді қайтадан қолға алып, аудан, облыс, республикалық сахнаға қайта шығарған немесе ақындар айтысының қоғамдық мәнін, маңызын арттырған да – Өзбекәлі Жәнібек. Ол кісі қазақтың құт-берекесі (1935 жылы бүкіл дүниежүзі көрмесі, Ленинград – қазіргі Санкт-Петербургке апарылған) тайқазанның араға 54 жыл салып, 1989 жылы қайтадан Түркістандағы Әзірет Сұлтанға келуіне де ықпал етті. Бұл істің мемлекеттік деңгейде шешілуіне ықпал жасаған да Өз-ағамыз.
Ал тайқазан Түркістанның ғана емес, барша қазақтың ортақ қазынасы. Ол Әзірет Сұлтан мазарында жерленген қазақтың хандары, батырлары мен билері – Есім хан, Тәуке хан, Абылай хан, Қаз дауысты Қазыбек би, Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақ Жәнібектердің жоғалып кеткен құлпытасына дейін жинап, ретке келтіріп, олардың қабірін, қойылған орындарының бірсыпырасын деректермен дәлелдеген нағыз тарихшы этнограф-ғалым. Өз-аға қазақтың тарихы мен мәдени ескерткіштерін сақтау және қалпына келтіруге арналған «Арқас» қоғамын құрады. Осы «Арқас» тарихи-танымдық сериясы бойынша көптеген кітаптар жарыққа шықты.
Халық жадынан өшпес тұлғаларымыз, саяси репрессия құрбандары Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханұлы, Мағжан Жұмабайұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Міржақып Дулатұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы тағы басқа ақтаңдақтарымыздың ақталуына, тарихымызға, мектеп оқулықтарына енгізу жөніндегі жасаған жұмысын кейінгі ұрпақ ұмытпайды.
Абайдың «Артық білім кітапта, Ерінбе оқып-көруге» деп айтқаны расында ақиқат. Өркениет негізі –кітап. Осы өркениет сөзін ғылымда кеңінен қолданылуына ықпал еткен Өзбекәлі Жәнібек көкейдегі ойларын үнемі жүзеге асыратын терең азамат болды. Ол халқымыздың тарихи мұралары мен ескерткіштерін, ұлттық киім, ою-өрнек, сәулет, би өнерін зерттеп, монография жазған жасампаз ғалым. Әсіресе, кең ауқымды екі томдық «Тағдыр тағылымы» кітабында өзінің өмір жолын айрықша толғаныспен жазады. Этнографиялық ғылыми еңбектері, қаламынан туған шымыр шығармалары, рухани құнды кітаптары әлі талай ұрпақтың ой-санасын жаңғыртары анық. Бағалы әрі рухани құнды «Ежелгі Отырар», «Жаңғырық», «Жолайрықта», «Алтын домбыра жайлы аңыздың ізімен», «Уақыт керуені», «Қазақ киімі», «Дәстүр және уақыт», «Эхо», «Первый этнограф Казахстана» тағы басқа көптеген еңбектерді жазып, тірнектеп жинап, шәкірттеріне қалдырды. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ҰҒА академигі, заң ғылымының докторы, профессор Сұлтан Сартайұлы атамыздың «Кейде адамның өмірі ағып өткен жұлдыздай, істеген ісі, өнері, ұмытылмас мың жылдай» деген өлең жолдарын еске түсірмеу мүмкін емес.
Баспагер-жазушы, профессор Жарылқасын Нұсқабайұлы нағашымның ұлы Асхаттың 1996 жылы наурыз айының 1-жұлдызында үйлену тойы өткені есте. Осы тойдың алғашқы сөзін ауылдан келген Біләл көкеме інісі Жарылқасын «тойымызды ашып, бата берсеңіз» деп сұрайды. Әулеттің үлкенінен бата сұрау салт-дәстүрімізде бар өнеге. Көкеммен бірге Социалистік Еңбек Ері Қуатбеков Қайқыбайұлдары – Баубек пен Сатыбалды, Мүтәлхан Әбилаханұлы, Әбілқасым Құлымбетов – бәрі Шәуілдірден арнайы Алматыға тойға келеді. Өзбекәлі ата: «Тойды ашқан жаңағы кісі кім?» – деп Жарылқасын нағашымнан сұрайды. «Ой, Өзеке, ол кісі менің туған ағам Білекең ғой, қарамайсыз ба, екеуіміздің де көзіміз көк», – деп әзілдегені бар. Сонда Өзбекәлі атамыз таңданысын жасыра алмай, «Білеке, сіздей сөзге жүйрік, тілге шешен іскер азаматты көріп, қатты қуанып тұрмын. Сізге арнайы дастарқан жайып, сый-сияпат жасайын» деп, айтқанын тойдан соң орындайды. Сонда Өзбекәлі атамыз сыйдың төресі арнайы өзі тіктірген ұлттық киіміміз түйе жүнінен жасалған шекпенді Біләл көкемнің иығына жабады. Алматыдағы тойдан келген Біләл көкем Өзбекәлі атамызбен пікірлескенде: «Қазақ ұлтының бір кемеңгер азаматы екен. Сендер де сол кісідей болыңдар», – деп бізге үнемі үлгі, тәрбие ретінде бұл фәниден өткенше айтумен өтті, жарықтық!
Бала кезімнен Өзбекәлі атамызға жақын болуыма әсер еткен, әсерлі болған осы шежіреге толы әңгімелер еді. Содан бері ширек ғасырдан аса уақыт сырғып өте шығыпты.
Қашанда біртұтас ұлт қағидатын сақтайтын ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Халқымның сенімі – маған аманат» атты мақаласында «Байлық не керек, адалдан жимасаң, билік не керек, әділдік құрмасаң» деген сөзді бекер айтқан жоқ. Елге арнап айтты. Ал кемел ойдың кемеңгері Өзбекәлі ата Жәнібек әділдіктің салтанат құруы үшін ұлтқа адал қызмет еткен, марқасқа ұлдардың бірі. Дәл бүгінгідей аумалы-төкпелі заманда мұндай озық ойлы, отаншыл адамның көп болуы керек-ақ. Ең маңыздысы сол, Өзбекәлі Жәнібек мектебінің ұлағаты ғасырлық, ол ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып жалғаса береді. Ауылымыз Көксарайдағы М. Әуезов атындағы орта мектепте 40 жылдай дарынды шәкірттердің көкірек көзін ашуға қызмет жасаған, бүгінде дербес зейнеткер, «Алтын алқа» иегері, ұлықты ұстаз Жұмақыз Біләлқызы анамның әкесі, туған нағашы көкем Біләл Ысаұлы Құлбайдың Алматыда тұратын туыс немере інісі, ҚР Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі, Отырар ауданының құрметті азаматы, бір күнде СССР-дің ең жоғарғы наградасы «Социалистік Еңбек Ері» атағын алған – Қайқыбай Қуатбеков, Нұсқабай Құлымбетов, Мұсабай Құлымбетовтер омырауына Алтын жұлдыз таққан, нағыз қарапайым еңбек адамы болған кісілердің ұрпағы, жоғарыда айтқан «Мектеп», «Рауан» және «Білім» баспаларының директоры болған ұлағатты ұстаз, өзімен рухтас болған, өте жақын ауылдас інісі Жарылқасын Нұсқабай: «Өнердің қай саласында да ол кісінің жолы сайрап жатыр. Әдебиеттен, музыкадан бастап, еліміздегі сан ғасырлық тарихқа толы сыры бар, домбыра өнерінің қалыптасуына, домбыра оркестрлерінің жандануына бірден-бір жетекші болған әрі соны жіті қадағалаған да осы Өзбекәлі Жәнібек ағамыз болды. Көптеген ансамбльдердің, өнер ұжымдарының да атын кезінде Өзбекәлінің өзі қойған. Ұлт руханияты үшін бар бағалы уақытын сарп еткен жарқын тұлғаның игілікті ісі ешқашан ұмытылмайды. Елін сүйген, өзін сүйген қазақ ұлты барда – Өзекеңнің есімі уақыт озған сайын асқақтай берері хақ», – деп өзінің ой-пікірін айтты.
Өмірде бізге, немере-шөберелеріне, жиен-жиеншарларына айтатын Біләл көкемнің сөзі әуелі Алла, «текті дана қазақ – ол біздің тектіліктен жаралған, мағыналы ғұмыр кешкен, абыз адам болып өмірден өткен асыл да, аңыз батыр бабаларымыз. Текті дана қазақ – ол біздің асқар тау қамқор жанашыр әкелеріміз, аяулы, аса мейірімді, шын жанашыр әз-аналарымыз. Текті дана қазақ – ол біздің қастерлі қасиет дарып, кие қонған кең байтақ отанымыздың иесі – қазақ ұлты, қазақ елі» дегені есімнен кетпейді. Сонда көкемнен дана қазақтың заңды жалғасы ретінде бізге қалдырғаны тек қана өнегелі тәлім-тәрбие екен ғой! Шымкент шаһарындағы (1937 жылы наурыз айында ашылған), шаңырағы биік оқу ордасы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік педагогикалық университетінің аты бүгінгі таңда ұлт қайраткері, тарих ғылымдарының кандидаты, этнограф-ғалым Өзбекәлі Жәнібек есімімен аталуына университеттің басқарма төрағасы-ректоры, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Сүгірбаева Гүлжан Дәулетбекқызының, оқытушы-профессорлар құрамы мен ұжымының сіңірген еңбегін айрықша атап өткен жөн. Ал ұлт мақтанышының елеулі есімін мәңгі есте қалдыру, ұлықтау үкімет қаулысы және Ұлттық ономастика комиссиясының шешімімен айқындалады. Дәуір алмасады, ұрпақтар сабақтастығы жалғасады деген осы шығар.
Мемлекет және қоғам қайраткері, 1982-1985 жылдары Қазақ КСР КГБ-ның төрағасы, генерал-майор (құдайы көрші болған) Зақаш Камалиденов ағамыз «Өзекеңнің тамаша қасиетінің бірі – халқымыздың тарихына үлкен мән беретіні және жақсы білетіні. Жастар тарихты жақсы білуі үшін мұражай ұйымдастыруға көп көңіл бөлді. Өзекеңнің еңбегімен Қазақстан жастарының көсемі Ғани Мұратбаевтың есімі қайта көтерілді», – деп жазады «Жастарға көсем болған Өзекең» атты естелігінде.
Ежелгі абыз-шешендеріміздің көзіндей көрінетін, артында аңызға бергісіз жақсы сөз, өнегелі із қалдырған, табиғатынан жаңашыл адам Өзбекәлі атамыз талай азаматқа, әсіресе жастарға ұлағатты тәрбиелік мәні зор өнеге қалдырды. Осы орайда Өзбекәлі ата Жәнібек шыққан «бақ дарып, кие қонған» Құрбан бабадан тарайтын ұрпақтардың бір бөлігін атасақ жөн болар. Оның ішінде тарихи тұлғалар – Елғонды датқа, Желкілдек батыр Бөлтекұлы. 1925 жылдың 15–19 сәуірінде Ақмешітте өткен Бүкілқырғыздық (Бүкілқазақтық) V съезінде Қазақ Өлкелік Атқару Комитеті болып қайта құрылған республика үкіметінің төрағалығына Жалау Мыңбаев тағайындалғаны тарихымыздан белгілі. Ұлтымыздың айбарлы азаматы Жалау Мыңбаевтың хатшысы болып Бекайдар Жантөреұлы Аралбаев тағайындалады. Ол әйелі ғұлама ғалым, академик Шахмардан Есеновтың әпкесі Сақыпжамал Жорабекқызымен өмір бойы бірге ғұмыр кешіп, үлгілі отбасы болған. Қазақ күй өнерінің білгірі, ғұмырлы күйлердің авторы Әлшекей Бектібайұлы, соғыста немістің тұтқынында болып, түрлі жағдайлармен мұхит асып, Америка Құрама Штаттарының белді кәсіпкеріне айналған Күнтуғанның үйінде заңғар жазушымыз Мұхтар Әуезов Америкада болған сапарында құрметті қонағы болғанын бүгінде біріміз білсек, біріміз білмейміз. Осы жерде еске алатын бір жайт, жоғарыда айтқан біздің нағашымыз Біләл көкемнің әкесі Ысаның туған апасы Әсілқызы Сындықыз әжеміз Күнтуғанның туған жеңгесі Байтуғанның некелі адал жары болып ғұмыр кешкен, өсіп-өнген әулет. Осы әулет жалғасы Әушен (Шерәлі) Байтуғанұлы атамыздың зайыбы Айтолқын Нәлдібекқызы апамыздың кенже баласы «Құрмет» орденінің иегері, белгілі кәсіпкер Нұрахмет Әушенұлының елге сіңірген еңбегі ерекше болғанын атаған жөн. Ол өзінің бабалары “Көтен” атаның басын қарайтқаны бүгінгі ұрпаққа үлгілі іс. Құқық қорғау органдарының ардагері, білікті заңгер Несібелі Әушенқызы, ҚР білім беру ісінің үздігі, ұлағатты ұстаз Ботакөз Әушенқызы да, осындай текті жерден шыққан азаматтар.
Мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғұлама ғалымдар, ақын-жазушылар қатарында ақын Айтбай (Айтмұхаммед) Белгібайұлы, баласы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Халықаралық «Қазақ тілі қоғамының» төрағасы болған, ҰҒА-ның академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Өмірзақ Айтбайұлы, «Халық қаһарманы» және «Әлем азаматы», Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ҰҒА академигі, медицина ғылымдарының докторы, профессор, медицина саласының атақты хирургі Мұхтар Әлиев, Социалистік Еңбек Ері Алтынбек Дәрібаев, ҰҒА-ның құрметті академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Құлбек Ергөбек, ҰҒА-ның академигі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Оңалбай Аяшев, медицина ғылымдарының докторы, профессор Полат Қазымбетов, тарих ғылымдарының докторы, Қожа Ахмет Ясауи университетінің профессоры Хазіретәлі Тұрсұн, филология ғылымдарының докторы, профессор Алма Қыраубаева, ағайынды жылқышы Әбілда мен дәрігер-фтизиатр Ілескен Жүсіпбаевтардың, елге белгілі баласы, кәсіпкер, меценат Үмбет Әбілдаұлы Жүсіпбаев, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, екі бөлімнен тұратын «Ұлы бабалар насияаты» және бірнеше рухани, тарихи кітаптардың авторы Лесбек Сейітұлы Байжанов, ұлт руханиятын насихаттаушы, «Домбыра» Ұлттық телеарнасының басшысы Қанат Құдайбергенұлы Ержігітов, Мемлекеттік «Отырар» қорық музейінің қараушысы әрі жанашыры, тарихшы этнограф, шежірелі ұстаз, ғалым Адасқан Алтаев, нейрохирург-дәрігер Ғалымжан Адасқанұлы, «Овцевод» колхозының алғашқы төрағасы Серім ақсақалдың ұрпақтары, Отырардағы «Арыстанбаб» баба мәңгіге тыныстап жатқан жердің қасында жерленген Өзбекәлі ата Жәнібектің бейітінде шырақшы әрі інісі Нұржан Абанұлы Серімов, Түркістан қаласындағы этно-педагогикалық колледждің директоры, ҚР білім беру ісінің үздігі Айғаным Абанқызы,белгілі ұстаз, кәсіпкер Тәңірберген Мамраев, филология ғылымдарының кандидаты, профессор, ұстаз, Әмір Мұсақұлов, ғылым саласының көрнекті ұйымдастырушысы, профессор Кеңес Дүйсенбаев, қоғам қайраткері, елге белгілі кәсіпкер Рақым Тәңірбергенов, үлкен ғалым, КазГУ-де КПСС тарих кафедрасының меңгерушісі болған профессор Әбді Тұрсынбаев. Қазақта: «Бәсіре нағашыдан, нәсіре ғұламадан» деген сөз бар. Түркістан облысының Жетісай, Түлкібас, Отырар аудандарында түрлі басшылық қызметті абыройлы атқарған, есепші-маман Сәдуақас Ыдырысұлы Ырсымбет немересі атамыздың құдай қосқан асыл жары (шертпе күйдің шебері Төлеген Момбектің туған жиені) Аллаға шүкір,10 баланы өмірге әкелген, 95 жастан асқан абыз-ана Қызтумас Мұсақызының үш бірдей баласы – экономика ғылымдарының докторы, профессор Серікбай Сәдуақасұлы және медицина ғылымдарының кандидаты, доцент, медицина ісінің заманауи менеджері Қалдыбай Ыдырысов, Мәскеудедегі А.Н.Косыгин атындағы университетті үздік бітірген, тоқыма (текстиль) өнеркәсібінің білгірі ғылым магистірі Найманбай Сәдуақасұлы Ыдырыста осы елдің ер-азаматтары. Сонымен қатар сатира саңлағы, марқұм Көпен Әмірбек, інісі белгілі журналист Ерсұлтан Әмірбек, талантты тележүргізуші Нұрсұлтан Құрман, жазушы Әбдімәлік Белгібай, Шәуілдір ауылында Ш. Қалдаяқов орта мектебінің директоры болған, ардагер ұстаз Мәрия Белгібаева, Түркістан қалалық білім басқармасының басшысы болған, үлкен ұйымдастырушы Жақсыбек Асылбек, белгілі кәсіпкер Жаңабай Әлиев, қаржыгер Оразбай Әметов, Шымкент және Түркістан қалаларының экс-әкімі Өмірзақ Әмет, оңтүстікте бірнеше ауданда бірінші хатшы болған, ел ағасы Спақұл Малдыбеков, соғыс және еңбек ардагері Құдас Жүнісбеков, қазақ баспасөзінің білгірі, «Казахская правда» газетінің редакторы болған Алдан Айымбетов, қазақтың атақты композиторы, «Әлия» және бірнеше керемет әндердің музыкасын жазған Сейдолла Бәйтереков, бала кезінде Кентау қаласындағы музыка мектебінде «баян» класы бойынша оқыған үш қазақ баласының бірі – Сейдолла ағамен бірге оқыған Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ҰҒА-ның академигі, химия ғылымдарының докторы, профессор, ғұлама ғалым Абдуали Баешов және Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ҰҒА академигі, техника ғылымдарының докторы, профессор, біздің мақтанышымыз, «Дос-Мұқасан» ансамбльінің негізін салушы Досым Сүлеев – бәрі де бір жылғы түлектер. «Отырардағы той» т.б. көптеген лирикалық әндердің сөзін жазған Сабырхан Асанов, бұл әннің музыкасын жазған «Менің Қазақстаным» Әнұранының авторы, Қазақстанның Еңбек Ері Шәмші Қалдаяқов. Күрмеуі көп тіршілікте осындай ел ағалары абзал азаматтардың өз орындарын тауып, ел игілігіне қызмет істеп жатқан Құрбан баба ұрпақтарының ауыз біршілігі тарқамасын.Нағыз бақыт-еңбекте, еңбегімен елге танылған текті-азаматтарымыздың шығар биігі, алар асуы аласармаса дейміз.
Көпке көмегі тиген, тектінің жақсылығын көрген тағы да бір талантты азаматымыз, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ҰҒА-ның академигі, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Асқар Жұмаділдаевтің әсерлі естелігін еске алсақ, жастарға қамқор болған ағаның ісін бірден бағалай аламыз. «Жас кезімде ғылым докторы ғылыми дәрежесін қорғап алғанымды естіген Өзбекәлі Жәнібек бір күні Орталық Комитетке көмекшісі арқылы шақыртты. Неге шақырғанын білмей, кабинетіне кіргенімде: «Сен жап-жас болып қалай ғылыми дәреже алдың? Ал біз алпысқа келсек те, әлі кандидаттық ғылыми жұмысты қорғай алмай жүрміз», – деді. Сонда ол кісінің ғылымға, өнерге, жалынды жастарға аса қамқор екеніне көзім анық жетті. «Қалада үйің бар ма? – деп сұрады. – Шақырған себебім, өзіңдей ғылымға құштар, дарынды азаматқа үш бөлмелі пәтер беруді ұйғардым». Өмірде тек атын естігенім болмаса, жүзбе-жүз кездеспеген адамның осылай маған үй бергізгеніне таңғалдым. Өзекең бергізген сол пәтерде 40 жылдан бері тұрамын. Ол кісі шынында да ұлтына қамқор болған ұлтшыл азамат еді».
Қазақ үкіметін басқарған Нұртас Оңдасыновтың «ізбасар шәкіртімін» деп есептейтін, ұлының есімін Оңдасын атаған Бәйкен Әшімов (1970–1984 жылдары үкімет басшысы) ағамыз «Үлкен азамат» атты естелігінде «Торғайда жұмыс істегенде он алтыншы жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің үш арысы – Амангелді Иманов, Әліби Жангелдин және Әділбек Майкөтовтің мемориалдық мұражайларының алғашқы қадасын өз қолымен қағысып, жәдігерлерін ел арасынан тірнектеп өзі жинасқанын жұрт аңыз етіп айтады. Бұны ұлтжанды азаматтың өз жұртына жасап кеткен ерен жақсылығы деу орынды. Өзбекәлі қазақ халқының дарынды екенін, оның бай өнері, ғасырлар тереңінен бастау алатын салт-дәстүрі бар екенін дәлелдеуге қызмет етті. Оның ұмытыла бастаған беттерін қалпына келтіруге тырысты, өзіндік пайымдаулар айтты. Сондықтан оны қазақ деген қабырғалы ұлттың, Алаш деген аталы жұрттың қамын жеп, бар білімін, бар ғұмырын соның іргелі елдер қатарына қосылуы үшін сарп еткен үлкен азамат деп айтуға әбден болады», – деп тебірене жазады.
Халқымыздың біртуар перзенті Шерхан Мұртаза ағамыздың «Ақ жолмен өткен азамат» атты естелігінен үзінді: «Елім деп туған қайсар жан, институттан алған мамандығы бойынша ол тарих пәнінің мұғалімі еді. Ал Құдай берген құдіретті күштің арқасында ол энциклопедиялық білімнің иегері. Ол – бірегей ұйымдастырушы, бірегей – ұйытқы. Ол музыканы керемет білетін. Ол – этнограф. Ол – философ. Оның халыққа сіңірген ерекше еңбегін тізбелеп шығу үшін ғана үлкен кітап жазу керек. Ол киелі адам», – деген сөзі кімге де болса ақиқат.
«Алтын да – тас, тас та – тас, бірақ алтын басқа тас, алтынға алтын жолықса, алтынды алтын тастамас», – дейді қазақ. Өзбекәлі ата Жәнібекке адал жар, балалары мен немерелеріне асыл ана болған, қазақтың қадірлі қызы, еліне еңбегі сіңген ұлағатты ұстаз Халихан Айдосқызы екеуінің мәпелеп өсірген ұлдары мен қыздары бар. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дегендей, тұңғыштары – Ниетжан Өзбекәліұлы әл-Фараби атындағы мемлекеттік (Қазақ ұлттық университеті) университетін бітірген. Ортаншылары – Жұлдыз Өзбекәліқызы Алматы мемлекеттік медицина (қазіргі С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті) институтын фармацевтика мамандығы бойынша тәмәмдаған. Кенжелері – Бауыржан Өзбекәліұлы Қ.И. Сәтбаев атындағы политехникалық (қазіргі Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық зерттеу университеті) институтын бітірген. Немерелері – Мәдина, Нұртас, Дина, Сорея, Ескендір, Әзел, Малика, Жания, Алижан. Шөберелері – Дана Аленқызы, Қасым, Ален Нұртасұлдары, Эдэн Диасұлы, Сабина Бауыржанқызы, Данел Даниярқызы, Нығмет Дінмұхаммедұлы.
Өзбекәлі ата Жәнібек 1998 жылдың 22 ақпанында дүниеден озды. «Жақсының аты, ғалымның хаты, әділдіктің заты өлмейді» деген халық нақылы бекер айтылмаса керек. Ал елі үшін еңбек етіп, ғибратты ғұмыр кешкен Өзбекәлі ата Жәнібек шынында да қазақ елі аман-сау тұрғанда арымайтын, уақыт жылжып, ғасыр өткен сайын елінің дара азаматы, арда тұлғасы болып қала беретін ұлтымыздың ұйтқысы екені хақ. Мақала соңында Өзбекәлі ата Жәнібектің өз сөзін келтірсек дұрыс болар. “Біз жанымызды жегідей жеп жүрген дағдарыстан да құтылармыз. Молшылықта болар. Ал имандылықтан айрылсақ, оның орнын толтыру қиын болатыны сөзсіз! Осы мәселелердің төңірегінде қызмет ету, біздің қай-қайсымызға болса да парызға берік болу азаматтық, отаншылдық борышқа ұмтылу болып табылады. Ең бастысы халық мүддесіне лайық осынау міндеттің шынайы салмағы мен мәнін жүрекпен ұғына білу”, – деген өткір ойлары бүгінде өміршеңдігін жоғалтпаған сияқты.
Ғани СМАХАНҰЛЫ