Құрметті облыс тұрғындары!
Сіздерді ұлық мереке – Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын!
Тарихы терең бұл ғажайып мереке ұрпақтар сабақтастығын паш ететін, Жер-Ананың оянуын бейнелейтін, жаңа өмірдің бастауы болып саналатын ең ұлы күннің бірі. Наурыз – сан ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан мәдени құндылықтарымыз бен мызғымас салт-дәстүріміздің жарқын көрінісі.
Күн мен түннің теңелуі жаңа өмір бастауын білдіреді. Бұл күні біз өткен тарихымызды түгендеп, басқан ізімізге қорытынды жасаймыз, болашаққа айқын жоспар құрамыз.
Облысымызда халықтың әл-ауқатын көтеру бағытында қыруар іс атқарылды. Жаңа мәртебеге ие болғаннан бері Қонаев қаласы айтарлықтай өзгерді. Жаңа облыс орталығы болашақта республикадағы ең заманауи қаланың біріне айналары сөзсіз. Алдымызда бізді үлкен жетістіктер күтіп тұр. Біз биіктерді бағындыру үшін ауызбірлігімізден, өзара келісім, татулық, достық сияқты құндылықтарымыздан ажырамауымыз қажет.
Осы орайда мен Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауына баса назар аударғым келеді. Біздің облыс тұрғындары аталған саяси шарада барша қазақстандықтармен бірге белсенділік танытып, ел дамуының жаңа кезеңіне аяқ басты.
Құрметті жерлестер!
Сіздерге және сіздердің жақындарыңызға зор денсаулық, баянды бақыт пен бақ-береке тілеймін! Наурыз мейрамы әр шаңыраққа тыныштық пен береке әкелсін! Ұлыс оң, ақ мол болсыН!