Әлеуметтік желілерде азамат Думан Мұхамедкәрімнің наразылық акциясын өткізгені үшін әкімшілік қамауға алынғаны туралы ақпарат тарады. Алайда ол тұрғындарды заңсыз әрекетке шақырып, ұйымдастырғаны үшін сот қаулысымен осындай әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Атап айтқанда, биыл 20 наурызда интернетте Д.Мұхамедкәрім «Қазақстан Республикасындағы бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 10 және 15-баптарын бұза отырып, азаматтарды 21 наурыз күні 14-00-де заңсыз наразылыққа шығуға үндеу жариялаған. Сонымен бірге, жергілікті атқарушы органға бұл әрекеті туралы хабарламай, аталған заң талаптарын бұзған. Бұдан бөлек, ол заңсыз акцияны жергілікті атқарушы орган белгілеген митингілерді өткізуге арналған арнайы орыннан басқа орында өткізбек болған.
Осыған байланысты ішкі істер органдарының қызметкерлері Д.Мұхамедкәрімнің үстінен заң нормаларына сәйкес оның ӘҚБтК-нің 488-бабының 12-бөлігімен құқық бұзғаны туралы хаттама толтырды.
Бұдан соң Қонаев қалалық соты 21 наурыздағы қаулысымен Д.Мұхамедкәрімді ҚР ӘҚБтК-нің аталған бабы бойынша заңсыз әрекетке шақырғаны үшін 25 тәулікке қамауға алу түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартты.