Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңесте Энергетика министрлігі, «Самұрық-Қазына» қоры және «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы басшыларының қатысуымен Қазақстанның энергетика саласын дамытудың өзекті мәселелері қаралды.
Атап айтқанда, ірі халықаралық инвесторларды тарту, жаңа энергия өндіруші қуаттарды (жылу, электр энергиясы) іске қосу, жаңартылатын энергия көздерін дамыту және инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту жөніндегі жоспарлар талқыланды.
Сонымен қатар кеңеске қатысушылар ішкі нарықты жанар-жағармаймен қамтамасыз ету шараларын қарастырды.
I тоқсанда бензин, дизель отыны және сұйытылған газ жоспардан асыра өндірілген. Атап айтқанда, дизель отынының қоры 1 қаңтардан 1 наурызға дейінгі уақытта 241 мың тоннадан 326 мың тоннаға дейін ұлғайтылды.
Қазіргі уақытта жанармай ең алдымен егіс жұмыстарын жүргізу үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге, содан кейін жанармай станциялары мен әлеуметтік маңызы бар кәсіпорындарға жіберіледі.
Әйтсе де, кейбір өңірде сұраныстың тым жоғары болуына байланысты отын жетіспейді. Осыған байланысты Энергетика министрлігі қажетті қорды толықтыру шараларын жасап жатыр.
Бұдан басқа таяу және жақын келешекте отын өндіру мен тұтыну балансын ескере отырып, газ саласын дамытудың өзекті мәселелері қозғалды.