Сыйлық алғанды кім ұнатпайды?! Бәрі де жақсы көреді. Соның ішінде кәдесыйдың орны ерекше. Ешқашан құнын жоймайды. Уақыт жылжыған сайын қымбаттай түседі. Өйткені, ол – сенің өміріңдегі қуанышты сәттің бір белгісі. Оған қарап отырып өткен күндерді сағынышпен еске аласың.
Есікте тұратын белгілі суретші, этнодизайнер Құрманғазы Қадыров кәдесый жасаудың хас шебері. Оның туындылары ұлттық нақышпен безендірілген. Зер салсаңыз, көп нәрсеге қанығасыз. Қолөнерші малдың сүйегінен де түйін түйеді. Терісін де қажетке жаратады. Сол арқылы халқымыздың ежелден келе жатқан салт-дәстүрін баршаға паш етіп жүр.
– Бабаларымыздың өмір салты мал шаруашылығымен тығыз байланысты болғаны бәрімізге аян. Ішетін асы, киетін киімі, күнделікті тұрмысқа пайдаланған заттары, мінген көлігі, бәрі-бәрі төрт түлікке сай негізделген. Тіпті малдың әр мүшесіне дейін мән беріп отырған. Мәселен, ата салт бойынша үлкен кісіге қойдың басын тартқан. Жамбасты құданың алдына қойған. Ал бақсы-балгерлер жауырынға қарап көріпкелдік жасаған, жол ашқан. Айта берсек, сүйекке қатысты мысалдар жетіп-артылады. Міне, осы жоралғыларды жас ұрпақ ұмытпасын, өткенін танысын, одан ой түйсін деген ниетпен кәдесый жасауға көштім, – дейді шебер.
Енді Құрманғазы Қадыровтың өмір жолына аз-кем тоқталайық. Ол кісі – Қызылорда облысының тумасы. Қазалыда өсіп, ержеткен. Бейнелеу өнеріне деген қызығушылығы бала кезден басталған. Құрманғазының қабілет-қарымына Жақсылық Қабылов дейтін мұғалімі тәнті болыпты. Оның болашағынан зор үміт күткен. Сондықтан оқушысын мектеп қабырғасынан бастап өнерге баулыған. Құрманғазы Жақсылық ағасының сүйікті шәкіртіне айналады. Қылқаламның қыры мен сырына қанығады. Ұстазы оған үнемі: «Сен мектепті бітіргенде міндетті түрде Ленинградтағы суретшілер дайындайтын оқу орнына түсуің керек. Нағыз өнер сол жақта» деп айтудан жалықпаған. Бірақ шәкіртінің мектепті тәмамдағанын көруді тағдыр оның маңдайына жазбапты. Құрманғазы 8-сыныпта оқып жүргенде ұстазы қайтыс болады. Білім шаңырағынан түлеп ұшқаннан кейін ұстазының аманатын орындауға серт береді. Ауылдың қара баласы Ленинградтан бір-ақ шығады. 1979 жылы ондағы тас қашау училищесіне оқуға түсіп, студент атанады. Ары қарай білімін ұштап, мүсін мен сәулет өнерін қатар меңгереді. Бесаспап маманға айналады. 90-жылдарға дейін Ленинградта жұмыс істейді. Сонда дәрігер мамандығында оқитын Замира есімді болашақ жарын кездестіреді. Үйленіп, отбасын құрады. Білікті кадрға қай жерде болса да жол ашық. Қалың орыстың ортасында жүріп намысқа тырысқан қазақтың жігіті білімін одан сайын шыңдай түседі. Мүмкін, ары қарай қызметін сол қалада жалғастыра берер ме еді?
Кеңес одағының ыдырауы, өтпелі кезеңнің басталуы шығармашылықпен айналысатын адамдар үшін оңайға соқпады. Сол бір қиын кезеңдерде Құрманғазының елге оралуына тура келген. Туған жерге келіп, Есік қаласында жұмысын жалғастырады. Аудандық сәулет-құрылыс бөлімінде ұзақ жыл еңбек етеді. Оның қолтаңбасы көптеген тарихи ескерткіштерде сайрап жатыр. Есіктегі Керей мен Жәнібек ханға арналған монумент Құрманғазы ағаның дизайнымен бой көтерген. Көне заттарды қайта қалпына келтіру жұмыстарын да біркісідей атқарды. Қазақстан Суретшілер және Дизайнерлер одағының мүшесі Құрманғазы Қадыровтың еңбегі еленбей қалған жоқ. «Құрмет» орденінің иегері атанды. Қазір ол кісі ұста Дәркембай атындағы мұражайда суретші-қайта қалыпқа келтіруші. Сонымен қатар, жеке авторлық жұмысын да жандандырып жатыр. Жоғарыда айтқан ұлттық нақыштағы кәдесыйлар – соның дәлелі.
– Қазір той-томалақтарда құрметті қонаққа, құда-жегжатқа шапан кигізу дәстүрі белең алды. Қарап отырып, ойланасың. Сонда шапаннан басқа сыйға тартар дүниеміз жоқ па деген сұрақ мені үнемі мазалап жүрді. Сөйтіп жаңа идея келді. Алғашқы авторлық жұмысым «Құда – мың жылдық» деп аталады, – дейді Құрманғазы Қайроллаұлы.
Шебердің бұл кәдесыйына қараған кезде ең алдымен жамбас сүйектің сұлбасы көзіңізге оттай басылады. Ал, тағы бір қырынан зер салсаңыз, көне музыкалық аспап – қобыздың бейнесін көресіз. Сонымен қатар, шауып бара жатқан атты да байқайсыз. Міне, бір ғана мүсіннің өзінен ұлттық болмысымызды сипаттайтын бірнеше бейне көлбеңдейді. Бұлай жасау тек шебердің ғана қолынан келетіні анық. «Алматы – арман қала» атты туындысы да философиялық ойға толы. Онда жауырын мен алма негізгі образға айналған. Құрманғазы аға бұл еңбегіне жауырынды бекер таңдамаған. Алматы сияқты ару қалаға жан-жақтан жастар ағылады. Солардың жолын ашатын қала болсын деген ниетпен әдейі осы сүйекті таңдап алған екен. Бұл да көрген жанды қызықтырмай қоймайды. Сондай-ақ, «Ай жарық», «Жаңғырық», «Қалыңдық», «Босағаң берік болсын» деген туындылары да өнерсүйер қауымды терең ойға жетелейді. Осы еңбектеріне шикізат ретінде мыс, ағаш, тері, сүйек, қоланы пайдаланады. Құрманғазы Қадыров халықаралық көрмелерге қатысып, жаңа жұмыстарымен шетелдіктерді де тәнті етуде. Ұлттық құндылықтарды дәріптеуге өзіндік үлес қосуда. Сол жолда аянбай тер төгіп жүрген азамат. Оның шәкірттері – ұлы Дархан мен қызы Зарина. Олар әке жолын ары қарай сәтті жалғастыратынына сеніміміз кәміл. Өйткені «ұстазы мықтының ұстанымы мықты».
Болат МӘЖИТ
Еңбекшіқазақ ауданы