Жуырда ғана мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Премьер-Министрдің, мемлекеттік органдар басшыларының, облыстар мен Астана, Алматы, Шымкент қалалары әкімдерінің қатысуымен өткізген кеңесте: «Соңғы кезде бір аймаққа ғана белгілі адамдарға ескерткіш орнату сәнге айналды. Жергілікті ономастика комиссиялары бұған жол бермеуге тиіс. Орынсыз шешімдерге Республикалық комиссия тосқауыл қоюы керек. Әркім өз бабасына ескерткіш қоя берсе, елде рушылдық, жершілдік белең алады. Осыған назар аударыңыздар. Кеңестік кезең қайраткерлеріне, соның ішінде жаппай қуғын-сүргінге тікелей қатысы бар адамдарға ескерткіш, бюст орнату ісі әлі жалғасып келеді. Өмірде болмаған ерлік істерге толы өмірбаяндар ойдан құрастырылып жатыр. Олар туралы деректер архив құжаттарында нақтыланбаған немесе мүлде жоқ. Кейбір белсенді топтар азаматтарымызды кеңестік кезеңдегі партия және мемлекет қайраткерлерінің аңызға бергісіз өмірбаяндарына сенуге мәжбүрлеп жүр», – деп, республикамызда орын алып отырған келеңсіз құбылысқа тоқталған болатын.
Әрине, мемлекет басшысының бұл сынын кеңестік кезеңнің барлық қайраткерлеріне ескерткіш қоюға болмайды деп айтты деп түсіну қате болар. Мемлекет басшысы бұл жерде 1937-1938 жылдардағы және 1947-1952 жылдардағы Қазақстанда орын алған қуғын-сүргінге қатысы болған немесе оны басқарған тұлғаларды дәріптеуді доғару мен оларға ескерткіш орнатуды тоқтату жөнінде пікір білдірді деп түсінген орынды болар. Мысалы, мемлекеттілігіміздің қалыптасуы мен дамуына ерекше еңбек сіңірген кеңестік кезеңнің 20-30 жылдарындағы С. Меңдешев, Т. Рысқұлов, С. Сейфуллин, С.Қожанов, Ж.Мыңбаев, А.Байтұрсынұлы, Ә.Ермеков, Н.Нұрмақов, Ұ.Құлымбетов, Н.Өмірзақов және т.б. сияқты бірқатар көрнекті тұлғаларды ұлықтаудан келер залалды көріп отырғаным жоқ. Бұл жерде, мемлекет басшысы кеңестік кезеңнің (бұл барлық кезеңнің қайраткерлеріне қатысты ғой) қайраткерлеріне объективті тарихи баға беру қажеттігі, олардың тарихтағы орны мен рөлін әсірелеуді туыстық немесе рушылдық тұрғыдан тоқтату керектігі туралы айтты деп ойлаймын.
Бұл жағдай – тек қана кеңестік кезеңнің қайраткерлеріне ғана қатысты емес, бұрынғы Алашордашыларға да қатысты болуы тиіс. «Қазақ АКСР-інің шекарасын қалыптастыру мен Қазақ АКСР-ін құру тек қана Алаш партиясы мен Алашорданың тарихи еңбегі» деген аңызды қалыптастырып, осы арқылы қоғамдық пікір қалыптастырып жүрген әдебиеттанушылар мен тарих әуесқойларына да тосқауыл қойылуы тиіс.
Ұлттың болашағы – оның тарихи санасының дұрыс қалыптасуына тікелей тәуелді. Өткенді дұрыс білмеу – тұтас ұлтты адастыратын фактор екені сөзсіз. Сондықтан да, Президентіміздің осы мәселеге ерекше назар аударып, әрбір тарихи тұлға туралы айтарда, жазарда АРХИВ ҚҰЖАТТАРЫН басшылыққа алу керектігін еске салуын өте орынды деп білемін.
Жалпы, ұлттың тарихи санасын қалыптастыру бағытындағы жұмыс тарихшы ғалымдар тарапынан тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен-ақ басталған болатын. Ал оған мемлекеттік деңгейде назар аудару – 1995 жылы басталды. Осы жылы 31 маусымда ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік саясат жөніндегі Ұлттық Кеңес «Қазақстан Республикасында тарихи сана қалыптасуының тұжырымдамасын» қабылдады. Бұл тұжырымдама объективті болды және халықтың тарихи санасын қалыптастыруға бағытталған нақты практикалық міндеттерді белгіледі. Мәселе – осы тұжырымдаманың қалайша жүргізілгенінен туындап отыр. Академиялық деңгейдегі тарихшы ғалымдар белгілі бір мәселені зерттеп, ой қорытып, ғылыми еңбек жазып бітіргенше, ұлт тарихының әуесқойлары бұрқыратып, бірнеше еңбекті жариялап жатты. Бұл заңды процесс еді. Яғни, ұлттың өз тарихы мен әдебиетін білуге ұмтылысы – табиғи заңдылық болатын. Ақиқатты білуге ұмтылған халықтың сұранысын әртүрлі мамандық иелері болып табылатын тарих әуесқойлары өтей бастады. Академиялық тарихқа балама тарихты қарсы қою үрдісі кеңінен етек жайып, ұлт тарихының көптеген мәселелеріне қатысты аңыз-тарих қалыптасты. Өкінішке орай, тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап халықтың тарихи санасы осындай деңгейдегі тарих әуесқойларының БАҚ-та жарияланған еңбектері арқылы қалыптасқаны бүгінде тарихи шындық. Бұл құбылыс бүгінгі таңда да тоқтаған жоқ. Тоқтамайды да!..
Тарихи сана дегеніміз – ұлттың өткен тарихы туралы танымы. Адамзаттың танымында тоқтау болмайды! Тарихи таным негізінде үздіксіз қалыптасатын тарихи сананың өзін қарабайыр түрде 3 деңгейге бөлуге болады: 1) Тұрмыстық деңгейдегі тарихи сана; 2) Тарихи-танымдық әрі ғылыми-көпшілік ой-пікір негізіндегі тарихи сана; 3) Академиялық деңгейдегі ғылыми негізді тарихи сана. Тарихи сананы қалыптастыруда алдыңғы екеуі өте белсенді. Себебі, жауапкершілігі жоқ жел сөзді тарату оңай! Ал ақиқаттың жолы қашанда ауыр!
Тарихи танымы объективті тұрғыда қалыптасқан ұлттың болашағы ұлық болады! Бұл жөнінде 2003 жылы 13-наурызда өткен «Қазақстанның тарих ғылымындағы методологиялық және теориялық-концептуалдық өзгерістер мен оларды игеру мәселелері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда құттықтау сөз сөйлеген академик А.Қ.Қощанов: «Соңғы он жылдан астам мезгілде, қоғамның тарихи танымында болып өткен сілкіністер кейде таудан құлаған толқынды, топан суды еске салады. Ал топан суда не жоқ! Бәрі бар. Сол сияқты тарихи тақырыпқа жазылған жарияланымдардың бәрінде бірдей конструктивті қуат бар деп айтсақ қателескен болар едік. Академиялық ғылымның ескі идеологемдер мен стереотивтерден тез арада арылып кетуі жеңіл-желпі нәрсе емес екендігін көзіміз көріп отыр. Ал осы арада кітап дүкендеріндегі полкалар түрлі «альтернативтік тарих» оқулықтары мен оқу құралдарына толыға түсуде. Бұл процестің өзін де біз тура қабылдағанымыз жөн шығар. Қалың қауымның өз тарихын білуге ұмтылысы бұл толық табиғи құбылыс. Бірақ одан академиялық ғылымға тиер пайда тым мардымсыз,» – деп, тарих ғылымындағы жағдай мен қазақ қоғамында қалыптасып келе жатқан тарихи санаға объективті баға берген еді.
Мен академиктің осы пікірімен толық келісе отырып, мынадай деректерді келтіре кетейін: «1992-2003 жылдары республикамызда шыққан қазақ тіліндегі журналдарда жарияланған тарихи мақалалардың 30,18 пайызы кәсіби тарихшылардың, ал 69,82 пайызы тарих әуесқойларының үлесіне тиді. Орыс тіліндегі журналдарда жарияланған мақалалардың 46,88 пайызы кәсіби тарихшылардың, тиісінше 53,12 пайызы тарих әуесқойларының үлесіне тиген. Ал 1992-1994 жылдары қазақ тілінде жарық көрген барлық газеттердегі тарихи мақалалардың 13 пайызы ғана кәсіби тарихшылардың үлесіне тисе, орыс тіліндегі газеттердегі материалдардың 29 пайызы кәсіби тарихшыларға тиесілі болды. Осыдан кейін біздің тарихымыздың беттері аңыз-тарихпен толыға түсуде» (Шілдебай С. Қазақстандағы тарих ғылымының өзекті мәселелері. // Қазақ тарихы, 2005. – № 1.). Мен бір жылға жуық уақыт бойы республикалық деңгейдегі газет-журналдарды парақтау арқылы осындай есеп-қисап пен қорытынды жасаған едім. Шындығында, анығын бір Алла біледі!
Кезінде, тұңғыш Президентіміз Н.Ә. Назарбаев «Қазақстан – 2050» Стратегиясында: «Біз ұлттың тарихи санасын қалыптастыру жұмысын жалғастыруымыз керек. Бүкілқазақстандық бірегейлік біздің халқымыздың тарихи санасының өзегіне айналуға тиіс», – деп атап көрсетті. Өз билігінің соңғы жылдары қабылдаған «Рухани жаңғыру» бағдарламасынан да мұны айқын көруге болады. Ал рухани жаңғыру бағдарламасы негізінде дүниеге келген «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласы осы тәуелсіздіктің ширек ғасырында қалыптасқан тарихи сананы қайта жаңғыртуды мақсат еткенін ескерсек, Отан тарихының өзекті мәселелерін қайта екшеп, оған академиялық ғылым деңгейіндегі тарихи объективті бағасын беруіміз қажет екені айқындала түседі. Осының негізінде келіп, Қазақстанның 7 томдық академиялық тарихын жазу мәселесі күн тәртібіне көтерілген болатын. Қорыта айтсақ, осы объективті тарих – тарихи сананың жаңғыруына негіз болуы тиіс еді…
Қаңтар оқиғасынан кейін саяси билікте орын алған өзгерістердің екпінімен дабыраға толы ұрандар көтерілді. Оның ішіндегі ең дүбірлісі – «Жаңа Қазақстан»! Әрине, «Жаңа Қазақстан» жалпақшешей ұран емес, саяси биліктің шынайы ұмтылысы екені ақиқат! Осы бағытта бірқатар саяси реформалар да жасалды. Бірақ, жаңа Қазақстанды қалыптастыру үшін мұның барлығы да жеткіліксіз. Жаңа Қазақстанды қалыптастыру үшін, халықтың санасы өзгеруі тиіс! Ал бұл – ең қиын жұмыс! Бұл жұмысты саяси билік пен Еліміздің интеллектуалды күштері бірлескенде ғана еңсере алады. Ендігі кезекте, осы бағытта жұмыстар атқарылуы керек.
Халықтың санасын өзгертетін құралдың бірі – тарих. Объективті тарих қана елді біріктіріп, оның болашағына негіз бола алмақ! Сондықтан, аңыз-тарих жасаумен әуейіленуді тоқтатып, тарихи тұлғаларға объективті баға беріп үйренуіміз қажет.
Бүгінгі таңда, қазақ тарихында қарама-қайшылыққа толы тақырыптар мен шешімін таппаған таласты мәселелер жеткілікті. Соның бірі әрі бірегейі – Қазақ мемлекеттілігінің тарихы.
Арғы тарихқа бармай-ақ, бергі тарихқа көз жүгіртсек, Қазақ хандығы ыдырап, қазақ жүздері мен тайпалары кезек-кезек Ресей империясының қоластына өтіп, отар елге айналғаннан кейінгі зар заман кезеңінің тұлғалары тоқтаусыз тәуелсіздікке ұмтылды. Ұлтымыз ұлт-азаттық күрестің барлық сатысынан өте отырып, ащы жеңілістерден тарихи сабақ алды. Соның нәтижесінде, ХХ ғасырдың басында прогрессивті Алаш қозғалысы қалыптасты.
Қозғалыстың мақсаты – болашақ қазақ мемлекеттілігінің негізі болатын ұлттық-территориялық автономияға қол жеткізу болды. Бірақ, Ақпан төңкерісі барысында билікке келген орыс демократиялық күштері «біртұтас, бөлінбейтін Ресей» позициясын ұстанды. Алаш зиялылары Құрылтай жиналысына үміт артты. Бірақ, Қазан төңкерісінен кейін бұл үміт келмеске кетті. Осындай жағдайда, 1917 жылы 13 желтоқсанда екінші жалпықазақ съезі Алашорда үкіметінің құрамын сайлағанымен, Алаш автономиясын жариялауды кейінге қалдырды (бірақ, оны жариялау мүмкіндігі кейін де бола қоймады – С.Ш.). Яғни, Алаш автономиясы құрылған жоқ (өкінішке орай, тарих әуесқойлары осы мәселені түсіне бермейді).
Бұдан кейін қалыптасқан тарихи жағдайда Алашорда үкіметі өзінің іс-қимылында бірқатар стратегиялық қателіктерге бой алдырды. Өздерін қолдамаған, басқа саяси көзқараста болған қазақ жігіттерімен тіл табыса алмады. Қазақтың ата жауы болған отаршыл ақгвардияшыл казактармен ымыраласып, ұлттық автономияға қол жеткізу үшін әрекет жасады және үміттенді. Ал, адмирал Колчак үкіметінің позициясы бұл үмітті құр елеске айналдырды.
Бірақ, бүгінгі таңда, белгілі бір себептермен Алаш партиясы мен Алашорданың қызметін ғана мақтаумен айналысатын бір топ тарих әуесқойларының тек қазақ халқының ғана емес, күллі түрік халықтарының болашағы жолында еңбек еткен С.Меңдешев, Т.Рысқұлов, С.Сейфуллин сияқты және т.б. саяси жағдай ықпалымен дұрыс жол таңдап, коммунистік платформаға топтасқан тұлғаларды «сатқын» етіп, оларды жоқ қылуға тырысушылығы анық байқалады. Мұндай келеңсіз құбылыс – қазақ халқының тұтастығы мен бірлігіне қауіп төндіріп, қоғамды екіге жарады.
Әрине, бұл сұрақ бүгін ғана күн тәртібіне шыққан жоқ. Бұл сұраққа ақиық тарихшы Манаш Қозыбаев осыдан 28 жыл бұрын жауап беріп қойған болатын. «Ал «Алаш» партиясының негізін қалаған үркердей топтың, – дейді М.Қозыбаев, – «Алаш Орданың» басынан аяғына дейін жүргізген саясаты дұрыс еді, Сәкендердікі қате еді, – деп айтуға бола ма? Алаш жетекшілерінің 1916 ж. көтеріліс кезіндегі позициясын Тұрар, Сәкен, т.б. түсінбеді деп кінәлау қиын. «Алаш» сол тұста автономиялы ел болып халық болашағын патша, империямен ымыраға келіп шешуді қарастырды. Ал отаршылдықтан ығыр болған ел мұндай альтернативаға ықылас білдірмеді. Тұрар, Сәкен, Жүсіпбек, Бейімбет дүркірей көтерілген қалың халықпен болды, оның трагедиясын көзімен көрді. Олар отаршылдыққа қарсы шапқан қалың елмен болды. Ол большевиктік үгіттің нәтижесі емес еді. Ол атадан балаға мұра болған жол еді… Егер атаман Анненков келіп, орыс-қазағын қырып, әйелін қорлап, қызын зорлап, малын талап, қанын жалап жатса, ал «Алаш» осы Калединмен, Колчакпен бірлесіп жатса, «Алаш» офицері О.Дощановты, Торғай «Алаш Орда» Кеңесі А.Иманов туралы өлім жазасын кесіп жатса, сонда қалай Колчактың өлім вагонында отырған Сәкен «Алашты» аялауы керек? Ендеше, біз өткенді саралағанда, диалектикалық өлшеммен қарағанымыз абзал…» (Қозыбаев М.Қ. Тұлғалар тұғыры / Құраст. І. Қозыбаев. Алматы, 2009. 241-б.). Иә, М. Қозыбаевтың бұл пікірі нағыз тарихи шындық әрі объективті пікір еді.
Ол кезде Алашорда мүшелерінің большевиктер пен орыс демократиялық күштерінің қайсысы жеңетінін нақты бағамдай алмағаны ешкімге жасырын емес. Тіпті, орыс демократиялық күштері жеңіске жеткен күннің өзінде, олардың қазақ халқына ұлттық-территориялық автономия беруі мүмкін емес еді. Ресейде, большевиктерден басқа бірде-бір саяси партияның бағдарламасында отар ұлттарға автономия беру мақсаты болған жоқ еді. Ал, 5,5 миллиондық аса күшті Қызыл Армияға ие болған большевиктерге қарсы тұратын күш – А.Байтұрсынұлы айтқан 6 миллиондық қазақ халқы түгілі, бүкіл ресейлік түркі халықтары біріксе де жоқ болатын. Тіпті, қызыл әскер саны мен ақгвардияшылар санының арақатынасын алатын болсақ, бұл қатынас 1919 жылы 15:1 болатын. Бұл тарихи шындық еді. Осыны түсінген С.Меңдешев, С.Сейфуллин, Т.Рысқұлов, Ә.Жангелдин, М.Мырзағалиев және т.б. қазақ қайраткерлері Алашорданың сәтсіздікке ұшыраған ұлттық-территориялық автономия құру жолындағы күресін одан ары жылжытып, қазақ даласында Кеңес өкіметін құруға атсалысты. 1919 жылы А.Байтұрсынов қазақ халқына үндеу тастап, кешегі алашордашыларды коммунистік партия қатарына өтіп, кеңестік билікке қызмет етуге шақырды. Олар бұл тарихи процесске өздері араласпаса, кешегі отаршыл орыс-казактар мен қарашекпен қоныстанушылардың бірыңғай саяси билігі орнайтынын айқын түсінген еді.
Осылайша, қазақ қайраткерлерінің кеңестік Қазақстан билігіне араласуы – ұлтымызға үлкен олжа болды. Ол кезде бір ғана шындық болды. Ол – жеңіске жеткен большевизм еді. Кеңес билігін 1919 жылы жеңіліске ұшыраған Алашорда мүшелері де, коммунистік платформадағы қазақ қайраткерлері де мойындады. Большевизмнен басқа жол жоқ еді (Шынайы ұлттық егемендікке ұмтылған Т.Рысқұлов басқарған Мұсбюро күресінің жанышталуы, М.Х.Сұлтан-Ғалиевтің қайғылы тағдыры большевизмнің шынайы бет-бейнесін көрсетті). Тұрар Рысқұловтың: «…Біз үшін, Кеңес өкіметі мақсат емес, Кеңес өкіметі – мүмкіндік», – деген сөзі осының айқын дәлелі болды.
Сонымен қатар, Алашорданың бағыты мен саяси билігін сол кезде бүкіл қазақ халқы қолдады деудің өзі шындыққа жанаспайды. Мысалы, белгілі философ-ғалым, сопылық бағыттың ірі өкілдерінің бірі Ш.Құдайбердіұлы өз өмірінің соңғы жылдарында жазған «Мұтылғанның өмірі» атты өлеңінде былай дейді:
«…Күздікүн тағы шақырды,
«Семейге кел», – деп ақырды,
«Кешем, – деп – қашқан қапыңды»,
Бармасам деп тұр қабайын.
Барсам – Әлихан Омбыда,
Мұқаметжан тұр орнына.
Сұр жауын қазақ сорлыға,
Деп тұр екен жауайын.
…Алашорда бір бөлек,
Қауымның ойы өзгерек,
Аз нәрсені қылып кек,
Таза ақылдан танғансыз» [4], – деп, Алашорданың қара қазаққа қарсы саясатын айыптады. Алашорданың күштеу саясатын айыптап қана қоймай:
«… Ақты жеңіп сорлы қып,
Қалаға қызыл орнығып,
Әділет атты жол шығып,
Айтылған боран өтті тез.
Қазақтан ұлық сайланды,
Аяңдап шаруа жайланды,
Түзелуге айланды,
Болса да шабан бойкүйез» [4, 438-439], – деп Кеңес өкіметінің саясатын жақтады. Бұл өлең жолдарына қарап отырсаңыз, уәдені үйдей етіп үйіп-төккен большевиктерді Алашорда мен ақтардың зорлығынан запыс болған халықтың бір бөлігінің қолдағаны анық байқалып тұр.
1920 жылы большевиктердің ұлт мәселесіне қатысты бағдарламасына сәйкес (шындығында В.Лениннің – С.Ш.) Алашордаға арман болған ұлттық-территориялық негіздегі Қазақ республикасы құрылды. Бірақ, бұл автономия – алашордашылар аңсаған демократиялық Ресей империясы құрамындағы ұлттық автономия емес, кеңестік социалистік автономия болды. Осы автономия – болашақта тарихи қазақ жерлерінің біртұтас республика құрамына қосылуына, Қазақ КСР-нің құрылуына, бүгінгі тәуелсіз Қазақстан Республикасының территориясына негіз (1991 жылғы 21 желтоқсандағы Алматы декларациясына сәйкес – С.Ш.) болды.
Өкінішке орай, 2020 жылы Қазақ республикасының 100 жылдығын бүкілхалықтық деңгейде кеңінен атап өту бастамасы жоғары жақтан қолдау таппады. Тарихи сананың жаңғыруына жол ашатын осы мерекені тойлау аясында, Алашорда құрамында болған және кеңестік платформада болған қазақ қайраткерлерінің тарихи қызметін объективті көрсетіп, трагедияға толы кеңестік мәжбүрлі модернизация дәуірінен тарихи сабақ алуымыз керек еді…
Қазақстанның тарихшы ғалымдары қазақ халқы қырғынға ұшыраған большевиктік социализм кезеңінің тарихын одан ары терең зерттеп, коммунистік партияның бағдарламасын орындауда жіберген КСРО басшылығы мен партиялық номенклатураның кемшіліктерін, олардың КСРО халықтарына, адамдарына жасаған қиянатын объективті танып-білуіміз қажет. Социалистік қоғам құрудың Ресейлік тәжірибесін терең зерттеп, неліктен оның мутацияға ұшырағанын анықтауымыз қажет. Ресейлік «социализм» туралы қарабайыр тарихи таным негізінде адамзат тарихындағы ең тамаша қоғамдық-саяси ілімнің бірі – марксизмді лақтырып тастау үлкен қателік. КСРО-ның социалистік қоғам орнату тәжірибесінде болған төмендегідей жетістіктерді атап өтейік:
– жалпыадамзаттық құндылықтар насихаттауы;
– халықты әлеуметтік қамсыздандыру жүйесі;
– денсаулық сақтау саласындағы жетістіктері;
– халықты 100 пайыз тегін сауаттандыруы;
– әрбір индивидтің қоғамнан тыс қалмауы;
– коммунистік идеологиялық жұмыстың өте жоғары деңгейде жүргізілуі;
– адамзат қоғамының дамуына серпін беретін ғылымды ұйымдастырудың кеңестік тамаша методологиясы;
– БАҚ беттерінде болған сын арқылы билік өкілдерін тезге түсіруі (мысалы, «Ара» журналында сынға іліккен адам ертеңінде-ақ орнымен қош айтыса беретін) және т.б.
Көріп отырғанымыздай, кеңес қоғамында болған кейбір жақсы нәтижелерден бүгінгі таңда айырылып қалып отырмыз. Сондықтан, әлеуметтік әділеттілікті жақтаған марксизм ілімі бізге әлі де қажет. Коммунистік идеяларды оқымай жатып, коммунистер жаман деу ақылға сыймайды. Біз тек социалистік қоғам орнатудың Ресейлік тәжірибесін ғана бастан өткердік. Оның өзі метрополия мен отар арасындағы қарым-қатынасқа негізделіп, коммунистік идеялардың мутацияға ұшыраған формасының диктовкасы ретінде көрініс берді. Сондықтан, марксизмнің озық идеяларын ала отырып, социалистік қоғам құрудың даниялық, швециялық, норвегиялық, канадалық тәжірибесін зерттеуіміз қажет. «Коммунистер жаман болды, сатқын болды», «Социализм қазақ халқына қайғы-қасіреттен басқа ештеңе берген жоқ», «большевиктер геноцид жүргізді» деп, тек біржақты қоғамдық пікір қалыптастыру кімдерге керек?! Әрине, бүгінгі таңда бар байлықты қолына алып отырған және саяси билікке ұмтылушы топтарға қажет. Табиғаттың ешқашан бір түсті болмайтыны сияқты, социализм тарихы да тек сұрқай беттерден тұрмайды…
«Бөлінгенді бөрі жейді» деген халық нақылын өте шебер пайдаланған большевиктердің Орталық билігі патшалық Ресейдің «бөліп ал да билей бер» саясатының заңды мұрагері болғаны рас еді. Өкінішке орай, қолдарында ешқандай билігі жоқ қазақ қайраткерлері Орталықтың отаршыл саясатының құрбанына айналды. Біз үшін, осы тарихи процессті ашып көрсету аса маңызды. Біз бүгін осыны алдымен ұлттың зиялысына, сосын бүкіл халыққа түсіндіруіміз қажет. Сонда ғана, мемлекет басшысы айтқан сынның сырын терең түсініп, тарихи сананың жаңғыруына шынайы жол ашылмақ.
Шілдебай Сәбит Қамытбекұлы,
Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивінің директоры,
тарих ғылымдарының кандидаты