Қазақстан Халық партиясы (ҚХП) орталық кеңсесінде партия төрағасы Ермұхамет Ертісбаевтың басшылығымен саяси бюроның кезектен тыс отырысы өтті.
Басқосуда партиялық тізім бойынша VIII шақырылымдағы Парламент Мәжілісінің депутаттығына сайланған кандидаттарға депутаттық мандат бөлінді.
«Кандидатуралар алқа талдауына түсіп, ұзақ талқыланды», – деді ҚХП төрағасы.
Саяси бюро мүшелері депутаттық топ құрамын жасақтауға қатысты шешім қабылдаған кезде әйелдер мен жастарға және мүмкіндігі шектеулі жандарға бөлінген міндетті квотаны ерекше назарда ұстады.
Нәтижесінде Мәжіліс сайлауына партиялық тізіммен ұсынылған тәжірибелі саясаткерлер Магеррам Магеррамов пен Ирина Смирнова, көпбалалы аналар бірлестігінің жетекшісі Гаухар Танашева, Параолимпиада ойындарының қатысушысы, мүгедек адамдардың құқығын қорғаушы Кенжеғұл Сейтжан және жастар квотасы бойынша Ислам Сұңқар сынды кандидаттар мандатқа ие болды.
ҚР Орталық сайлау комиссиясы жариялаған сайлау қорытындысына сәйкес, Қазақстан Халық партиясы 5 пайыздық межені ойдағыдай еңсеріп, ҚР Парламенті Мәжілісіне өтті.
Сайлауда жинаған дауыс саны бойынша Қазақстан Халық партиясына парламенттен 5 депутаттық мандат тиді.