Алматыда Қазақстан мен Қытай шекара ынтымақтастығының ШШ Достық диалогы өтті.
Шараға Қазақстанның төрт шекара маңы облысы – Абай, Алматы, Жетісу, Шығыс Қазақстан облыстарының және Қытайдың Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданының өкілдері, сондай-ақ екі елдің бизнес-делегациялары қатысды. Атап айтқанда, форумға 150-ден астам қазақстандық кәсіпкер, 20 жетекші Шыңжаң кәсіпкері, Қазақстандағы ірі қытайлық инвестициялық кәсіпорынның 10 өкілі келді.
Достық диалогында Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев өңірдің сауда, логистика, туризм саласындағы әлеуеті жайлы баяндады.
«Алматы облысы әлемнің 100-ге жуық елімен сауда ынтымақтастығын орнатқан. 2022 жылы облыстың экспорт көлемі 142,3 млрд теңгені, ал импорт 1трлн 378,4 млрд теңгені құрады. Соның ішінде Қытаймен 2022 жылғы тауар айналымы 1,9 млрд АҚШ долларына жетті», – деді Марат Сұлтанғазиев.
Облыс әкімінің айтуынша, бүгінгі таңда өңірді дамытудың басым бағыттары экономиканың логистика, туризм, ауыл шаруашылығы, жаңаратын энергия көздері, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс материалдары және фармацевтика салалары.
«Кейінгі бір жылда облысымызға 145,5 мың адам келген. Бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 26% жоғары. Қытайдың қатысуымен 400-ден астам жұмыс орнын қамтитын, жалпы соммасы 94,9 млрд теңгені құрайтын 2 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Ол – «Жетісу Вольфрамы» ЖШС және «QazMetProduct» ЖШС. Қазіргі таңда Қытай тарапының қатысуымен 6 инвестициалық жобаны іске асыру талқыланып жатыр. Атап айтқанда, «TВЕА» компаниясы – жел және күн электр станцияларын салу, «CSI BRANDS Ltd.» компаниясы – керамикалық ыдыстар шығаратын зауыт құрылысы және тағы басқа», – деді өңір басшысы.
Сонымен қатар бұл басқосуда Марат Сұлтанғазиев Қытайдан Орта Азияға логистикалық тасымалдау және жүк ағыны саласында жаңа серпін беретін құрғақ портты құра отырып, Көлжат шекара аймағынан Жетігенге дейін теміржол желісін құру шеңберінде ынтымақтастық орнату мүмкіндігі бар екенін де айтты.
«Осыған орай сіздерді өңірімізге инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға шақырамын», – деді Марат Сұлтанғазиев.
Достық диалогта Премьер-Министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин Ляньюньган портында Қазақстан-Қытай логистикалық терминалымен бірге жүктердің кедергісіз транзиті үшін қажетті база қалыптастырылғанын сөз етті. Қолайлы инфрақұрылымдық жағдай жасау үшін Үрімші мен Алматыда сауда хабын салу жоспарланып отыр. Бұдан басқа Бақты (ҚР) – Шәуешек (ҚХР) автомобиль өткізу бекеті ауданында Қазақстан мен Қытай арасындағы үшінші теміржол өткелі ашылмақ.
Диалог нәтижесінде Алматы облысы мен ШҰАА арасында бауырластық байланыс орнату туралы келісімге қол қойылды.